Қобыланды батыр (40-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Базардан келген қасық-ты,
Бурылға жүген, ерді алып,
Ер салғанша асықты.
Арыстан туған батырың
Қайрат қылар демейді
Қызылбас дінсіз жасықты.
Құралын ердің даярлап,
Құртқа сынды сұлуың
Жүгіре аяқ басыпты.
Бурылы қолға тигесін,
Қару-жарақ кигесін.
Кәміл пір медет бергесін,
Батырым судай тасыпты.
Елге шапқан қызылбас,
Батырдың қорқып зәрінен
Жылысып тауға қашыпты.
Осы келген қызылбас
Жая десең, жал екен,
Шекер десең, бал екен,
О да өз жұртында нар екен.
Жаңа емес басында
Ескі кегі бар екен.
Қызылбасқа жан тартқан,
Қазақ десе оқ атқан,
Қабағына қар қатқан,
Кірпігіне мұз қатқан,
Қызылбастың жұртында
Көбіктінің жиені
Шошай дейтін хан екен.
Өз әскерін шақырып,
Қаhармандай ақырып,
Сонда Шошай сөйлейді,
Сөйлегендей бүй дейді:
—Жүк көтерер қара нар,
Жалаңаш Қобыланды жатқанда
Қатынының қойнында—
Өлтіруге маған ар.
Келіңдер бері, киінсін,
Алдын-артын жиынсын,
Әруағына сыйынсын.
Айбатыма шыдамай,
Үрейі ұшып күйінсін!
Хан айтқасын бұл сөзді,
Қызылбастың әскері
Екпіндеп елді басқанмен
Тау түбіне тоқталды,
Шиыршық атып шоқталды.
Көптігіне мақтанды,
Қолына бір-бір оқ алды,
Атуға мерген жақты алды.
Арыстан туған Қобыланды
Бурылға мініп алады.
Ақырып айғай салады,
Бурыл атты ойнатып,
Алдына дабыл қағады.
«Қызылбас, шыққыл жекең!»—деп,
Қасына жетіп барады.
Қызылбастың Шошай хан:
«Алды-артымды жияйын»,—деп
Қобыландыдай батырдан
Үш күн пұрсат сұрады.
«Арманда қалдым демең»,—деп
Бұл сөзін қабыл қылады.
Тұра тұрсын бұл сөзім
Сол уақыттар болғанда
Қалың шаңды көргесін,
Жау келгенін білгесін,
Батырдың дауысын есітіп
Өлейін десе, жан тәтті,
Кірейін десе, көр қатты,
Адамнан озған сымбатты,
Сөйлеген сөзі бал тәтті,
Жеті жыл толық толғанша
Тауда жалғыз бұл жатты.
Жалғыздықтан тарығып,
Күдерін үзіп Қобыланнан
Ертелі-кеш зар қақты.
Басынан бағы тайғасын,
Болғанмен қанша ардақты
Ақмоншақ атпен Қарлыға,
Жетіп келді—көк атты.
Қарлығаның соңынан,
Бұл да қалмай шаңынан,
Қалың шуды көргесін,
Жау екенін білгесін,
Батырдың даусын есітіп,
Мінген аты көк бесті—
Ақмоншақ аттың інісін
Ор қояндай сырғытып,
Сейілдің ұлы Қараман
О да келді соңынан.
Батырға бұл да қосылды.
Келеді деген бұларды
Жоқ еді тіпті есінде.
Қараманның артынан,
Бұ да бір қалмай салтынан,
Ағар таудың бұлағы,
Ертемен тұрып тәңертең,
Дәрет алып жүргенде,
Дауыс пенен тозаңды
Қарындасы Қарлығаш
Естіген екен құлағы.
«Көкемнің даусы келді,—деп,
Бір нәрсе оған болды»,—деп,
Шыдатпайды Орақты,
Қарлығаштай кемеңгер
Бірге туған шырағы,
Жақынның болмас жырағы.
«Тезірек баршы, батырым,
Көкем мен сенің жолыңа
Мен бір құрбан ылағы!»
Күрең атты даярлап,
Беліне терлік салады,
Батырды қолдап мінгізіп,
Көлденеңдеп тұрады.
Жіңішке жирен атпенен
Орақ та жетіп барады.
Ер Орақтың соңынан
Бөлінбеген ұйқыдан,
Жыртылмаған құлпыдан,
Батырдың даусын есітіп,
Қалың шаңды көргесін,
Жау екенін білгесін,
Өзі алты жасында,
Сусар бөркі басында,
Өкім құла ат астында,
Естеміс ер бар қасында,
Қабағы тастай түйіліп,
Ақ сұңқар құстай шүйіліп,
Ойыны күшті арыстан—
Алты жасар Бөкенбай
О да келді жылқыдан.
Бөкенбайдың соңынан
Тоқпақ жалды тор атпен,
Қайың құрық қарында,
Бар қаруы бойында,
Естеміс келді соңынан,
Алам деп жаудың жолынан.
Алтауы бірге қосылды,
Ақ бөкендей жосылды,
Алтауы тұрды кеңесіп,
Басын қосып бесінде.
Жалғызбын деген батырың
Еркінше шауып көсілді.