Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (28-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 4 мин оқу

Қуыстау жерден жөткенде,
Мүйістеу жерге жеткенде,
Жылқыда құмай аланы,
Атадан дақ дараны,
Күнде қойға барғанда,
Жоқтаушы еді Тоқтарбай
«Жалғызым!»—деп баланы.
Қойға бара жатқанда,
«Уа, қозым!»—деп зарлаған,
Жас қозыдай маңыраған,
Саулы інгендей аңыраған,
Тоқтарбайдың дауысы
Сыртта жүрген батырдың
Құлағын жарып барады.
Қалайша жоқтар екен?—деп,
Құлағын батыр салады.

Келелі түйем ішінде
Қайырлы Бураға ұсаған
Қайырлы туған Қобылан,
Ботам, сенен айрылдым.
Алалы жылқы ішінде
Көзге түсер тұлпардай,
Тұяғы бүтін сұңқардай,
Құлыным, сенен айрылдым.
Ай мүйізді қошқардай
Тілеп алған, жалғызым,
Қозым, сенен айрылдым.
Көл айнала шаңдатқан,
Байламаса, тынбаған,
Көк ала бұқаға ұсаған
Мен бұзаудан айрылдым.
Ішіме толған көп қайғы
Аһ ұрсам да кетпейді,
Дұшпанның берген тері тон
Тіземе тартсам жетпейді,
Ал десем де тәңірге
Өлшеулі күнім бітпейді.
Жалғызым барда көңілім тоқ,
Құлынымнан айрылып
Табаныма тиді шоқ!
Басымнан өтті дүние боқ,
Бұл қорлықты көргенше
Тигені артық ажал-оқ!
Айы біткен айда өлер,
Күні біткен күнде өлер,
Жалғызым! деп зарласам
Сүйексіз тілім дөңгелер!
Жалғызымнан айрылып,
Көрген күнім беп-бекер.
Атаңа, нәлет, Алшағыр,
Көрсеттің ғой өкімді!
Жалғызым тірі бір келер,
Асықпай тұр, қызылбас,
Сыбағаңды сол берер!
Опасыз дүние сырғанақ,
Он үш жасар Қобыланды
Шынымен сенен айрылсам,
Жалғызым, тезірек келмесең,
Өтірік емес құдайдың,
Шыныменен мені ұрғаны-ақ!
Дұшманға пенде болғанша,
Бұл бейнетті көргенше,
Жалғызымның артынан
Неге өлмедім мен шұнақ!
Қорлық берді бұл дұшман
Тоқсанға келген жасымда,
Пенде болып кәпірге,
Қойын бақтым мен пақыр.
Жалғызым менің келер ме,
Пірлерден тиіп бір қабар,
Тайбурыл атпен желер ме.
Соры қайнаған мен сордың
Жаратқан жаппар құдайым
Көзімнің жасын көрер ме?!
Жә болмаса, сол жақта
Қазасы жетіп өлер ме.
Жә болмаса жарылқап,
Тірі болса жалғызым
Пірлері хабар берер ме?!
Жә болмаса, құдай-ай,
Менің мұндай жайымды,
Көңілге түскен уайымды,
Жалғызым менің білер ме?!

