Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (9-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу

Сапарыңнан келгенше,
Аман-есен көргенше,
Мен көкемді тапсырдым—
Он сегіз мың ғаламның
Падишасы жалғыз Хақ!
Көп қайырың тиеді,
Еліңде қоңсы-сыбайға.
Көз салмадың, жан көке,
Егіз туған жұбайға.
Адалдан жиған малыңды
Залымдарға тапсырып,
Осының, көке, ұнай ма?
Көкем есен келгенше,
Ата-анасын көргенше,
Жалғызымды тапсырдым
Бір жаратқан Құдайға!
Қарлығаш айтып болғансын
Құртқа келіп не деді!?
Ел жайлаған еп еді,
Зарлы-мұңды көп еді,
Жалғыз ұлдан айрылып,
Кемпір мен шал жүдеді.
Бұлаңдап келіп жанаса,
Енді Қобылан сұлтанға
Сұлу Құртқа сөйлейді:
Иіруі жоқ күмісім,
Жасаған қосқан білісім,
Ойыным менен күлісім.
Сұлтанымның барында
Кеңейді менің өрісім.
Алтыннан соққан кебісім,
Көріп едім тіріде
Жеті жұмақ пейісін.
Һауыз, кәусәр суы бар,
Пейіш бағынан жейді екен,
Шетінен тістеп жемісін.
Арыстаным аман бол,
Осы барған сапардан
Қиын болар келісің.
Жылқы ішінде аласың,
Қылшық жүнді қарасың.
Ағаң, інің сенің жоқ,
Жеке туған дарасың.
Атам менен енемнің
Дүние, безіп, малынан,
Тірідей безіп жанынан,
Тілеп алған баласың.
Сүйткен бала тастар ма,
Атасы менен анасын?!
Сұлтаным, сізді мегзеймін
Тоқтамасқа шамасын.
Кетер болсаң, сұлтаным,
Енекемнің еміп кет
Төсінде екі мамасын.
Сабындаса ағармас,
Іштен туған қарасың.
Құдай қисық жаратты
Кімнің тілін аласың?!
Өз дегенің болмаса,
Жөнге көнбес баласың!
Дін білмеген дұшпанға
Жалғыз кетіп барасың.
Қош, сұлтаным, аман бол,
Әлде қандай боласың?
Асқар төбе бел дерсің,
Тайбурыл атпен желерсің.
Жақсы-жаман жесең де,
Қадірін Құртқаның білерсің.
Құртқаның сөзіне сенерсің,
Кешегі кеткен қияттан
Он екі күн бұрын барарсың.
Қазан салған қос қала,
Қырлы қала, Сырлы деп,
Сырлысын бұрын аларсың.
Жалғаса біткен жанында
Қасқарлық деген тауы бар
Басына оның шығарсың.
Атыңды көкке қаратып,
Кіндігінен жаратып,
Жата бергін, сұлтаным.
Қараман атты құрдасың
Қазанның Қырлы қаласын
Аламын деп ала алмас.
Алты қабат орынан
Қарғытып ішке ене алмас.

Қақпаның аузын аша алмас,
Қайраты жетіп таса алмас.
Тауда жатқан өзіңе
Қараман келер құрдасың,
Қатын деп кеткен сөзіне
Бетіне сонда соғарсың.
Асқар таудың белдігі,
Аздың бар ма теңдігі,
Құрдастың бар ма елдігі.
Астыңдағы бурылдың
Көбіктінің екі аты
Үйіріне қарай қашқанда,
Сол уақытта көрінер
Қырық үш күндік кемдігі.
Асқар тауды бел дерсің,
Тайбурыл атпен желерсің,
Жақсы-жаман десең де,
Қадірін Құртқаның білерсің.
Тоқсанға келген атамның
Бұтында жоқ ыстаны,
Тізесіне тон жетпей
Қара табан болып жүргенде
Қызылбастың елінде
Сұлтаным, сонда келерсің.
Алпысқа келген енемнің
Арқан есіп, жүн түтіп,
Қайғыменен қан жұтып,
Құрт қайнатып жүргенде,
Сұлтаным, сонда келерсің.
Қарындасың Бикешжан,
Әбдестесі жанында,
Бес кесесі қолында,
Дастарқаны қарында,
Белдемшесі белінде,
Қызылбастың елінде,
Шай қайнатып жүргенде,
Сұлтаным, сонда келерсің!

Көк етіктің мықтысы,
Күзгі жердің шықтысы,
Сенен қалған мен сорды
Бір дұшпанның мықтысы
Аламын деп тұрғанда,
Қараңғы үйге салғанда,
Көңілге қайғы толғанда,
Сұлтаным, сонда келерсің!
Мінген атың ақтабан,
Айтулы едің мақтаған.
Құданың ісі көп шығар
Өлмегенге сақтаған.
Алла қосып, сұлтаным,
Сапарландың талапқа
Қош-аман бол, Алла жар!
Жалғызымды тапсырдым
Құданың досты пайғамбар!
Мерген байлап оқ атар
Ұшқан көлдің қуына,
Иманды құл жолығар
Хауызы Кәусар суына.
Бұл дүниада елмесең,
Құртқам, сірә, демесең.
Қазаң жетіп бұл жолдан
Хаққа дүзеп бетіңді,
Арыстаным, жөнелсең,
Жұптым бар деп еске алсаң,
Сұлтаным, сонда бір ізде—
Табысайық мақшарда,
Пайғамбар тіккен туында.
Бейшара болған Аналық
Баласына жете алмай,
Үйіне қайтып кете алмай,
Жапанда тұрып зарлады.
Сол уақыттар болғанда
Шешесі келіп жылады,
Қобыландыны құшақтап,
Көздің жасын бұлады.

Тағы оқыңыз