Қобыландының Темірланды жеңуі (2-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу
Осылай Сарыарқаны қоныс қылған,
Қол жиып ноғайлымен ұрыс қылған.
Ноғайлы елін жиып қарсыласып,
Шыдамай қозғап иен ығыстырған.
Дірілдеп дабылынан жер қозғалып,
Халыққа ауырмалық бір іс болған.
Жарылып бет-бетімен кеткен қазақ,
Жас бала, кемпір-шалдар тартып азап.
Әл кетіп талайлары дүние салды,
Құтылып ел шетіне жеткені аз-ақ.
Бар шығар естігеннің құлағында,
Біле алмай қайда кетіп барарын да,
«Ақтабан-шұбырынды» деген сөздер
Әркімнің болу керек хабарында.
Бөлінді, бір бөлек ел кейін қалған,
Жетсек деп Қобыландыға қылып арман.
Шұбырып елсіз, сусыз иен далада
Талай жан құм жамылып, жолда қалған.
Қалың ел елден ерек қор болды ғой,
Алды-арты—бәрі қамау тор болды ғой.
Тас кесіп табандарын талайлардың,
Жылаған көздің жасы көл болды ғой.
Шұбырып кете берген тартып азап,
Жете алмай айлық алыс жерлері ұзақ.
Жау басып мал-мүліктің бәрі қалды,
Өмірде көрмегенді көрді қазақ.
Жерде—шөп, қолдарына түскендерін,
Келеді табылғанын қылып азық.
Қарамай ата—ұлына, балаға—ана,
Біреуін бірі таппай тартып азап.
Құлады ел шетіне алды келіп,
Қайғырды ел жақсысы мұны көріп.
Сөздерін көңілдегі айта алмайды,
Жаулары келгендей боп соңына еріп.
Әл кетіп, естен танған тозып шөлде,
Жылайды өз бастарын ұрып жерге.
Сұрайды бәрін қойып жалғыз арман—
«Жеткіз,—деп,—енді бізді Қобыланды ерге».
Бірі жылап, біреуі естен танып,
Шуылдап, құр жылайды келген халық.
Қара бұлт, қараңғы түн тарағандай,
Бір көріп, батырына жетсе барып.
Қара бұлт, қараңғы түн елді басқан,
Сапырып қанды көбік қанды құсқан.
«Батырды көріп өлсек өкінбес ек,
Көп жұртты жеткізбеді ажал дұшпан».
Бәрі де қойдай шулап, маңырап жатыр,
«Батырдың жолын айт»,—деп көп сұрасқан.
Ел тыңдап, ерін сыйлап, мінгізді атқа,
Қиын ғой ел намысы азаматқа.
Ел болып келген елді алып кеткен
Жеткізіп, киіндіріп ішер асқа.
«Батырды көріп өлсек, арман жоқ»,—деп,
Халықтың тілегі жоқ бұдан басқа.
Қалдырып босқын елді ел шетіне,
Он кісі ат қояды батыр жасқа.
Күңіреніп ен далада қозғалды жер,
Батырға жетеміз деп аттанды ел.
Бас болып бір топ адам ертіп келді,
Бәрін де кетті кернеп бір үлкен бейіл.
Батырды кезек-кезек құшақтайды,
Көз жасы келгендердің болды сейіл.
Қобыланды қарсы алады келгендерін,
Біледі бір сұмдықпен бүлгендерін.
Толғанды топ алдында қайрат беріп,
Сұрланып сөз сұрады көргендерін.
Түнеріп қабағынан ұшты мұздақ,
Халықтың бүлгеніне белі сыздап.
Ел бүлді, ел қырылды деген кезде,
Құбылып көк болаттай кетті мұздап.
Отырды ортасында келген көптің,
Сұрады «жайы қалай болған кептің?»
Шуылдап халық бастап сөйлегенде—
Қан толып, қайғы басқан көкіректерін,
Орнында отыра алмай қозғалады,
Халқына тозып келген беріп екпін.
Азырақ мауқын басып, есін жиып,
Сөйледі сонда біреу келген көптен:
—Уа, батырым, арыстан,
Атыңды естіп алыстан,
Ер шыдай ма намыстан?!
Кең Арқаны жайлаған,
Көгіне бие байлаған,
Көлінде балық ойнаған
Уа, айрылды халқың қоныстан!
Қара қарға секілді,
Көк қалпақты, кекілді—
Ауып келген шығыстан.
Ел басына күн туып,
Күні батып, түн туып,
Айрылды халқың туыстан.
Қара ағаштай қалың қол,
Елді басып салды жол,
Тоғайдың бойы солқылдап,
Найза, қылыш жарқылдап,
Орал мен Ордың арасы
Он екі өзен арнасы—
Жайлауын қазақ баласы
Қалың жау алды ту алған,
Туды қанға суарған.
Түстері суық жыланнан,
Қанды көрсе қуанған,
Елді талап шу қылған,
Күн шығыстан шұбырған,
Жүрген жерін қуырған,
Қазақ десе жын ұрған,
Қынаптан қылыш суырған,
Қалмақтың ханы Темірлан
Бетіне келмей ешбір жан,
Ел бүлінді, жарылды,
Заманасы қағынды,
Шаңырағы отқа жағылды,
Қарсыласып талай ер,
Қылыш, найза шабылды.
Жау бетінде тұра алмай,
Жиылып басын құра алмай,
Жас келіншек, жас қыздар
Жау қолында қалынды.
Ел сүйгені—арулар
Ат көтіне салынды.
Атыңды атап ел жылап,
Бір көруге сағынды!
Ел үшін туған ер едің,
Ел сүйенген бел едің,
Болмас еді арман делінді,
Батырға жетіп өлсек деп,
Батырды тірі көрсек деп.
Бергі шет ел бүлінді,
Арғы шеті еліңнің
Тасқа кіріп тығылды,
Табаны тасқа тілінді.
Жас баласы, сәбиі
Найза ұшына ілінді.
Босқан халық шұбырып,
Жолда қалды бүлініп.
Халден тайған бүгіліп,
Кебіні жоқ, көрі жоқ.
Құмға беті көміліп,
Еліңнің қалды шетінде,
Еш сиқы жоқ бетінде.
Келіп отыр қалғаны,
Жақсылық сізден болар деп—
Көңілдегі арманы.
Таңдайы қатып, құм кешіп,
Атыңды айтып үн қосып,
Келді құрып дәрмені,
Халықтың, міне, көргені.