Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (43-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу

Жаратушы бір Құдай
Он сегіз мың ғаламды
Жоқтан өзі бар қылып.
«Ханнан бүкпей тіземді,
Халықтан бүкпей тіземді,
Батырдан бүкпей тіземді,
Бір қатыннан шөктім,—деп,
Қапияда тізе бүктім»,—деп,
Жатыр көкең ар қылып,
Үйдің ішін шар қылып.
Барма көкең қасына,
Қарамас көздің жасына,
Қаhары келіп жатқанда
Шынымен шабар басыңды.
Ашуланып, сұлтаным
Ішпей отыр асын да,
Жарасын жақсы дарулап,
Мен отырмын қасында.
Тілімді алсаң, Бөкенжан,
Ертемен тұрып, атпай таң
Бұлаңдаған Бурылды
Білдірмей алып берейін,
Астыңа оны мінсейші.
Алты құлаш ақ семсер
Көрсетпей алып берейін,
Қынай белге ілсейші.
Ойпаң жерден орғытып,
Тегіс жерден сырғытып,
Аяңдамай желсейші.
Көп дұшпанның ортасында
Көкеңді шаншып найзамен
Тауға кеткен Қарлыға
Шамаң келер күн болса,
Түсіріп аттан жетелеп,
Көкеңді сүйтіп көрсейші.
Жалғаны жоқ сөзімнің
Шырағым, қозым, сенсейші!
Барар болсаң, шырағым,
Тапсыратын сөзім бар,
Бұл сөзімді білсейші».

Бөкенбайдай батырың
Құртқаның тыңдап ақылын,
«Әкел!»—деді Бурылды
Қайырын сұрап, ақырын.
Бұлаңдаған Бурылды
Бөкенбайға мінгізді.
Алты құлаш ақ семсер
Қынай белге ілгізді.
Бурылына мінген соң
Ағынына шыдамай
Жығылар деп, баласын
Бөктеріп тасты желгізді.
Желмек түгіл, шапқызды,
Жарлардан қарғып атқызды.
Жығылмасын Құртқаға
Бөкенбай батыр білгізді.
Ат үстінен еңкейіп,
Тас көтеріп өңгеріп,
Кереметін көргізді.
Құртқаның көңілі сенген соң,
Жығылмасын білген соң,
Шақырып алып баласын
Құртқа сұлу сөйлейді:
—Бұл жібердім базардың
Бояғы мен бөзіне.
Салса жылқы тоқтайды
Арқаның бөрікөзіне.
Айналайын, Бөкенбай,
Салғын құлақ сөзіме,
Шамаң келер күн болса,
Қарлығадай сұлуға
Қан жұтқызба өзіне.
Көп жақсылық іс қылған
Көкеңнің-дағы өзіне.
Көкеңе қылған Қарлығаның
Жақсылығы көп еді
Жазым жерде жоқ қылсаң,
Өкпелерім өзіңе!
Тапсырғаным осынша:
Өлгенше көрмен жүзіңді,
Есіт менің сөзімді.
Бөкенбайдай батырың
Құртқаның сөзін есітіп,
Аққа белін шешіпті:
«Жамандық өзі қылмаса,
Мен тимеймін,—десіпті,—
Атасы кәпір Қарлыға
Көп дұшпанның ішінде
Көкемді менің шаншыпты.
Түсіріп аттан көкемді,
Қараспан тауға қашыпты.
Ақмоншақ атты көсілтіп,
Күдерден күдер асыпты.
Мені ойламай Қарлыға
Мұншама неге асықты?!
Әлі білмей жүр ме екен
Асыл менен жасықты.
Сенің сөзің болмаса,
Тақымға салып сүйретіп,
Қабырғасын күйретіп,
Ойнатар едім асықты».
Бұл сөзді айтып болғасын,
Бөкенбайдай берен-ді,
Астына мініп дөненді,
Торғынға өзін бөледі,
Қарлығаның ізінен
Бөкенбай батыр жөнелді.
Бурылды «шу» дейді,
Құбылып Бурыл гулейді.
Табаны жерге тимейді,
Алмас қылыш сартылдап,
Алтын жүген жарқылдап,
Өмілдірік сом алтын
Омырауда алқылдап,
Бурыл аяқ басқан жер
Ойыла жаздап солқылдап,
Шаңы аспанға бұрқылдап,
Бөкен батыр келеді.
Қарлығадай сұлу да
«Келмесе екен» дейді екен,
Қобыландының баласын.
Бала да болса қайратқа,
Байқаған екен сұлуың
Манағы жерде шамасын.
О да қоймай тұр екен
Көп жад етіп бабасын.
Келе жатып Бөкенбай
Қараспан таудың басында,
Ақмоншақ атпен көлбеңдеп,
Көлденеңдеп жүргенін
Бөкенбай бала көреді
Қарлығаның қарасын.
«Қашпа, Қарлыға, қашпа!»—деп
Бөкенбай батыр ұмтылды.
«Қашпасаң бала, саспа!»—деп
Қарлыға қарсы ұмтылды.
Бөкенбай келіп бұйақтан,
Қарлығаға сөйлейді:
—Ай, Қарлыға, қашпаймын,
Қайратым бар деп таспаймын,
Дұшманнан қорқып саспаймын.
Құртқаның айтқан сөзі бар,
Тапсырған қатты кезі бар,
Табаныма баспаймын.
Қанша айтсаң, сонша айт,
Қарлыға, сені шанышпаймын.
Бөкенбай айтып болған соң,
Үлектен туған маядай,
Мая жолдан тая ма-ай?!
Баланың сөзін қарамай
Бөкенбайға Қарлыға
Найзасын салды аямай.
Қанша айтса да Бөкенбай,
Қарлыға бұған қарамай.
Есіктің алды кендір-ді,
Етіне найза ендірді,
Аямасын сездірді.
Аямасын білген соң,
Етіне найза енген соң,
Толғамалы ақ сүңгі
Толғап алып Бөкенбай,
Қақ жүректен Қарлығаға
Бөкен де найза төндірді,
Жанған отын сөндірді.
Сауыттың көзі тарқалып,
Алысқанда екеуі
Жүрген жерін ор қылды.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз