Қобыланды батыр (10-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 4 мин оқу
Қалғып кетсе қағып жүр,
Адасып кетсе бағып жүр!
Ақ сұңқар құс мақтанса,
О да бір күн кез келер
Құсбегінің торына.
Арғымақ ат мақтанса,
О да бір күн кез келер
Тек тапсырдым қолыңа.
Қозымды жықпа орыңа,
Жолықтырма зорыңа!
Алпыс жасқа келгенде
Қобыландыдай ұл тапқан
О да менің сорым ба?!
Осы барған сапардан
Есен барып, сау қайтсаң,
Егіз туған көк қошқар
О да сенің жолыңа!
Егіз туған көк бура
О да сенің жолыңа!
Егіз туған көк бұқа
О да сенің жолыңа!
Егіз туған көк айғыр
Бұ да сенің жолыңа!
Өлгенде көрген жалғыз ұл,
Тумады ма сорыма?!
Осы кеткен қозымды
Алланың досты Мұхамбет
Тек тапсырдым қолыңа.
Көл иесі, Қамбар-ай,
Шөл иесі, Қамбар-ай,
Қамбар өзің қолдасаң,
Қолдамайтын кім бар-ай!
Қазанға қайдан жол қылды
Қараман деген заңғар-ай.
Қала қоймас Бурыл ат
Қатар шапқан жарыстан.
Жау іздеді жалғызым
Жақын емес, алыстан.
Қыс болғанда жылқы ықпас
Көлге біткен қамыстан.
Шырағыма жолың бер,
Осы жеткен қозымды
Өз қолыңа тапсырдым
Ғали атты арыстан!
Балапан қаздай еріткен,
Тар құрсағым кеңіткен,
Тас емшегім жібіткен.
Ақ бесікке сүйеніп,
Ақ білекті талдырған,
Сүйсем мейірім қандырған,
Бір жасаған, көзің сал,
Бізден кетті балдырған.
Аязды күні айналған,
Бұлтты күні бұрылған,
Айқара бесік таянған,
Дыбысы шықса оянған.
Алтыннан бесік идіріп,
Ақ торғынға бөлеген,
Өлгенде көрген көбеген,
Ел тілегін тілеген.
Қабырғам жездей қайысқан,
Көтергенде бесіктен
Он саусағым майысқан.
Шәһизанда қазірет,
Жарылқаушы құдірет,
Құдірет жұмсар қос жендет,
Және де сізге бір міндет,
Қызылбас басқа, біз—үмбет.
Үмбетім деп еске алсаң,
Қозымды сізге тапсырдым.
Құданың досы, Мұхаммед,
Жалғызыма жәрдем ет!
Сонда Қобылан сөйлейді:
Қой, шешеке, жылама,
Жылағанмен бола ма?!
Мен сапардан қайтқанша
Ата-анам, ел-жұртым,
Тапсырдым енді Аллаға.
Қараман кетті жиып қол,
Сөйлейді сөзді оңды-сол.
Қобыландыдай батырға
Жиылып халық беріп қол.
Осылайша зарланып,
Бір құдайға зар қылып,
Жылаумен қалды кемпір сор!
Тоқтарбайдай шалыңыз
Көзі-басы іріңдеп,
Буындары дірілдеп,
Жүре алмады болып қор.
Орта жолда зарлайды,
Қайырылып Қобылан бармайды.
«Жалғызыма жар бол» деп
Жад қылад Жаппар Құдайды.
Шиыршық атып ойнайды
Атандай төсі салынып.
Айт, жануар, шу!—деді,
Құбылып Бурыл гуледі.
Табаны жерге тимеді,
Құлақтың түбі терледі,
Тер шыққан сайын өрледі.
Көлденең жатқан аңғарды
Жерошақ құрлы көрмеді.
Атына көңілі біткесін,
Батыр Қобылан сөйледі:
Әуелі Тәңірі анайым,
Хақ жаратқан құдайым,
Нұр Мұхаммед—сыбайым.
Ұжмақта хорлар сыпатлы
Үйдегі Құртқа жұбайым,
Жарым олқы болды деп,
Жемеймін, тіпті, уайым.
Құртқажан тұлпар деп еді,
Айтқан сөзін сынайын.
Жайың қалай, Бурыл ат?
