Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (32-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 4 мин оқу

Құртқа сұлу сөйлейді:
—Екі саулық, бір тоқты,
Баһар айда қырқарым.
Дүние кеңде адам ит
Жан қоя ма, іңкәрім?!
Бұрын жетті өзіңнен
Астыңда мінген тұлпарың.
Тұлпар мініп, ту алған,
Туды қанға суарған.
Кеткен жерің қуарған,
Келген жерің қуанған,
Аман-есен келдің бе,
Жұрт иесі сұңқарым?!
Жаудың бақтым қаласын,
Дұшманның міндім аласын,
Қалмақтың жектім шанасын,
Қайсар Қобылан сұлтаным,
Әлде қандай қыласың?
Жаманның тарттым жаласын,
Сұлтаным, түзде жүргенде
Өкімінен жүктедім
Бір дұшманның баласын,
Әлде қандай қыласың?
Сөзге қайым келеді
Қаусырма иек, тіл мен жақ.
Қауыстырды сәләмәт,
Бұларды сақтап Жаппар Хақ.
Қобыланды сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
Артық туған қыз Құртқа,
Заманым қайда баяғым,
Кім ұстамас жылқының
Желдеп шыққан саяғын.
Бірді таппа, мыңды тап,
Көріп келдім бұл жолда
Жалғыздықтың азабын.
Адам болып, ер жетсе,
Өзімнің соғар таяғым,
Қобыланды кеңдік бастады,
Кеңдігін Құртқа қостады,
«Ұл болсаң бұл ала қап,
Тұл болсын,—деп,—ала қап!»—
Артық туған қыз Құртқа
Қобыланды сынды батырдың
Көзінше алып тастады.
Қап екенін көргенсін,
Иек тартып күледі.
Аузы айтса да батырдың
Іші күйіп тұр еді.
Қасындағы тоғайға
Қадам қойып жөнелді.
Қобыланды сонда сөйлейді:
—Көптен бері жол жүріп
Сағынған жарың мен едім,
Дұшпаннан көріп кемшілік
Сарғайған жұптым сен едің.
Арманым жоқ дүниеде
Есен-аман қауыштым,
Құдай қосқан қосағым.
Ата-ана, көп халқым
Көре алмаспын деп едім.
Ақылды туған, Құртқажан,
Жауапты болып зергері
Қыпшақтың мекен жайлауы
Қараспан еді өркені.
Көрмегелі сіздерді
Көп болып еді, Құртқажан,
Көріселік кел бері!
Құртқа келіп көрісті,
Осы келген сапардан
Қайғы менен машақат,
Қобыланды көрген көп еді.
Екеуінің есен-сау
Көріскені келісті.
Көрісіп болып екеуі—
Арманымыз жоқ құдайға
Аман-есен көрдік—деп,
Көңіліндегі қашаннан
Қайғы зарын шығарып,
Екі сұңқар кеңесті...

Батырдың мінген қызыл-ды,
Жал-құйрығы ұзын-ды,
Талма түсте сұлуға
Батырдың көңілі бұзылды.
Белінен қысып құшақтап,
Құртқа сынды қызыңды.
Сағынғаннан бір-бірін
Көзінің жасы тізілді.
Батырың ұстап тартқанда
Сұлудың белі үзілді.
Сол уақыттар болғанда
Құртқа сұлу сөйлейді:
Мінген атың—құлаңыз,
Шабуыл салып бұлаңыз,
Көптен төсек көрмеген,
Күйінішті болған шығарсың.
Алай да болса, сұлтаным,
Аз-кем күнге шыдаңыз,
Алыптай еді бір басың
Тайбурыл атты ойнаттың.
Дұшпаның көп-ті, досың жоқ,
Сұлтаным, бұзба қайратың.
Айдынды көлде қу аттым,
Дертке дәрі етіне.
Ойнап балық шығады
Жазғы судың шетіне.
Ағаң, інің сенің жоқ
Халық қолыңа тигенде.
Біреуменен ұрыссаң,
Біреуменен керіссең,
Әзілдесіп, күлісіп,
Жамандардың тілі ащы,
Қадыр білмес кей жаман,
Ата-анасын жоқтамай,
Қатынын Қобылан тапты деп,
Кінә қылар бетіңе!

