Қобыланды батыр (15-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Мысық құлақ мылтық мойнында,
Қара сукар қойнында.
Бәйгеден келген дөнені,
Бұл шаһбаздың гөзелі.
Талай батыр ұмтылған
Иінінде алтын меделі.
Қаланың аузын қандатып,
Салдатын жаяу андатып,
Қызылбас болып қол алып,
Қобыландыға жол алып,
Сәске мезгіл болғанда
Қырық мың әскер қол шықты.
Қазан ханы бас болып,
Он кісіден қос болып.
Арқада бар бөрікөз,
Жақсыда бар тәуір сөз.
Қолды бастап шығарып,
Қазан сынды батырың
Қобыландыға келді кез.
Өзі жеке келгесін,
Қайыспасын білгесін,
Басын тартып қара аттың,
Қобыландыдай батырға
Бір-екі ауыз айтты сөз:
—Ала бір таудың қырғызы,
Кигенің ала қырмызы,
Ат саурысы тасыпты.
Көп шабысты көргендей
Атыңның жалы жатыпты.
Алыс жолдан келгендей
Қабақа қаның қатыпты.
Түн ұйқыңды бөлгендей,
Қай шәріге барасың?
Қай орынға қонасың,
Бурыл атты, жас қазақ,
Кімнің ұлы боласың?
Атаңды сұрасам, кім деймін,
Анаңды сұрасам, кім деймін?
Батыр Қазан мен деймін,
Шын сөзіңмен кел деймін.
Қалжың сөзге көнбеймін,
Ашуыма жолықпай
Үстіңдегі ақ сауыт,
Астыңдағы Бурыл ат,
Қол тигізбей бер деймін!
Сонда Қобылан сөйлейді:
—Бұл жіберіп шығып ем,
Базарда алтын қасыққа.
Ат беруге арланам
Сендей дінсіз жасыққа.
Ат алуын қаша ма,
Дем алғанша асықпа.
Келмей жатып ат бер деп,
Қызылбас неден есірді?!
Қызылбас қызы сұлу деп,
Сүйерміз деп келіп ек,
Бұл сапарда жесірді.
Шыдамасаң бері кел,
Көрсетейін кесірді.
/Арқа деген жайларда,
Атан жығар жел болса
Үйді дауыл, жел алмас.
Үйде сұңқар құс болса,
Маңына қарға келе алмас.
Жауға шабар ер жігіт
Жаманнан ақыл сұрамас.
Іздегенім—қызылбас,
Беруші еді әр жерде
Ат пен тонын сендей нас.
Атасы жаман атасыз,
Атамды сұрап нетесіз?!
Атаңыз бар-ды жетесіз,
Анасы жаман, анасыз,
Анамды сұрап не етесіз?!
Анаң сенің некесіз,
Некесін сұрап не етесіз?!
Алланың күні белгісіз.
Ашулансам боларсың
Әр кез жарық көргісіз.
Өзіңнің соққан қақпаңнан
Зар қылармын жүргісіз.
Қазан деген ерсің сен,
Жөн білмеген серсің сен.
Көзіңді сал ойныма,
Қылыш тиер мойныңа,
Қан сорғалар қойныңа,
Атаңа нәлет, ит Қазан,
Басылмаған есерсің.
Патшадан киген қамқаңды
Қан қылмай-ақ шешерсің.
Асқар төбе белсің сен,
Қызылбас деген елсің сен,
Арақ ішіп, нан жесең,
Қала ішінде ерсің сен.
Көкірегіңді басайын,
Желденіп көңілің келсең сен.
Қарақасқа тұлпардың
Сауырынан түсерсің!
Мойныңнан аққан қызыл қан
Шамаң келсе, ішерсің.
Жауға шабар ер жігіт
Жаманнан ақыл сұрамас.
Екпініме қарасаң,
Жаңбырлы қардай аралас.
Мұсылманның баласы
Өзім өлмей қор болмас.
Қылышпенен өлтірсем,
Қиқаладың дерсің сен.
Найзаменен өлтірсем,
Миқаладың дерсің сен.
Садақпенен өлтірсем,
Ғапыл қалдым дерсің сен.
Мылтықпенен мен атсам
Жазым қалдым дерсің сен.
Мінген атың құла ғой,
Сен үлкен де, мен—кіші,
Кезегіңді ала ғой.
Сендер көп те, мен—жалғыз,
Қолыңа келді бір бала,
Білгеніңді қыла ғой,
Бір баланы кемсінсең!
Қобыланды бұл сөзді айтқасын
Қазан сынды батырың
Дабыл тастап алдынан
Ақ сауытын киінді,
Әруағына сиынды.
Жайықтың бойы қамыс-ты,
Бермеймін деп намысты,
Батырлар қылды намысты.