Қобыланды батыр (48-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу
Халқына бұл сөзді тапсырып,
Қадірін жұртқа асырып,
Жабдықтайды дөненді,
Торғынға өзін бөледі.
«Батырды қарсы алам,—деп,
Алдынан қарсы барам»,—деп,
Дөңгелентіп жөнелді.
Қасқарлық тауға шығады,
Көз салса шаңы шұбады.
Жеккені арба күймелі,
Аузын жапқан түймелі.
Қарсы шығып алдынан
Атынан түсіп Құртқажан,
Қол қусырып сөйледі.
Құртқаның көңілі тоқталып,
Шиыршық атып шоқталып,
Көңілі тасып шаттанып:
—Екі саулық, бір қозы
Баhар айда қырқарым.
Құтты болсын жолдасың,
Жұрт иесі сұлтаным,
Жолыңа сенің құрмандық,
Сұлтаным, менің бір жаным!
Осы емес пе еді сіздерден
Тілеген менің іңкәрім.
Жолыңа болдым құрмандық,
Халық иесі сұңқарым!
Құртқадан бұл сөзді естіп,
Қарлыға келді қасына,
Бетін жуып жасына.
Сүйді Құртқа көзінен,
Жасын сүртіп жеңімен:
«Неше жылдай зарығып,
Мақсұтқа жеткен налығып,
Енді жылап, жасыма.
Зарыққан жетер мұратқа,
Деген бір сөз осы да!»
Қанікей мен Тінікей
О да келіп көрісіп,
Құртқа сынды досына.
Қараманды бас қылып,
Жағалай жүріп көріскен
Екі жүздей қосынға.
Үш батырдың алдында,
Сөз бастайды Қарлыға:
—Уа, құрметті апажан,
Сіздей болып жалғанға
Келе бермес дана адам.
Еріме ортақ болдың деп,
Тұғырыма қоңдың деп,
Қайтер ем алсаң жағадан.
Құрмет етіп қарсы алып,
Жиылған көпке жол салып,
Көрсетіп ерлік манадан.
Осы көптің алдында,
Менің де берер уағдам.
Сөзіңді сыйлап өтермін
Келгенінше шамадан.
Бұл сөзіме құлақ сал,
Үш тілегім және бар
Айтайын сізге жаңадан,
Қабыл етсең өзімді,
Ауыздан шыққан сөзімді,
Әуелгі тілек—жек көрме,
Еріме ортақ болдың деп,
«Олжалап алып келген» деп,
Көңіліңе алып кек көрме.
Екінші менің тілегім—
Жарылғандай жүрегім,
Әйелдің пірі—төресің,
Сөзіме айтқан сенесің.
Бауырыма саласың,
Бөкенжанды бересің.
Үшінші тілек—көңілімде,
Кеңітсе Құдай өңірімді
Өз бауырыңа саларсың,
Қабыл етіп аларсың.
Етсең қабыл бәрін де,
Үш батырдың алдында,
Бергенім саған өмірімді,
Көтергенің көңілімді!
Сонда Құртқа сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Бүгін емес мен қашан,
Қабыл еткем өзіңді,
Айтпаймын көріп көзіңді.
Алдыңнан шығып мен тұрмын,
Бәйгеге тігіп өзімді.
Салған қолқаң сол болса,
Еткенім қабыл сөзіңді.
Менікі емес, сенікі—
Халықтың Бөкен баласы,
Асқар таудай панасы.
Артықша туған тұлғалы,
Жауына қатты айбары,
Халқына жүзі жайдары,
Қырандайын қырағым
Сал бауырыңа, шырағым!
Болсын қабыл мұрадың,
Мейрімді ана иіңіз,
«Бөбегім» деп сүйіңіз.
Атың шығып әйгіге,
Жолына болып құрбандық,
Тігемін басты бәйгеге!
Халық тыңдап бұл сөзін,
Риза болып бәрі де,
Үлкен-кіші, кәрі де.
Қонағын бастап қыз Құртқа,
Ертіп келіп ауылға,
Алпыс орда тігілген
Қараспан таудың баурына.
Жібектен арқан тарттырған,
Күмістен қазық қақтырған,
Қозғалмастай дауылға.
Жетпіс шатыр құрылған,
Жиылған халық, қауымға.
Бөкенбай келіп жылқыдан,
Бес жүз бие байлатып,
Қонақасы тойға деп,
Семізін қоса айдатып.
Жарқылдатып пышағын,
Союшылар қайратып,
Күннен басқа көрмеген,
Желден басқа мінбеген.
Асауларды тулатып,
Қара қазан бүлкілдеп,
Көбігіменен майлатып.
Қонақ үйдің бәрі де,
Жайған кілем жайнатып.
Жыршы, жырау бір бөлек,
Домбыраны ойнатып.
Бір Құртқаның ақылы
Қойған бәрін сайлатып.
Еліне сауын айтылған,
Сабалап қымыз артылған.
Бүтін қыпшақ жиылып,
Шаралы қымыз құйылып,
Қонағын келген түсіріп,
Қонақасын ішіріп,
Көңілдерін жайлатып,
Мерекелі ойын қып,
Тамашалы тойын ғып,
Тарту тартып тоғыздан,
Елге тегіс жиғызған.
Ырза қылып таратып,
Жұртты аузына қаратып,
«Немді аяйын жалғыздан!»
Жиылған халық Құртқаның
Ерлігін айтып мақтады.
Шешініп бір күн жатпады,
Қараман қашан қайтқанша
Ерлігін сүйтіп ақтады.
Халқына асып беделі,
Қараман, Орақ қоштасып,
Олар да қайтып жөнелді,
Қарағай найза жебелі
Ерген әскер қосынмен.
Қобыланды, Құртқа, Қарлыға
Көк пәуеске күймесін,
Күйменің іліп түймесін.
Қарлыға сұлу көреді
Дәуірдің тәтті жемісін.
Қарлыға, Құртқа көрсетіп,
Қалың қыпшақ еліне
Татулықтың белгісін,
Мақсатқа жеткен осылай
Елге жайып үлгісін.
Аяғы мұның әлі бар,
Қарлығадан ұл туар,
Ұлының аты—Киікбай,
Талабы таудай биікті-ай.
Киікбай атқа мінгенде,
Көп қыпшаққа күн туар,
Қызылбасқа түн туар.
Бұл өзі бөлек бір қисса—
«Киікбайдай батырың».
Тоқтаттым бұлай ақырын,
Сөйлесе сөздің жүйесін
Келтірер біздей ақының.