Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (30-бөлім)

Қобыланды · С. Ділманов нұсқасы · 2 мин оқу

Толғау:

Қобылан атын алдырып,
Жабдықтап ерттеп қарады.
Төс айылын берік тартып,
Шап айылын бос тартып,
Үзеңгісін ұзартып,
Құйысқанын қысқартып,
Бадана көзді ақ сауыт—
Осыны тарта киеді.
Балдағы алтын ай болат
Аждаһаның қанына
Үш қайырып суарған,
Шапшаң тарқар құмардан
Аш беліне іледі.
Иә Алла деп торы атқа,
Ер Қобылан мінеді.
Таң салқыны болғанда,
Шолпан жұлдыз туғанда,
Дауылдың соққан түбіне
Маңдайын түзеп жүреді.
Қырық жігітпен Ерсайым
Батасын беріп жылады.
«Жолың болсын, барғыл!»—деп
Артында шулап қалады.
Тәуекелге бел байлап,
Найзасына ту байлап,
Алдынан жүрді бұл жаудың
Торы атпен батыр ыңғайлап.
Жүрді біраз жеріне
Жүре алмай аты ығады,
Дауылдың қатты лебіне.
Көп жүрдім десе аз жүріп,
Жүргізбей келеді бұл дауыл.
Тас топырақ бораған,
Биік терек, тал-қайың
Солқылдап жерді сабаған.
Ер емес пе Қобылан,
Осыларға шыдаған.
Сарғайды да таң атты,
Қызарды да, күн шықты.
Күн астына қараса,
Сары ала тұлпар астында,
Болат қалқан басында,
Он екі аршын бойы бар,
Кеудесі зор, басы үлкен,
Шойынкөт залым бұл шықты.
Қарасын көріп сонадан,
Тәуекел деп Қобылан
Адам ғой деп әйтеуір,
Не де болса шыдаған.
Найзасын кесе өңгеріп,
Алдына қарсы тұрады.
Келе жатыр Шойынкөт,
Күркіреген күн құсап,
Қараңғы айсыз түн құсап,
Түнеріліп бұлттай.
Тоқсан батпан шой темір
Тақымына салып тұр.
Он екі құлаш ақ найза
Өңгеріп кесе алыпты.
Тұлғасы жаман залымның
Бет алды суық неме екен,
Адамзаттың баласы
Мұндай ірі болар ма.
Кеш шамасы байқаса,
Он саусақтың саласы,
Екі қарыс ені бар
Екі қастың арасы.
Мұрны пештей құлаған,
Екі иықтың арасы
Жеті аршынға мол екен,
Мойны жуан бұғыдай.
Бет алдымен келе жатыр,
Қобыланды көзге ілмей,
Кісі екен деп қарамай,
Өте шықты қасынан.
Ерді көзге ілмеді,
Көзі түсіп көрмеді.
Қайтеді деп бұл шіркін,
Қобылан алдын орады,
Сонда барып қарады.

—Тоқта,—деді Қобылан.
—Тоқтамаймын мен,— деді,
Тауды бұзған кім,—деді,
Сол адамға барамын,
Соны тауып бер!—деді.

Қобылан сонда ақырды,
Қан тегпемін жапырды.
—Тауыңды бұзған мен,—дейді,
Бұзған жанды көргенде,
Не дейін деп ең сен,—дейді.
Ілгері басып жүрмейсің,
Жібермеймін мен,—дейді.

Шойынкөт:

—Тоқтатпа,—дейді,—жолымнан,
Тау бұзу түгіл, тас алу
Келмес,—дейді,—қолыңнан.

Қобылан сонда долданды:
—Аңда, қалмақ, көзіңді аш,
Тауды бұзып дал қылып,
Аудардым деді қара тас.
Күшігіндей қомбайып,
Көзің жерге түспеген,
Тасқындама көңілің бас,
Сендей нешеу өспеген,
Ісігіңді басармын.
Алда тізгін оңғарса,
Қаныңды судай шашармын.
Менменсіген көңіліңді,
Қазір-ақ бәлем басармын.
Ілгері аттап жүріп көр,
Көрсетейін көрімді,
Танытайын өзімді.
—Астам-астам сөйлеме,
Алғырсынып сөзіңді.
Ойынға келіп тұр деме,
Алдыңда тұрған өзімді.
Сөйлемейсің жасыған,
Тау бұзу келмес қолыңнан
Бастығың кім тау бұзған,
Жасырма маған сырыңды айт.
Шын сырыңды айтпасаң,
Бір ұрғаннан қалмассың,
Жатарсың тасты жастана,
Қобылан сондай сөйлейді:
—Е, Шойынкөт, сенбісің,
Тауды баққан жасыңнан?
Сенен қорқып жасыған,
Мен сырымды жасырман,
Сендей сасық қолдардың
Аяғына бас ұрған.
Менің атым—Қобылан,
Ұрыссам жауды қашырған.
Сендейдің көрдім талайын,
Кеудесі зор кеуектің
Қанын судай сапырған.
Ұрысам десең тез қамдан,
Іздегенім сен дейді,
Қан шиді қайтпан жол-жолдан.

Тағы оқыңыз