Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (13-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу

Бес ағаштың түбінде,
Қазанның алған жылқыға
Ағыны қатты Бурылмен,
Аңқытып келіп жолықты.
Қазан елдің көп жылқы
Жатыр екен далада.
Қаланың сыртқы баурында
Бұлаңдаған Бурылмен
Қобыланды жетіп келеді.
Артық туған Қобыланды
Бір уақытта көңіл қылады,
Бұзайын деп ойлайды
Қазанның Сырлы қаласын.
Қобыланды жалғыз ат қойып
Қаланың аузын қандатты,
Көшенің аузын шаңдатты.
Көкалалы көп жылқы,
Бөрі құлақ ен жылқы,
Гулетіп жылқыны алады,
Айқайлап жиған көп жылқы
Бір уыс болып қалады.
Жылқыны жонға шығарып,
Қазанның Сырлы қаласын
Қайта айналып шабады.
Бетіне қалқан далдалап,
Шәріне шапты «Аллалап»!
Қақпадан атын қарғытты,
Кіндіктен оғын сырғытты.
Туырлыған тоқым қып,
Керегесін отын қып,
Мал шығармай салаға,
Ел шығармай далаға.
Жау бетінде жад қылып,
Жеті кәміл бабаға.
Алтын тіркеп шанаға,
Қарамай қатын-балаға.
Өтірік емес, жан аға,
Қазанның Сырлы қаласын
Бұзып, жарып Қобылекең,
Он екі күн дегенде
Жалғыз жанды құтқармай
Сырлы қала бәндесін
Артық туған Қобыланды
Айдап шықты далаға.
Құлақ салмақ сауап-ты,
Бес уақытты азанға,
Төрт құлақты қазанға.
Ителгі құстың тырнағын
Мың сан қарға жазар ма?
Жалғыз бұзып Қобыланды,
Сырлы қаланы алады,
Адамын жөнге салады,
Артық бақыт табады.
Қарауыл қарап қайтпаққа
Қаланың қиғаш қасында,
Қасқарлық таудың басына,
Бұлаңдаған Бурылмен
Батыр Қобылан шығады,
Құртқаның сөзін сынады.
Жан-жаққа көзін салады,
Батырдың көзі шалады,
Қалың Қият, көп қосын
Он екі күн дегенде
Олар да келіп қалады.
Өзі жатқан Қазанның
Қырлы дейтін қаласын
Қырық мың қолды әскермен
Алты қабат орының
Сыртынан орап алады.
Қараман атты батырың,
Аламын деп ала алмай,
Алты қабат орынан,
Қарғытып ішке ене алмай,
Қақпаның аузын аша алмай,
Қайраты жетіп таса алмай,
Үш күн тұрып сыртында
Болдыра алмастай болған соң,
Енді атына мінеді.
Мініп алып атына,
Тауда жатқан батырға
Қараман өзі келеді,
Келіп сөйлей береді:
Артық туған Қобыланды,
Айбалтам тасқа өтпейді,
Жамандар сөзді кектейді,
Жүрмеймісің, батырым,
Қызылбастың еліне,
Сізсіз күшім жетпейді!
Сонда Қобылан сөйледі:
Атан ба екен, нар ма екен,
Асқар ма екен, тау ма екен,
Арғымақ па екен, ат па екен,
Жая ма екен, жал ма екен,
Шекер ме екен, бал ма екен,
Ер бұзбаған қамалды
Қатын бұзған бар ма екен?!
Мал саттым базар бөзіне,
Салса жылқы тоқтайды
Арқаның бөрікөзіне,
Аспаймын құлақ сөзіңе,
Жолама менің өзіме,
Қатын деп айтқан сөзіңе,
Ерді қатын дей ме екен,
Не деп айттың өзіме?!
Сен бір айтпай, үш айттың,
Келмеді ме кезіңе,
Көрінбе менің көзіме?!
Неше батыр болсаң да,
Үйде қалған Құртқаның
Сатса, алмаймын ізіне!
Өзі түгіл Құртқаның,
Сағынғандағы алмаймын
Қалқамжан деген сөзіне!
Қобыланды бұл сөзді айтқасын,
Қараман құрдас өкпелеп,
«Қобыландыдай құрдасым,
Көрінбе»,—деп жер тепкілеп,
Наза боп қайтып жөнелді.
Алсам мұны алармын,
Алмасам, өліп қалармын,
Қатыныңның тілімен
Жүр ме едің әлі кекті,—деп.
Қобыландыдай батырың
Жая да емес, жал-ды деп,
Шекер де емес, бал-ды деп—
«Бір қатынның тілімен
Құрдасым көңілі қалды»,—деп,
Аршын басты Бурылмен.

Тағы оқыңыз