Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыландының Темірланды жеңуі (5-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 4 мин оқу

Мұны естіп хан састы,
Ақылынан адасты.
Халқын жинап кеңесіп,
Жан-жағына қарасты.
Сондағы тапқан айласы,
Ақылдың жеткен пайдасы—
Жиылып терең ор қазып,
Кеңдігін терең мол қазып,
Бетін бүркеп білдірмей.
«Жер екен деп ойласын,
Ордың барып түбіне
«Жекпе-жек» деп бір батыр
Қару-жарақ байлансын.
Орға келіп ұрынса,
Рүстемнің ойыны
Ор басында ойналсын».
Айтқандай ғып ор қазды,
Кеңдігін терең мол қазды.
Он мың әскер ертемен
Шықты ертіп сарбазды.
Сырнай-керней тарттырып,
Жердің жүзі қозғалды.
Жаудың көріп әскерін,
Екі батыр болғанды,
Қару-жарақ байланды,
Шамырқанды, долданды.
«Айдынды туған, Орақжан»,
Сақтан деп бәлем сен бүгін,
Шылауына шырмалдың.
Бабаны көзі көрмеді,
Қылышпенен сермеді:
«Шылауымнан ұстама,
Кіретұғын көр болса,
Қазулы тұрған ор болса,
Мені бүгін сақтама».
Баба қалды шегініп,
Жөнелді шауып тебініп.
«Жекпе-жек» деп айқайлап,
Жау тұрғасын желігіп.
Ордың келіп қасына
Астындағы қан жирен
Тұра қалған шегініп.
Батырдың көзі көрмеді,
Жатқан орды көміліп.
Өлер күнім бүгін бе,
Не тұр деп саған көрініп,
Қамшы менен сауырға
Орай тартып қалады.
Ышқына жирен атылды,
Байқай алмай қапыда,
Сыпырылып құлады,
Орға барып көміліп.
Қалың қалмақ шулады,
Шама келер күн болса,
Қылуға қайрат жарады.
Мұны көріп Қараман,
«О, бауырымдап!» жылады.
Жалғыздың жары Құдай деп,
Атқа қамшы ұрады.
Жалғыз өзі көп жауға,
Ордың басын қорғауға,
Атасы өткен ер Сейіл,
Сыйынып медет сұрады.
Ер Орақтың жолына,
Жанын құрман қылады.
Жауменен жалғыз соғысып,
Көзі қанға толады.
Ортаға алып қалың жау,
Ұстаймыз деп қамады.
Бірнеше күн соғысып,
Денеде сау жер қалмай,
Қаны жылжып ағады.
Бір қолынан әл кетіп,
Жау ортаға алып жүр.
Батыр келіп жетпесе,
Әлі бітіп налып жүр.
Бір қолдан қайрат кеткен соң,
Сейіл ұлы Қараман
Бойында неше жарадан
Қашайын деп бет қойды.
Қара қасқа тұлпары
Алып шықты арадан.
Ұстаймыз деп көп әскер
Неше жерден қамаған.
Қаншама әскер қуса да,
Үзіліп кетті қарадан.
Мұны көріп Темірхан:
—Ордағы батыр кете алмас,
Қашқан батыр қансырап,
Еліне барып жете алмас.
Бес жүз әскер қуыңдар,
Қолыңа жасыл туыңды ал.
Байлап әкел қолыма,
Құшақтатып екеуін,
Көмейін салып орыма.
Көреріне көз болды,
Сөйлеріне сөз болды,
Барса-келмес жолына,
Екі батыр кез болды.
Тұра тұрсын бұл сөзім,
Аттанып жатқан елдегі
Қобыландыдан сөз келді.
Аттанып шапқан үш батыр,
Халқы қалды көз сүзіп,
Көрінбей кетті бойды үзіп.
Сарысу, Созақ белінен,
Көлденең жатқан Қаратау,
Қиялай шапты дөңінен.
Жайылып жатқан шеңгелден,
Бесінде өтті діңінен.
