Қобыланды батыр (35-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 4 мин оқу
Ұйқы көрмей төрт батыр
Таң сарғайып атады,
Таң шолпаны батады.
Таң атқасын төрт көкжал
Қару-жарақ киініп,
Бір Құдайға сыйынып,
Енді атына мінеді,
Денеге сауыт киеді,
Беліне байлап болатты,
Қарына найза іледі.
Алшағырдың алған шәріне,
Туын ұстап батырлар
Қала аузына келеді.
Шәріге жақын келгенде
Ақ сұңқар құстай шүйіліп,
Қабағы тастай түйіліп,
Арыстан туған Қобыланды
Күн шығуға қарамай,
Жаны төзбей батырдың
Жалғыз өзі шаһарға
Ат қоюға ойланды.
Ата-анасы, ел-жұрты,
Исі қыпшақ баласы
Жатқаннан соң байлауда,
Қақпаның келіп аузына
Батыр Қобылан ақырды,
Нар түйедей бақырды.
«Алшағыр!» деп шақырды:
«Ау, Алшағыр, Алшағыр!
Сөзіме құлақ сал, Шағыр!
Менің атым Қобыланды
Әуелі өзің алмай шық,
Алды-артыңды қармай шық!
Қалдырмастан жалмай шық.
Арманда қапыл қалмай шық!
Қарақасқа атың міне шық,
Оқ өтпес тоның кие шық,
Қарыңа сүңгі іле шық!»
Белес-белес бел еді,
Хан болғалы Алшағыр
Жұртына тиіп пайдасы
Асып жүрген һайласы
Бұл да айтулы ер еді.
Мұсылманнан қанша ердің
Басын жойған ер еді.
Қызылбастың белі еді,
«Алшағыр!»—деп шақырған
Қобыландының дауысы
Құлағына келеді.
Естіген соң дауысын,
Шешесінің сөзіне
Енді Алшағыр сенеді.
Шыдай алмай Алшағыр
Үстіне сауыт киеді.
Беліне байлап болатын,
Қарына найза іледі.
Ертеден шапса, кешке озған,
Ылдидан салса төске озған,
Томағалы қасқа азбан,
Алтын тұрман ер салып,
Енді атына мінеді.
Қара қасқа тұлпардың
Құйрығын шарт түйеді.
«Шақырып тұрған батырға
Қорықты дер» деп бармасам,
Алдынан жүре береді.
Сол уақыттар болғанда
Түлкідей көзін жайнатып,
Қаруы сыймай қайнатып,
Тасқа шаншып сүңгісін,
Қарыс сүйем бойлатып,
Қобылекең келді бұл жақтан
Тайбурыл атты ойнатып.
Жайықтың бойы қамыс-ты,
Бермейміз деп намысты,
Екі батыр екпінмен
Жақындасып қалысты.
Өшігіп жүрген батырлар
Бір ауыз сөзге келмей-ақ,
Еңкейісіп шегініп,
Еменнен найза салысты.
Итерісіп тұрысты,
Ат тізесін бүгісті.
Бүгісе-бүгісе тұрысты.
Біріне-бірі ұмтылып,
Тақымдары құрысты,
Он саусағы қарысты.
Бірін-бірі ала алмай,
Біреуі дүние сала алмай,
Қақырғаны қан татып,
Түкіргені жын татып,
Қақырғанда қан ішті,
Түкіргенде жын ішті.
Жаннан күдер үзісті.
Қанжарменен қармасты,
Семсерменен серместі,
Сөйтіп ойын ойнасты.
Шыбын жанды қинасты,
Артық туған Қобыланды,
Ерегіскен дұшпанның
Басын жоймай қоймас-ты.
—Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып,
Диқан еккен егін-ді,
Есен алса тегін-ді,
Ерлерің жаннан түңілді.
От шығады ұртынан,
Үмітін үзді Алшағыр
Шәрі-байтақ жұртынан.
Сол уақыттар болғанда
Домаланып барып жығылды,
Қара қасқа аттың сыртынан.
Сонда жатып құлайды,
Артық туған Қобыланды
Ерегіскен дұшпанның
Басын жоймай қоймайды.
Есіктің алды кендір-ді,
Қобыландыдай батырың
Найзасын ырғап ендірді.
Алшағырдай дұшманын
Ат сауырына міндірді.
Қаһарланып Қобыланды
Түгі шығып білектен,
Қаны толып жүректен.