Сонда Қобылан сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Бұлғай да бұлғай, бұлғай ма,
Бұлғайдың түбі тынғай ма?
Өтірік айтқан оңғай ма,
Түлкі киген тоңғай ма?
Бұл ақылың, қыз Құртқа,
Патшаға бітсе болмай ма?!
Сөзің дұрыс, Құртқажан,
Тапсырдым сені Құдайға
Бұлаңдаған, қыз Құртқа,
Әйел болдың айла жоқ,
Егер еркек болғанда,
Болар ең жұртқа тұтқа бір.
Төрткүлден соққан төбе еді,
Есілден шыққан көл еді.
Жалғыз да болсам жасымнан,
Көпке басым тең еді.
Неше жылдай жол шегіп,
Ауыр азап көп көріп,
Сарғайған нарың мен едім,
Сағынған жұптым сен едің.
Сүйтіп көрген сұлтаным
Бір ауыз сөзге жарамай
Кетті деп айтар деп едім.
Арманым жоқ дүниеде,
Есен-аман қауыстым
Құдай қосқан жарыма.
Ата-анамды, көп жұртым
Көре алмаспын деп едім,
Ертең Бурылды мінейін,
Қарыма сүңгі ілейін.
Дәуіт соққан берен-ді,
Кебінім деп киейін.
Сіздерді алған дұшманға
Жалғыз да болсам тиейін.
Матау көріп байланған
Біздің Қыпшақ ағайын
Қойсын бүгін ұйқысын.
Түніменен сайланып,
Бітіре берсін жұмысын.
Жер басына тоғайдан
Кесіп алсын бір келтек.
Ертеңгі күн Күн шыға,
Аллалаған дауысым
Аш қарында шыққанда,
Мендікпін деген ағайын
Дарбазадан табылсын.
Тоқым салдым алаға,
Жау іздедім далада,
Ағайын-туған, қарындас
Қарамай ата-анаға.
Мұншама, Құртқа, бой жазып
Нағылып шықтың далаға?!
—Келінің ұзап кетті деп,
Өкімі жүрген ит қалмақ,
Барғанша азар бермесін
Ата менен анаға.
Құртқажан, енді кешікпе
Қайт тезірек қалаға.
Құртқажан, сәлем дегейсің,
Ата менен анаға
Және де сәлем дегейсің
Қыпшақта үлкен ағаға,
Жасы кіші балаға.
Көріп келдім сұлтаным,
Келіп отыр дегейсің,
Қаланың сырты далада.
Әділ сұлтан бір жанын
Қылып отыр дегейсің,
Ағайын, жұрттан садаға.
Қош, есен бол, Құртқажан,
Ертеңге дейін тапсырдым
Бір жаратқан Аллаға!.
Сонда Құртқа сөйлейді:
—Қайт десең, сұлтан, қайтайын,
Алшағыр соққан қалаға.
Көргеннен соң шығып ем
Шыдай алмай далаға.
Сұлтаным, сенен айрылып
Ішім толды санаға.
Шыбыныңды, тапсырдым,
Бір Жаратқанға Құдаға.
Хандай қара басыңнан
Мендей сорлың садаға!
Құртқа сорлы жылап тұр,
Екі көзін қадап тұр
Қобыланды сынды балаға!
—Айдынды көлде қу аттым
Дертке дәрі өтіне.
Ойнап балық шығады
Жазғы судың шетіне.
Жарылқасын Құдайым,
Сұлтаным, сенің бетіңнен.
Шырағым, жаның сау болса,
Кегіңді мықтап аларсың,
Қызылбастың кентінен.
Тым болмаса, мойның бұр,
Кетейін сүйіп бетіңнен!
Құдай қосқан нашармын
Жазым болып, көз жұмсаң,
Кім жоқтайды соңыңнан,
Мен өлермін дертіңнен!
Жаз мінгенім жалды еді,
Қыс мінгенім қоңды еді,
Сүйгенімнің алды еді.
Асқаным алтын мосы еді,
—Жасаған құдай оңдаса,
Сүйгенім сені осы еді.
Мойнын бұрды Қобылан нар,
Құртқа сұлу ынтызар,
Ауыздан сүйді Құртқа жар.
Аузын сүйді аймалап,
Алқымын сүйді қармалап.
Алқымға ауыз салады,
Өліп-өшіп барады,
Көбірек тұрып құшақтап,
Қобыланды сұлтан баланы.
Қожа бесін болғанда,
Ғашық жармен көрісіп,
Ішкен асы сұлудың
Бойына енді тарады.
Көңілі тасып, шат болып,
Шұбалаңдап қыз Құртқа
Шаһарға қайтып барады.

Тағы оқыңыз