Қобыланды батыр (44-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Сол уақыттар болғанда
Қарлығадай сұлуды
Ақмоншақ аттың саурынан
Дөңгелетіп төндіріп,
Ат көтіне міндіріп,
Найзаны ырғап ендіріп,
Жығылар мезгіл болғанда
Қарлыға сұлу сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Бұл жібердім базардың
Бояғы мен бөзіне.
Салса жылқы тоқтайды
Арқаның бөрікөзіне.
Айналайын, Бөкенбай,
Салғын құлақ сөзіме.
Жасың кіші болса да,
Құлдығым бар өзіңе.
Өлтірер болсаң, шырағым,
Үйдегі жатқан көкеңді
Көрсетіп өлтір көзіме,
Түсіп тұрмын тезіңе.
Түйенің көркі нар еді,
Өзеннің көркі жар еді.
Өзімнің әкем, ел-жұртым
Соның үшін қиып ем.
Сенің жынды әкеңе
Не жазығым бар еді?!
Бөкенбайдай батырың
Қарлыға бұл сөзі айтқасын,
Найзасын тартып алады.
Ақмоншақ аттың үстіне
Түзетіп қызды салады.
Босанса қашып кетер деп
Ақмоншақ атты жетелеп,
Жүретін жолын төтелеп,
Ауылға алып барады.
Қарлыға сұлу сөкпеді,
Бөкенбайдай баланы.
Қарлығаны іздеп ауылдан
Шығып еді таң ата,
Үйге түсті Бурылмен
Құтпан өтіп, ел жата.
Қарлығаны жетелеп,
Бөкенбай елге келеді.
Қос тұлпардың дүбірін
Сұлу Құртқа біледі.
Құтпаннан қалмай келер деп
Құртқа да күтіп тұр еді.
Жүгіріп шығып далаға
Бөкенбайды көреді.
«Қарлығаны алып келді»,—деп,
Батырға хабар береді.
Қарлығаны жетелеп
Баласы үйге енеді.
Сағынып жатқан баласын
Батыр Қобылан көреді.
Ұшып тұрып орнынан
Бөкенбайды сүйеді.
Қарлығаны көргесін,
Баласы алып келгесін,
Сегіз жыл жатып далада
Қарлыға сұлу күйгесін,
Ақыл кіріп батырға
Найзаның ұшы тигесін.
Ашуын тастап батырың,
Аққа белін шешіпті,
Көңілі бір тасып өсіпті.
«Бұл елдің қайда молдасы,
Қарлығадай сұлудың
Некесін қисын»,—десіпті.
Қобыландыдай батырдың
Қарлығадай сұлуды
Алайын деп жатқанын
Қараман құрдас есітті.
Қараман сонда сөйлейді:
—Менен туған ұл болса
Қобыландының ұлы деуші едім,
Қобыландының баласын
Өзімнің ұлым деуші едім.
Баламның тапқан олжасын
Бізге әкелсе болмай ма?!
Теке менен тушадан
Түгендеп сойып, той қылып,
Екеуінің некесін
Қиып қоссам деуші едім!
Сұлу сүгірет құласың,
Шабылмай жүйрік боласың.
Қарлығадай сұлу да
Сегіз жыл тауда бос жатты—
Шығармас па едім көңілінен
Екеуінің кінәсін?!
Қараманның бұл сөзін
Қобыланды батыр есітті,
Бөкенбайға сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Түйенің көркі—нар, балам,
Өзеңнің көркі—жар, балам,
Әкеңіз қатты кейіпті,
Алып келген анаңды
Әкеңіздің алдына
Тезірек алып бер, балам!
Батырдың сөзін есітіп
Бөкенбай мінді күн шықпай,
Жылқыдан ұстап дөненді.
Торғынға өзін бөледі,
Қарлығадай шешесін
Ақмоншақ атпен жетектеп,
Қараманға алып жөнелді.
Қараман, Орақ екеуі
Қызылбасты адақтап,
Найзамен қуып шабақтап,
Қойға тиген қасқырдай
Алқымынан тамақтап,
Алдын-артына қарамай
Қызылбас қашып салақтап,
Найзасына сүйеніп,
Екі батыр тұр еді.
Қарлығаны жетелеп,
Алып келген баланы
Бұл екеуі көреді.
Әкелгесін Қараман
Қарлыға мен Бөкенді,
Ертіп алып Орақты,
Қайрылмайды бұл елге,
Еліне алып жөнелді,
Қылайын деп қонақ-ты.
Еліне келіп Қараман
Алпыс бие бұл сойып,
Алты ру ел шақырды.
Жетпіс бие бұл сойып,
Жеті ру ел шақырды.