Етке тоқтар қайрат па,
Өтіп кетті сүйектен.
Қайта тартса шықпайды
Қобыланды ердің найзасы
Қанмен қатып жібектен.
Алшағыр ханды өлтіріп,
Дұшманның күнін қуырып,
Артықша тартып, күш етіп
Найзасын алды суырып.
Алшағырдың соңынан
Белгілі судың сағасы,
Берен тонның жағасы,
Қызылбастың ағасы,
Құртқаны алар сұңқарды
Екі бөліп салған соң,
Шауып шықты қаладан,
Қырық бес кез баяғы
Қызыл ердің баласы
Ағанас пен Тоғанас—
Қаладан шықты екі жас.
Әкесін Қобылан өлтіріп,
Құртқаны алған жерінде,
Көктім Аймақ елінде
Ежелден кекті, болған қас.
Ағасы еді Ағанас,
Інісі еді Тоғанас.
Есіктің алды балдырған,
Қарауыл отын жандырған,
Қазақтың көңілін қалдырған.
Қызылбастың жұртында
Тағыболат, Тасболат
Құртқаны алар сапарда
Өлтіріп мұның әкесін,
Екі үлкен ағасын
Бәрін қырып салдырған.
Ағанас пенен Тоғанас
Қаладан шығып екі жас,
Қобыландыдай батырға
Көздерінен ағып жас,
Ортаға алып екеулеп,
Келе салды найзаны,
Таптырмай ақыл, айланы.
Қараспан таудай алысып,
Еменнен найза салысып,
Олар екеу, бұл жалғыз
Қарсыласып шабысып,
Дұшманын Қобылан табады,
Енді ортаға алады.
Пірлері кәміл қолдады,
Қобыланды сынды баланы.
Көңілге дем болмаса,
Ағанастың найзасы
Қобылекеңнің бөксесін
Бурыл аттың үстінен
Қисайтып кетіп барады.
Қобыландыдан қуаты
Басымырақ болғанын,
Қобыланды аттан ауғанын
Көбіктінің Қарлыға
Қиядан көзі шалады.
Жетіп келіп Қарлыға
Ағанасты сол жерден
Алып тастай береді.
Қисайған Бурыл үстіне
Түзеліп Қобылан мінеді.
Жеке бір жалғыз қалғасын,
Тоғанасты Қобыланды
О да іліп тастады.
Бұл екеудің артынан
Көк қасқа атпен Ақтайлақ
Ұрысқа шықты жағдайлап.
Орақ шығып бұ жақтан,
Ақтайлақты сол жерде
Іліп тастай береді.
Ақтайлақтың соңынан—
Баласы еді Нарқызыл,
Шығып еді қаладан.
Қараман шығып бұ жақтан
Бұл-дағы іліп тастады.
Қазан басты Қара дәу
Шығып еді қаладан,
Қарлыға іліп тастады.
Қалмақтың Қара батыры
Шығып еді қаладан,
Қобылекең іліп тастайды.
Қылышпенен ұрады,
Осылайша батырлар
Келгендерін қалмақтың
Кезек-кезек төртеуі
Баудай жаншып тұрады.
Осынша ердің соңында
Күмбезді найза қолында,
Белгілі судың сағасы,
Берен тонның жағасы,
Қызылбастың ағасы,
Көбікті ханның баласы
Құндыз бөрік басында,
Әскері бар қасында,
Өзі он бес жасында,
Сүйіншіге қыз алып,
Күйеу боп жатқан осында:
Үстіне дұшпан келгесін,
Байлауда қалған Қобылан
Босағанын білгесін,
Ұрыспасқа айла таба алмай,
Соғыспаққа дұшпанмен
Және шықты шаһардан
Көк ала атты Біршымбай.
Үстіне сауыт киеді,
Болатты байлап жанына
Қарына найза іледі.
Қаланың аузын аштырып,
Біршымбай шықты қаладан.
Шыға салып Біршымбай,
Ала кетті жағадан.
Көрсеттіңдер деп ерлікті,
Мен келмегесін манадан.
Келуімен Біршымбай
Бөтен сөзге қарамай,
Қобыландыны бір шаншып,
Қарлығаны бір шаншып,
Қараманды бір шаншып,
Ер Орақты бір шаншып,
Көк ала атпен Біршымбай
Сыпыртып өтіп жөнелді.