Қобыланды батыр (19-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Қазаннан алған көп малға,
Қосыны қият кенелді.
Екі батыр жүргесін,
Көшпей тоқтап бөгелді.
Базарда бар ақ мата,
Ойнақтайды жас бота.
Бұл сөзімде жоқ қата,
Көп қосыннан екеуі
Сапарланды ел жата.
Көбіктінің көп жылқы
Жатыр екен алдында.
Екі бөрі бас қосып
Көбіктінің шәрінің
Қарасын көрді таң ата.
Бөленбеген ұйқыға,
Жыртылмаған құлпыға,
Екі батыр кез келді
Құба көлде Көбікті
Отар салған жылқыға.
Көкалалы көп жылқы,
Бөрі құлақ ен жылқы,
Гулетіп жылқыны алады,
Айдап жонға салады.
Айқайлап жиған көп жылқы
Бір уыс болып қалады.
Таң шолпаны батқанда,
Қызарып күн шыққанда,
Тізе қосып екеуі
Айдап кетіп барады.
Белес, белес қыр екен,
Оқпанды сай, жыра екен.
Көбіктінің Тарлан ат
Жылқы ішінде тұр екен.
Жамандатқыр Тарлан ат,
Құйрығын құстай тарады,
Кіндігінен жарады,
Шекесінен қарады,
Әуеге қарап есінеп,
Ием бе деп кісінеп,
Жау екенін білгесін,
Сыртына құйрық салады,
Қайта айналып шаһарға,
Тарлан ат қашып барады.
Жалғаса қуған екеуі
Қарасын көрмей қалады.
Қашып барып Тарлан ат
Шәһәріне барып еніпті.
Жетпедім деп Тарланға,
Астындағы Бурыл ат
Басын жерге салады,
Қырық үш күндік кемдігі
Бурыл атты қамады.
Құртқаның сөзі келді деп,
Батыр Қобылан сынады.
Таң шолпаны батқанда,
Қызарып күн шыққанда,
Дем алам деп азырақ,
Бауырында бір таудың,
Қобыланды ұйқтап жатқанда,
Қалаға көк ат еніпті,
Есітті дүбір Көбікті.
Ат барғасын—күдік-ті:
Жау тиді ғой малға,—деп,
Ашуланып демікті.
Үйдемісің, Қарылға,
Ат ертте деп желікті.
Базардан келген қасық-ты,
Тарлан атқа Көбікті
Ер салуға асықты.
Ат басындай тас шоқпар,
Тақымына басыпты,
Тарлан атты Көбікті
Еріндіктен алады,
Беліне терлік салады,
Тас шоқпары тақымда,
Ақмоншақ атын Көбікті
Мал соңынан салады.
Айдауға кеткен жылқының
Соңынан қуып барады.
Жебелі найза қолынан,
Жұлдызы туып оңынан.
Ерте шолпан батқанда,
Сарғайып таң атқанда,
Күн сәскеге жеткенде,
Сары өзеннен өткенде,
Тау суындай сарқырап,
Ақ сауыты жарқырап,
«Таста!» деп малды барқырап,
Көбікті жетті соңынан.
Көбікті сонда сөйледі:
Ел иесіз дедің бе,
Көл иесіз дедің бе,
Жер иесіз дедің бе,
Мал иесіз дедің бе,
Жан иесіз дедің бе?
Отарда жатқан жылқымның
Отарын бұзған кім едің?!
Өрісте жатқан жылқымның
Өрісін бұзған кім едің?!
Жусап жатқан жылқымның
Жусауын бұзған кім едің?!
Тұнық жатқан жылқыма
Боқ тастатқан кім едің?!
Көкорайлы шалғынға
От тастатқан кім едің?!
Батыр жігіт, қайдасың?
Батырлар табар һайласып,
Жақсы кісі жаманға
Көп тигізер пайдасын.
Сол уақытта Қараман
Көбіктіні шанышпаққа
Оңтайланды найзасын.
Қараман ерлік бастады,
Ерлігін Қобылан қостады.
Қараманның найзасын,
Денесіне тигізбей,
Көбіктідей батырың
Қолындағы шоқпармен
Допша қағып тастады.
Ұмтылуменен Көбікті
Қараманды ұстады,
Көбіктінің ерлігі
Мұсылманнан асады,
Желкесінен қысады,
Күшіктейін шыңғыртып,
Қараманды Көбікті
Тақымына басады.
Мұны көріп Қобыланды
Бұлғары садақ, бұқар жай,
Қиядан тартты Қобылекең
Қобыландының оғын да
Денесіне тигізбей,
Қолындағы шоқпармен
Допша қағып тастады.