Қобыланды батыр (37-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 4 мин оқу
Есіктің алды Есіл-ді,
Есілдің талы кесілді.
Ақ бөкендей жосылды,
Үлкен қақпа алдында
Қаладан шығып көп Қыпшақ,
Ақ бөкендей жосылды,
Қойдай маңырап, шуылдап,
Қозыдай маңырап, дуылдап,
Қобыланды ерге қосылды.
Көрерміз деген батырды
Жоқ еді тіпті есінде,
Қобыландыға көп қыпшақ
Әммасы қалмай қосылды,
Ертеңгі күн бесінде.
Қабыл болды бұл сапар
Қобыланды ердің мұраты,
Ата, ана, көп халқы,
Дұшпаннан шығып саламат,
Қобыланды ерге көрісіп,
Құтылып жаудан ел-жұрты,
Есендік-саулық сұрады.
Көп дұшпанды мұқатып,
Ерлердің көңілі тынады.
Алшағыр ханның шәһәрін
Бүкіл қыпшақ жабылып,
Он жеті күн шабады.
Атаңа нәлет ит қалмақ,
Іздегенін табады:
Үрерге иті қалмады
Сығарға биті қалмады.
Қыпшаққа тиген Алшағыр
Бүтін жұртын жалмады.
Алтын-күміс, бар малын
Ырғап-жырғап алады,
Артық бақыт табады.
Шауып жаудың қаласын,
«Шырағым» деп жұбатты
Жылаған қыпшақ баласын.
Олжа малға толтырған
Қараспан таудың сағасын.
Белдемше буды беліне
Белгілі болды еліне.
Нан піседі деміне—
Байдың қызы жамылып
Масаты менен беренді.
Қалың қыпшақ, көп қият
Мол олжаға кенелді.
Дұшпаннан алған көп малды
Қараспан тауын бет алып
Ызғытып айдап жөнелді.
Артық туған Қобыланның
Келмеді дұшпан шеніне,
Ойлаған оның мұрадын
Келтірді Құдай жөніне.
Үш ай, үш күн дегенде
Қараспан тауын жағалап,
Азулы деген көліне
Тоқтар басы, көп қыпшақ
Келіп қонды баяғы
Алшағыр шауып зарлатып,
Бөліне көшкен жеріне.
Көлден тарттым борықты,
Қалың қыпшақ жағалап
Қараспан тауға қоныпты.
Кемшілік көріп кәпірден,
Пенде болып байланған
Жылаған қыпшақ баласы
Бұрынғыдан екі есе
Бақ-дәулетке жолықты.
Келіп қонды көп қыпшақ
Азулы деген көліне.
Бұрынғыдан көп артық
Дәулет бітті еліне.
Артық туған Қобыланның
Ісі келді жөніне,
Келмеді дұшпан шеніне,
Қалмақтан алған көп олжа
Әділдікпен батырың
Жиып алып көп халқын,
Бөліп берді еліне,
Пақыр, кедей, кеміне.
Кедейі байға теңеліп,
Риза болды бәрі де
Қобыланды сынды еріне.
Қобыланды жиып көп елді,
Қият-қыпшақ баласын
Көп олжаға кенелді.
Халықпен қатар олжаны
Үлестен бөліп алғасын
Кедейі байға теңелді.
Белдемше буды беліне
Нан піседі деміне.
Қонды қыпшақ жағалап
Үш ай, үш күн дегенде
Бөлініп көшкен жеріне.
Бүкіл қыпшақ бәрі де
Салтанатты бұрынғы
Қара теңіз көліне.
Ешкі малдың серкесін,
Ақсақал жер шекесін.
Ұзын сөзді қысқартып,
Енді айтайын төтесін.
Отыз күн ұдай ойын қып,
Қырық күн ұдай тойын қып,
Қобыландыдай батырға
Құртқа сынды сұлудың
Осы жерде қиды некесін.
Батырың менен Құртқаны
Тоқсан екі қатын жеңгелеп,
Қия кесіп жал қойды,
Аяқ тола бал қойды.
Батырға сынап, іс қылып,
Ақылы артық, кең ойлы,
Құмырсқа бел, тал бойлы,
Тоқсан екі қатын да
Жал мен жая асады.
Батырға жеңге болдым деп,
Қуанып судай тасады.
Бірін-бірі жұлмалап,
Алдынан шашу шашады,
Қатарлап қамқа басады.
Шаршап келген шырақтың
Етіне де батар деп,
Әр қамқаны бір сілкіп,
Тігістігін басады.
Күн қызылы батқанда,
Ауылдың алды жатқанда,
Тоқсан екі қатындар
Қобыландыны жетелеп,
Ақ отауды төтелеп,
Құртқаға тіккен ақ орда
Батырды әкеп енгізді.
Белі қылдай, беті айдай
Құртқаны оған көргізді.
Әкелгесін батырды
Сағынып жүрген қыз Құртқа
Белбеуін алды шешініп,
Етігін тартты көсіліп,
Жібектейін есіліп.
Бүлде шұбар көйлекті
Сұрғылттау келген желекті
Сыпырып алды басынан.
Құртқа сондай сұлуың,
Шешініп енді қасына.
Қобылан сынды батырың,
Бұрап алды мойнына,
Тартып алды қойнына.
Сағынып жүрген батырдың
Таң қаларсың ойнына.
Ешкім баспас ақ төске
Қаршығадай қонады.
Жолдары енді болады,
Екі тау да, төрт сирақ
Жау тигендей болады.
Тоқсан екі қатындар,
Үй жағалап, тың тыңдап,
Бірін-бірі шымшылап,
Олар да мәз болады.
Қараша емес, қауыс-ты,
Қайырса, келер дауысы.
Берсін кімге намысты
Түн ортасы болғанда,
Түзеді батыр шабысты.
Жақын қылып алысты,
Қисық емес, дұрыс-ты
Көтерем тайдай құнысты,
Арттарымен жүрісті,
Құдай берсе қолына,
Кім қылмайды бұл істі.
Таң атқанша тізерлеп,
Екі тақым құрысты.
Жарысына бұлардың
Жеңгелері күлісті.
Құдайдың берген несібін
Аянбай Құртқа көріпті.
Сақтағанын сұлуға
Батыр Қобылан беріпті.
Қобылекеңнің асылы
Құртқаңызға сыймаған
Тұсындағы кереге
Азатынан келіпті,
Айрандай болып ұйыпты.
Түндік ашып таң ата,
Тоқсан екі қатын еніпті.
Таң-тамаша көріпті,
Құртқа сұлу тұра алмай,
Шойырылып қалыпты.
Тоқсан екі жеңгесі,
Шекеде алтын теңгесі,
Қобылекеңнің асылын
Мысқалдап бөліп алыпты.
Қасықпенен қатындар
Денесіне салыпты.
Құдіреті Құданың
Қолыменен салған денеге
Перзент болып дарыпты.
Тоқсан екі қатындар—
Жеңгелеп келген жеңгесі
Тоқсан екі ұл тауыпты.
«Атамыз ақ көбікті алыптың»—
Деген сөзі қазақтың
Қобыланды менен Құртқаның
Бір күнгі жатып ойнаған
Сідігінен қалыпты.