Қолтығыңда қос қанат,
Үстіңде мен аманат,
Оялы құйрық, майда жал,
Сөзіме менің құлақ сал!
Алтын, күміс қанат жал,
Лебізің сенің сары алтын.
Үстіңдегі түгіңнің
Жары күміс, жары алтын.
Жан серігім, Бурыл ат,
Терлемессің күн салқын.
Жылқыда тұлпар сен едің,
Жігітте сұңқар мен едім,
Қыдыра жалды, қыл құйрық
Сенен озбас деп едім.
Екі аяқты, бір басты
Менен озбас деп едім.
Біздің ауыл ағыста
Есебі жоқ алыста,
Азулының бойында,
Жылқылары қамыста.
«Қатын Қобылан қалды» деп,
Кешегі кеткен Қиятқа
Қия көрме намысқа.
Жан серігім, Бурыл ат,
Барыңды бүгін қарышта.
Қасат тұлпар ат болсаң,
Ұшқан құстан қалыспа.
Қырық күншілік Қазанға
Бір мезгілде жетуге
Сіздей малға алыс па?!
Бұл жібердім базардың
Бояғы менен бөзіне.
Салса жылқы тоқтайды
Арқаның бөрікөзіне
Дұшпанның келдім кезіне.
Жан серігім, Бурыл ат,
Сал құлағың сөзіме,
Қырық күншілік Қазанды
Көрсетші бүгін көзіме!
Намаздыгер өткенше,
Намаз ақшам жеткенше,
Түсірмесең жүзіме,
Көрсетпесең көзіме,
Онда—Құртқа, мұнда—мен
Қалады көңілім өзіңе!
/Осылай толғап болды да,
Артық туған Қобыланды/
Тобылғы сапты қамшыны,
Толғап ұрды санына.
Жан серігі Бурылдың
Жаман батты жанына.
Жанына батпай не қылсын,
Қарға, құзғын тойынды
Санынан аққан қанына.
Қобыландының қамшысы
Тайбурылға шын батты,
Шыбын жаны тым тәтті,
Құрбысында адам жоқ
Қобыландыдай сымбатты.
Санына қамшы батқан соң,
Қаны судай аққан соң,
Жоғарғы ерні жыбырлап,
Төменгі ерні қыбырлап,
Иегімен сыбырлап,
Тайбурылға тіл бітті.
Тайбурыл сонда сөйледі:
—Қарағай менен бітер тал,
Кімге келмес керімсал.
Наз бедеуге бітер жал,
Аямай тарттың қамшыңды
Батыр туған, Қобылан нар!
Өлмесем де кеудемнен
Шыға жазды шыбын жан.
Қызылбастың еліне
Мұнша болдың ынтызар.
Атадан тақ, анадан
Жалғыз қақты есіңе ал,
Жамбасыма қамшы сал!
Талай жерден қарғырмын
Қазып салған орыңа.
Ақ сұңқар құс түседі
Тамақ үшін ау-торға.
Төрт аяғым тең жорға,
Тізгінің тартпай сал жолға.
Үстімде сен есенде,
Астыңда өзім аманда,
Қажу бар ма мен сорға?!
Айтқаның жерде қалар ма,
Құртқа сынды жұбайға.
Ат қылып тәңрім жаратты,
Жаратқан соң ат қылып
Сіз секілді сыбайға,
Қысылған жерде ер жігіт,
Бір тәңірге жылай ма?!
Қырық күншілік Қазанға
Бір мезгілде жет дейсің
Ұшқан құсқа оңай ма?!
Қиын да болса қайтейін,
Қиналармын, батырым,
Уағда сөзің солай ма?
Намаздігер өткенше,
Намазшамға жеткенше,
Қазанның Сырлы қаласын
Көрсетпесем көзіңе,
Түсірмесем жүзіңе,
Жан серігің Бурылды
Сол жерде шал Құдайға!
Бұған Қобылан иланып,
Қобыланды сынды батырдың
Көңілі бітіп Бурылға:
Шырағым, Бурыл, шу!—деді,
Құбылып Бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді,
Тау менен тасты өрледі,
Төрт аяқты сермеді,
Құлақтың түбі терледі,
Тер шыққан соң өрледі,
Адырды көзі көрмеді.