Тобылғылы Нұрадан,
Сексеуілді ұрадан,
Екі бала қасында
Жақын қылып алысты,
Үзеңгіні қағысты,
Бермеймін деп намысты.
Құланнан атты қодықты,
[Көлден тартты борықты,]
Жетеміз деп торықты,
Тұлпарға қылды зорлықты.
Намаздігер кезінде,
Қара қасқа ат астында,
Жолдасы жоқ қасында
Қараманға жолықты.
Шықпай жатқан жан бар-ды,
Денеден көріп қандары,
Бір бәленің болғанын
Енді батыр аңғарды.
«Келдіңіз бе, батыр»,—деп
Қарап көзін аударды.

Жарасын байлап дәрілеп,
«Орақ, қайда қалдың»,—деп,
Сұрады батыр хабарды.
Қараманды тұрғызып,
Беті-қолын жуғызып,
Қолтықтап атқа мінгізіп,
Қатып қалған таңдайы,
Енді ашылды маңдайы.
Сусындатып ішкізіп,
Жидырып есін күлгізіп,
Қараман бастап сөйледі,
Болған істің бәрін де:
—Қызылбастың шәрінде,
Орақ қалды орында,
Жаудың түсіп қолына.
Өлі ме, тірі білмедім,
Қан толды көзге көрмедім.
Ордың басын қырғын ғып,
Найза қылыш сермедім,
Өлем деп үміт үзбедім,
Жаудың қалың тобынан
Қорғауға халім келмеді.
Құрбандық болдым жолына,
Сол кездерде болғанда,
Бір қолымнан жан кетіп,
Найза орнынан қан кетіп,
Бойдан қуат, әл кетіп.
Жалғыз қолмен бас қорғап,
Құлаған жерім бұл жетіп,
Мен өлмеспін жарадан.
Орақты ордан алыңдар,
Тезірек жет, барыңдар.
Мұны естіп Қобылан
Балаларға сөйледі:
—Қалмақтың қала тас қала,
Әскері мол масқара.
Орақтың түскен орына,
Жаудың жатыр қолыңда,
Қашан тауып алғанша,
Соғысты бұрын бастама.
Алтын көрсең айланба,
Өшігіп жаумен байланба,
Бұл сөзімді тастама.
Тәуір болса, Қараман,
Ертеңнен қалмай барамын.
Қараманмен екеуі
Аттандырып баланы,
Жад етіп жеті бабаны
Екі батыр жөнелді,
Жауабына кенелді.
Екі батыр жөнелтіп,
Бөкенбай, Киік беренді.
Келе жатыр ағылып,
Ақ сауыты, қалқаны
Қызарған күнге шағылып.
Күн сәулесі құлпырды,
Екі батыр ұмтылды.
Шапты батыр толғана,
Мұнарланған тауына,
Егескен халық жауына,
Арыстандай шабына,
Орақ сынды батырды,
Табамыз деп қамдана.
Бара жатқан жолында
Бес жүз әскер кез келген
Қараманды іздеген,
Жайып қанат көздеген.
Жауды көріп, қос батыр
Және шыдап төзбеген.
Ұстаймыз деп жабылып,
«Жүрген жан?» деп нағылып,
Жолың болып қайтарсын,
Іздеген жоғың табылып.
Өте шықты ағызып,
Қайрылмады қос батыр,
Шақырса да жабылып.
Кім екенін біле алмай,
Опық жесіп ақыры-ай,
Қызылбастың батыры-ай,
Қуғаны қалды ілеспей,
Қалды қайран атына-ай!
Ортасын жарып өтеді.
Сөйлесе кетсе нетеді.
Құптан мезгіл болғанда,
Тасқала деген қалаға
Аңқытып шауып жетеді.
Қалың қалмақ дулатып,
Сырнай, керней ойнатып,
«Қараманды алып келед» деп,
Жатыр екен тойлатып.
Қазақтан алған ен малды
Үйір-үйір айдатып,
Ақ пышаққа ілініп,
Қазы, майы тілініп,
Арақ, боза құйылып.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз