Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (34-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу

Сүйек біздік, ет басқа,
Ақмоншақ ат астында,
Қамшат бөркі басында,
Қарлыға келгенге ұсайды,
Келді ғой, қозым, тұр сәна!
Қабағы қарыс жабылған,
Жіңішке жирен аты бар,
Қолында жазған хаты бар.
Аллаға жеткен даты бар,
Бейне Ораққа ұсайды,
Келді, қозым, тұр сәна!

Алшағыр сонда сөйлейді:
Шешен туған ерлердің
Сөйлейді ғой иегі.
Батыр туған ерлердің
Тартар садақ білегі,
Бұл сөзіңе балаңның
Қозғалмайды жүрегі!
Жоқ сөзді айтып қинама,
Қазан барып соғысып,
Көбікті барып жоқ болған,
Қайдан келсін бұл жерге
Қобыландының сүйегі.
Неше балшы болсаң да,
Айтқан сөзің, жан шеше,
Үйлеспейді жүйеге!

Тағы кемпір сөйлейді:
—Май түбінде тортамын,
Ақ бөкендей жортамын,
Мінген аты, шырағым,
Келді, балам, Бурылы,
Қобыланды деп қорқамын!
Таңбасыз жатқан тайыңды
Таңбалар деп қорқамын.
Енсіз жатқан қойыңа
Ен салар деп қорқамын.
Басыңнан ұшар әруақ,
Атаң мінген алтын тақ—
Бүлінді, балам, біздің халық
Сол мінер деп қорқамын.
Шәрі байтақ жұртыңды
Сол билер деп қорқамын.
Үстіндегі ақ сауыт,
Бұйырып соққан ер Дәуіт,
Сол киер деп қорқамын.
Ылдидан шапса, төске озған,
Ертеңнен шапса, кешке озған,
Томағалы көзді қасқа азбан—
Сол мінер деп қорқамын.
Ор түбінде бәйтерек
Басы көкке қараған,
Тамыры жерге тараған,
Жапырағы бар еді
Сом алтыннан жараған,
Сол кесер деп қорқамын.
Атаң жиған байтақ ел
Бүлдірер деп қорқамын.
Қанікейдей көрікті қыз,
Тінікейдей текті қыз,
Күлдірер деп қорқамын.
Шағалаға шәулі сап,
Ілдірер деп қорқамын.
Менің өзім нашармын,
Кілттің аузын ашармын.
Сен жатсаң да, мен жатпан,
Қанікейдей көрікті қыз,
Тінікейдей текті қыз,
Екеуін алып қашармын.
Жау қолында жылатпан,
Күймеге салып екеуін
Белден белге асармын.
Ат жектіріп қу кемпір
Қызын салып күймеге
Ыңғайланды жүрмекке.
Әркім елде құмар қыз
Қолына тисе сүймекке.
Қарамайды қу кемпір
Алтын, күміс дүниеге.
Мінген аты алады,
Екі қызын алады,
Күймесіне салады.
Ұлы бесін кезінде
Қызын салып күймеге
Қақпаның аузын аштырып,
Кемпір қашып барады.
Қаладан қашқан кемпірді
Қарлыға көзі шалады.
Қуып жетіп көк атпен
Қу кемпірге білдірмей,
Сыртын тіліп күйменің,
Екі қызды біржола
Ұрлап алып қалады.
Күймеде қызым аман деп,
Кемпір кетіп барады.
Қарлығаның алғанын
Қараман көзі шалды.
«Қарлығажан, сауға»,—деп
Қарлығаның алдынан
Қараман жақын барады.
Қарлыға сонда сөйлейді:
«Көлге біткен жекенсің,
Бүршігі жоқ тікенсің.
Артық асқан бағаң жоқ,
Құдайдан сұрар шамаң жоқ,
Өзіңе біткен малжанды
Сауғадан жиған екенсің.
Ақмоншақ атпен желейін,
Байытқалы келіп пе ем,
Қияттың жаман кедейін,
Қараман саған не дейін?
Өзімнің басым сауғадан
Құтыла алмай жүргенде,
Мен кімге сауға берейін?!»
Қараман сонда сөйлейді:
«Мұсылманға мазаттық,
Қызылбасқа қазаыттық,
Қанікей мен Тінікей
Екі қызды бер маған,
Қарлыға сені алмайын
Басыңа бердім азаттық».
Мінген аты ала-ды,
Қылшық жүнді қара-ды.
Шығара алмай барады
Ішіне толған сананы.
Қарлыға сынды сұлуың
Көңілі қатты сүйеді,
Қобыландыдай баланы.
Қанікей мен Тінікей—
Қос сұлуды бір беріп,
Қарамандай батырдан
Артық туған Қарлыға
Басын сатып алады.
Масыл-масыл, масыл ма,
Аққа құлпы жасыл ма?
Ғашық боп жүрген Қарлыға
Қараманнан шыға алмай,
Жүреді екен қан құсып,
Басын қосқан сықылды
Қобыландыдай асылға.
Мұрадына жеткендей,
Бұлаңдаған Қарлыға
Отыра кеткен асыла.
Сауғада басы жүргенде
Жоламаушы еді қасына.
Тас түлектей түледі
Еркіндік алып басына.
Төртеу еді алтау боп
Басын қосып төрт көкжал,
Кеш болғасын жағалап
Күліп-ойнап төртеуі
Бір төбеге жатады.
Төртеуінің тұлпары
Бауырынан қатады,
Қоржындағы азықтан
Бұйырған дәмін татады.

Тағы оқыңыз