Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (27-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу

Белгілі төбе бел екен
Қыз да болса ер екен,
Сауғаға кеткен Қарлыға,
Қараманның жанынан—
Ұйықтап Қобылан жатқанда
Шылбырын шешіп белінен,
Майқара мен бедеге,
Жусан менен көдеге,
Ақмоншақ пен Бурылды
Қарлыға бағып жүр екен.
Қос бүйрегі бүлкілдеп,
Көзінің жасы мөлтілдеп,
Пірден хабар тигесін,

Қарлығадай сұлуға
Әрең жетті еңкілдеп.
Қобыланды келіп сөйлейді:
—«Жолдас болдың, Қарлыға,
Алланың көп қой жарлығы.
Жер астына бір түсер
Бұл пенденің барлығы.
Құдіреті күшті құданың
Осы көптің ішінде,
Жалғыз маған түсіпті.
Қысым қылған тарлығы,
Жау шауыпты елімді,
Жау басыпты белімді,
Жау кесіпті желімді.
Менен қалған байтақ ел
Көрген сияқты көрімді.
Қалмақтың ханы Алшағыр
Алтынды таудың етегінде,
Тастан соғып қорғанды,
Шауып кеткенге ұсайды
Қараспан таудағы жерімді.
Жалған айтар дей көрме
Жеті кәміл пірімді,
Айтамын саған сырымды.
Жылқы ішінде аламын,
Қылшық жүнді қарамын,
Көмек берер демеймін
Сайымның ұлы Қараман.
Айал да болсаң, қатар ең,
Мұңымды саған саламын.
Қош, Қарлыға, аман бол,
Қалмақ алған халқыма,
Көмегім жоқ артымда,
Жалғыз кетіп барамын!
Тәңірі оңғарса жолымды
Алаулаған қалмақтан
Кегімді барып аламын.
Қарлыға сонда сөйлейді:
Ер де сасар болар ма,
Етегін басар болар ма?!
Мұхаммедтің үмбетін,
Дінсіз алар болар ма?!
Мұндай іске қуанбай,

Батыр қашар болар ма?!
Сіз сияқты батырдың
Елін жау алар болар ма?
Әуелі Алла анайым,
Хақ жаратқан Құдайым,
Бүлініп елден шыққан соң,
Сіздікпін ғой деуші едім,
Жасаған қосқан жұбайым.
Сізден басым қалғанға
Соншама жедім уайым,
Сіздің менен дос болып,
Сүйтіп шыққан Қобыланнан
Кеудедегі шыбынның
Несін аяп қалайын!
Артық туған Қобыланды
Талабыңнан қайтпаңыз,
Қайғы тартып қан жұтса,
Запыран ішіп, май құсса,
Шабылған елге кете гөр,
Бүлінген елге жете гөр.
Белгілі төбе бел болса,
Еретұғын ер болса,
Қараманға барайын,
Оған да жүр деп қарайын!
Ерсе жинап қолымнан,
Ермесе тастап соңымнан.
Ертең түстен қалмаспын
Қобыланды, мен де барайын!
Қарлыға бұл сөзді айтқасын
Тайбурылға мінеді,
Қарына семсер іледі.
Беліне байлап болатты,
Ақ сұңқар құстай қанатты.
Жануар асыл Бурыл атты
Тайбурылдың маңдайын
Қараспан тауға қаратты.
Күн тимеген сауырға,
Жел тимеген бауырға,
Қамшымен соғып қанатты.
Бурыл атты: «шу!»—деді,
Құбылып Бурыл гуледі.
Ертемен шапқан Қобыланды
Кешке шейін шабады.
Келіп жетті жеріне,
Жақындады еліне.
Намаздігер өткенде,
Құтпан мезгіл жеткенде,
Есіктің алды ығын-ды,
Бола жазды шығынды.
Шығын емей немене,
Екпіндеп шапқан Тайбурыл
Етпетінен жығылды.
Жығылғасын Қобылан
Аттан түсе қалады,
Жерді сипап қарады.
Аллаға неден жалықты,
Атына—жем, өзіне
Қылсын деген азықты.
Екі мезгіл жем берген,
Жаныменен тең көрген.
Алтыннан соққан сарайға
Бурылы құлап жатыпты.
Мінген аты құла-ды,
Ертеменен шауып бұлады.
Құртқаның баққан жұртына
Тоқымын төсеп, ер жастап,
Азырақ дем алайын деп
Батыр Қобылан құлады.
Ұзынан сұлады.
Елі-жұртын сағынып,
Алтын ерге сүйеніп,
Өксіп-өксіп жылады.
Осы жерде Қобыланды
Таң атқанша жатады.
Таң сарғайып атқанда,
Таң шолпаны батқанда,
Жан-жағына қараса,
Жұрты жатыр, елі жоқ,
Батпағы жатыр, көлі жоқ.
Қаңғырып жүріп далада,
Ешбір опа көре алмай
Өткенің бе, дүние боқ.
Таң атқан соң батырың
Тағы да түсті жарысқа.
Байлауда Құртқа жатқанда
Жан серігім қарышта!
Асқар-асқар беліне,
Белден көшкен еліне,
Айна көлде Құртқаның
Ордасын тіккен жеріне.
Жұртын көріп сол жерде
Көзіне батыр жас алды.
Неше батыр болса да,
Буыны балқып босады.
Жұртына көзін салады,
Аллаға неден жалықты,
Атына жем, өзіне
Қылсын деген азықты
Ортасына жұртының
Құртқажан қағып кетіпті,
Кез бойы алтын қазықты.
Мұны тауып алады,
Алтын қазық бес бүктеп,
Ат қоржынға салады.
Қоржынға салып «шу» деді,
Құбылып Бурыл гүледі.
Аллаға тілім жазықты,
«Аты арыса, қарны ашса,
Атына жем, өзіне
Қылсын деген азықты».
Ортасына жұртының
Құртқажан қағып кетіпті
Кез бойы алтын қазықты.
Мұны тауып алады,
Алтын қазық бес бүктеп,
Ат қоржынға салады.
Қоржынға салып «шу» деді,
Құбылып Бурыл гуледі.
Таң салқыны жеткенде,
Ағыны қатты Бурылмен
Алтынды таудың етегіне
Аңқытып жетіп келеді.
Еменнен кестім найза,—деп—
Пенделік тартқан халқыма
Тигіземін пайда,—деп,
Күн шыққанша Қобыланды
Екі айналды шаһарды.
Енуге есік қайда деп,
Енуге есік таба алмай,
Кіруге тесік таба алмай,
Күн шыққанша батырың
Айналып жүрді сыртында-ай.

Тағы оқыңыз