Сол уақыттар болғанда,
Қозы Көрпеш-Баяндай,
Өлім хақтан аянды-ай,
Алпыста шешесі Аналық
Ұйқысын ашып оянды-ай,
Аналық сонда сөйлейді:
«Тоғайдан қудым көжекті,
Қырдан тердім тезекті.
Жалғызымды жоқтаймын,
Шаршағанда тоқтаймын,
Жан қосағым, Тоқтар шал,
Берші маған кезекті!
Көп жылама, серігім,
Иіруі жоқ күмісім,
Ойыным менен күлісім,
Жасаған қосқан білісім!
Жалғызымның барында
Кеңіп еді өрісім.
Алтыннан еді кебісім,
Көріп едім тіріде
Жеті жұмақ бейісін!
Бейіс барған жейді екен
Қауызы Кәусар суының
Шетінен тістеп жемісін.
Ай мүйізді қошқардай,
Омар менен Оспанға
Ризамын құдайға
Жасаған сені қосқанға-ай!
Жұмылған көзімді ашқандай,
Ішіміз толды пұшманға-ай,
Жалғызымнан айрылып,
Бәнде болдым дұшманға-ай.
Пайғамбар—тәңірі жолдасы,
Кәпірдің өтті бұл ісі.
Жан қосағым, Тоқтарбай,
Көзіңді салшы аспанға-ай.
Пайғамбар—Құда білісі,
Кәпірдің өтті бұл ісі.
Бүгінгі түн түсімде
Түн ортасы болғанда
Құбыла жақтан жел соқты.
Жаңылмасам деп едім
Жалғызымның астында
Тайбурыл аттың желісін.
Шырағым асты белеңнен,
Кетіп еді жау іздеп,
Астында Бурыл дөненмен,
Көкке тойған көбеңмен.
Жұмысы болмай жөнелді
Қараспанды жайлаған
Қалың қыпшақ көп елмен.
Өткізермін деуші едім
Жасықты жанып болатқа.
Жалғыз туған шырағым,
Сапарландың талапқа.
Кетеріңде, шырағым,
Тапсырғанмын бір хаққа.
Ел-жұртыңды іздеп ал,
Жалғызым қайтып ел жаққа.
Шырағым, шықтың денемнен,
Жарылқай көр жебеңнен.
Жан қосағым, Тоқтар шал,
Көзіңді салшы аспанға.
Атасы берген шырақтың
Бұлты келді төбеңнен.
Қыс болса, шығар жел жақтан,
Жаз болса, шығар күн жақтан,
Жау келсе, түсер жау жақтан!
Жолыңды күтіп, жалғызым,
Болайын құрман сенен мен.
Бұлтың келді, өзің жоқ,
Жалғызым барда көңлім тоқ.
Шырағым, сенен айрылып,
Табаныма тиді шоқ!
Жалғызымның барында
Пешпет ойдым мақпалдан
Тақия, бөрік, үкі шоқ!
Жалғызым, сенің барыңда
Көшке жорға мінгенім,
Еруде қамқа кигенім,
Жалғызым, сенен айрылып,
Осынша бейнет көргенім!
Жайықтың суы ылай-ай,
Көр болды көзім жылай-ай.
Осы күнде, Тоқтар шал,
Оң қабағым тартады,
Қуантамысың, Құдай-ай!
Осы күні, Тоқтар шал,
Аузы құрғыр тартады,
Жалғызымды сүйгендей!
Иіні құрғыр тартады,
Қараспан тауға ел қонып,
Еруге қамқа кигендей!
Осы күні, Тоқтар шал,
Тақымы құрғыр тартады,
Қараспан тауын жағалап,
Қалың қыпшақ ел көшіп,
Сұр жорғаны мінгендей!
Осы күні, Тоқтар шал,
Төсімде қатқан қос тері,
Асылы жоқ бос тері,
Бұлақ болып есілді,
Жалғызым келіп емгендей!
Қуанамын мен ғарып
Әр нышанын көргендей.
Анаң байғұс зарлайды
Ботасы өлген інгендей.
Ернім және тартады,
Он үш жасар шырақтың
Ақ бетінен сүйгендей.
Жүрегім алып ұшады
Кеткен қозым келгендей.
Оң қабағым тартады
Сапар шеккен қозымнан
Анық хабар білгендей.
Жұмылған көзім ашылып,
Жалғызымды көргендей.
Есіктің алды төбелік,
Бейшара болған біздерге
Кәпір қылды көп зорлық
Алпыста шешең Аналық,
Тезек теріп етектеп,
Құрт қайнатып, жүн түтіп,
Арқан ескен не қорлық?!
Шырағым үйден кеткесін,
Есімнен кетпес бұл зорлық!

Тағы оқыңыз