Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (30-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу

Сол уақыттар болғанда,
Құртқа келіп сөйлейді:
Тұра тұршы, Бикешжан,
Дүйсенбі күн сәскеде
Аспаннан ай түсірдім,
Қараспан таудың басында
Ақ сұңқар құсымды ұшырдым.
Ойпаң жерден ор қаздым,
Сұлтаным түзде жүргенде
Жауға пенде қылғандай
Бибі Бәтимаға не жаздым?!
Қараша таудың жылғасы,
Баурында болар құлжасы,
Әр пендеге бітер ме,
Сұлтанымның тұлғасы.
Құдай кіші жаратты—
Төмен етек ұрғашы.
Сұлтаным сүйер ақ денем
Бола ма жаудың олжасы?!
Аламын деп қинап жүр
Діні де жаман болмашы.
Қартаймақ хақтан жарлық-ты,
Қозысы өлген саулыққа
Қой теліген барлық-ты.
Құлыны өлген қулыққа
Тай теліген зорлық-ты.
Ботасы өлген інгенге
Нар теліген зорлық-ты.
Ақ сұңқар қонар тұғырға
Қарға қону зорлық-ты.
Тәңірі басқа салғасын
Дұшпаннан көрдім қорлықты.
Сұлтаным келіп сәлемет,
Кәпірге салса әлемет,
Үшбу жалған дүниеден
Өтер едім армансыз—
Алаулаған қалмаққа
Өзінікін келтіріп,
Бір көрсетсе қорлықты.
Сары бал салдым аяққа,
Бұғалық салдым саяққа,
Ніл өтпейді бояққа.
Кімдер әуес болмайды,
Желдеп шыққан саяққа.
Перзентім деген, Тайбурыл,
Менен кеттің қайаққа?
Қырық күнгеше мен қасқа
Анаңыздан туғаннан,
Анаңның жүзін көрсептей,
Баурыма салып бала етіп,
Қызмет еттім сен жаста.
Алтыннан таға салдырдым
Таймасын деп тау-тасқа.
Қырық күнің біткенше
Қысырдың сүтін еміздім,
Алғаусыз болсын бедеу деп
Қулықтың сүтін еміздім.
Сексен күнің біткесін,
Тоқсан күнің жеткесін,
Арымасын деп, талмасын деп,
Маңқа, құлық болмасын деп,
Жеміңе қосып мен саған
Қызыл дәрі жегіздім.
Құртқаның баққан Бурылы
Қыдыра жалды, қыл құйрық,
Жылқыдан қалмас дегіздім.
Құнанда емдің, тайда емдің,
Сүйткен сенен не көрдім?!
Бес жасыңа келгенде
Бие қызығын көрсін деп
Бес бедеуге салдырдым.
Бір көрсетпей қараңды
Алты жаста ақтаттым,
Ат болар деп батырға
Бурыл, сені мақтаттым.
Мені неге қақсаттың?
Асаудан ат қып үйреттім,
Таралып мойны өссін деп
Жібек арқан құлаштап,
Ұзын байлап мойныңа,
Бурыл, саған сүйреттім,
Сенің анаң мен болып,
Менің балам сен болып,
Бір көрсетпей қараңды,
Қабырғамды күйреттің.
Ғайыптың құсы сен болып,
Қай тарапқа жөнелдің?
Артықша еңбек қылып ем,
Жан серігі батырдың,
Осындай қиын жерлерде,
Үстіңдегі сұлтанды
Тарықтырмай біздерді
Бір көрсетер деп едім,
Көңілімдегі арманым
Қараманның сөзімен
Қырық үш күнің кем едің.
Сұлтаным келіп саламай,
Дұшпанға салып әлемет,
Ғаріптерді қолдашы,
Құданың досы—Мұхаммед.
Біздей мұңлық ғаріпке,
Үмбетім десең, қыл медет!
Дарбазалы есікті,
Пайғамбардай несіпті,
Шаһардің тұрып ішінде,
Қыз Құртқаның зарланып
Шығарған қатты дауысын
Періштеден жалғасып,
Сыртта тұрған тұлпардың
Құлағы анық есітті.
Қыстың басы қауыс-ты,
Артық туған Қобыланды
Он үш жасқа келгенше
Ерегескен дұшпанның
Басын жойып тауысты.
Құртқаның сөзін есітіп,
Анасын тұлпар білген соң
Қайта-қайта кісінеп,
Шығарды қатты дауысты.
Бурылдың дауысын
Құртқаға жел жеткізді.
Танығасын дауысын
Көңілден кірін кеткізді,
Айтса сөзін өткізді.
Тайбурылдың дауысын
Құртқа анық біледі.

Тағы оқыңыз