Қобыланды батыр (16-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Әуелі тәуір сөйлесіп,
Артынан шайтан жабысты.
Шайтан емей немене,
Ырғай сапты сүңгімен
Ырғай, ырғай салысты,
Қылыштасып екеуі
Қарсыласып шабысты.
Итерісіп тұрысты,
Ат тізесін бүгісті,
Бүге, бүге тұрысты.
Тебінгіге тер қатып,
Қақырғаны қан татып,
Түкіргені жын татып,
Қанжарменен қармасты,
Семсерменен серместі.
Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып.
Диқан еккен егін-ді,
Есен алса тегін-ді.
Қан қабақтан төгілді,
Ерлер жаннан түңілді.
Аш күзендей бүгілді,
Екеуінің ақ сауыт
Шығыршықтан сөгілді.
Сол уақыттар болғанда,
Артық туған Қобыланды
Найзасын ырғап ендірді.
Қазанды аттан төндірді,
Ат көтіне міндірді.
Ту жығылар айшықты,
Ақ денеден қан шықты,
Суырып алды, жан шықты.
Ұлы сәске болғанда,
Ортасында қаланың
Тысқы қала ішінде,
Ішкі қала тысында
Ер Қазанның аузына
Қобыландыдай батырың
Толтырады балшықты.
Қазан аттан құлады,
Көріп елі шулады.
Шәрі байтақ жұртына
Тегіс хабар салады,
Өлігін жиып алады.
Шілдедегі бір айда
Көктен түскен самал-ды,
Тура келген ажалға
Кім табады амалды?!
Өлген құлдың басынан
Өткізеді заманды.
Қырық мың атты қызылбас
Алдында қойдай қамалды.
Қамалмасқа бола ма,
Кез қылды құдай қабанды.
Қабанның ойыны жаман-ды,
Қырық мың атты қызылбасқа
Тұтам қылды заманды,
Тоқтата алмай табанды.
Барайын десе бата алмай,
Дарбазадан өте алмай,
Қалаға қайтып кете алмай,
Ортөбеде топтанып,
Шиыршық атып шоқтанып,
Қолына бір-бір оқты алып,
Көптігіне мақтанып,
Қазан ханы өлгесін,
Жекпе-жектен тоқталып,
Бірте-бірте жиналды.
Жауды көрген мезгілде
Арыстан туған Қобыланды
Жан-жаққа көзін салады.
Қырық мың атты қызылбас
Жалғыздығын білгесін,
Қобыланды сында баланы
Самсап тұрған көп кәпір
Енді ортаға алады,
Тұрған жерде қамады.
Артық туған Қобыланды
Жалғыздығын білген соң,
Толып жатқан кәпірдің
Қамағанын көрген соң,
Жалғыздықтан жабығып,
Бір тәңірге жылады.
Жалғыздық түсіп есіне,
«Қараман көмек бере алмады,
Келген екен несіне?»
Алланы айтып жағалап,
Пайғамбарды паналап,
Сонда тұрып сөйлейді:
—Өзі болат, өзі өткір
Бұрынғы ердің найзасы,
Бақ қараған бенденің
Басында болар һайласы,
Алды-артымда таяу жоқ,
Қараспан толған көп елдің
Қайда бір маған пайдасы?!
Мініп шықтым елімнен
Жолдасым Бурыл дөненді,
Көкке тойған көбеңді.
Қызылбас қашып мен қалсам,
Ерлігімді кім айтар
Қараспанды жайлаған
Қалың қыпшақ елдерге?!
Мал саттым базар бөзіне,
Салсаң жылқы тоқтайды
Арқаның бөрікөзіне,
Сал құлақты сөзіме.
Жар болғай Алла өзіме,
Шыбын жаным көрінді,
Бүгін менің көзіме.
Жасаған жалғыз, мен жалғыз,
Кәміл пірлер, құлақ сал
Ауыздан шыққан сөзіме.
Бұл дұшманның қолында
Жазым болып мен түссем,
Бір найзадан қан құссам,
Қаза жетіп мен өлсем,
Үстімдегі ақ сауыт,
Астымдағы Тайбурыл
Жалғызыңның исі деп,
Кім көрсетер апарып,
Кемпір, шалдың көзіне?
Бурылға жаптым көк мауыт,
Сыйынған пірім Қамбар, Дәуіт.
Шабамын жауға ауыт-ауыт,
Бүгін қанға боялсын
Балғаң тиген ақ сауыт,
Беркітіп соққан ақ Дәуіт.
Мұсылман өлсе, дауа—қан,
Жауды көріп қызды арқам,
Қашар ма жаудан мен—салқам?!