Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (33-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу

Манағы қалған күң мен құл,
Қайтатұғын жөн еді.
Күң мен құлын жинады,
Жинағанмен күң мен құл
Оңайлықпен тұрмады.
Тұрайын десе бейшара
Оңаша тіккен күркесін
Кетуге тастап қимады.
Енді ертіп шықпас далаға деп,
Орнынан әрең тұрады.
Төрт бақташы қасында,
Құртқа сынды сұлуың
Алшағырдың шәріне
Тезірек жүріп барады.
Қақпаның аузын аш деуге
Сұлу Құртқа жарады.
Қалаға Құртқа енген соң,
Күң мен құлды әкеп берген соң,
Сүйінші, сұлтан келді деп
Атасы мен анаға,
Дұғай сәлем айтып қалады:
Қыпшақта үлкен ағаға,
Өзінен кіші балаға.
Қобыландының келгенін
Тоқтар басы көп Қыпшақ
Естігесін Құртқадан,
Көңілі тасып қуанып,
Шаттанысып қалады.
Біреуі жылап, біреуі
Есінен танып қалады.
Жалғызға жәрдем бергей деп,
Жаратқанға тапсырды
Қобыландыдай баланы.
Құртқа сұлу кеткесін,
Қожа бесін болғанда
Қобыландыдай батырың
Бір төбеге барады.
Қарлыға қыз келер деп
Алды-артына қарады.
Сол уақыттар қараса,
Өкше ізінен шаң шықты,
Не қылған шаң? деп қараса,
Саулы інгендей ыңқылдап,
Күшігендей сұңқылдап,
Буыны түсіп былқылдап,
Алтын қалпақ дулыға
Шекесінде жарқылдап,
Қалың шаңның астынан
Ақмоншақ атпен Қарлыға
Шыға келді жарқылдап.
Қарлығаның соңынан
Пайғамбар Құда белгісі,
Мінген аты көк бесті
Ақмоншақ аттың інісі,
Сейілдің ұлы Қараман
О да келді былқылдап.
Қараманның соңынан
Қосынның қалған елінде
Орақ дейтін бір батыр:
—Қараманның күйеуі
Шешесі Қамқа түс көріп,
Таңғажайып іс көріп,
Қыпшақты жау алды деп,
Басына қайғы салды деп,
Қараспан таудың сағасын
Адыра талқан қылды деп,
Жалғыз ұлы жауда жүр,
Аналық пенен Тоқтардың
Төбесінен ұрды деп,
Шырағым, атқа мін,—дейді.—
Қалың Қыпшақ бүлді,—деп,
Көрмегенін көрді,—деп,
Қобыланды да жеткен-ді,
Бабасы хабар берді,—деп.
Жау шапқасын халықты
Көзінің жасы көл-ді—деп,—
Шешесі бұл сөзді айтқасын,
Айдынды орақ, ойлы Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ—
Елінен шықты сол шырақ.
Қарлығаға кездесіп:
Барасың қайда?—жөн сұрап,
Жолы бірге болғасын,
Бірге шықты бұрқырап.
Есіктің алды балдырған,
Қызылбас көңілін қалдырған,
Қызылбастың жұртына
Талай бүлік салдырған.
Жіңішке жирен аты бар,
Қолында жазған хаты бар.
Аллаға жеткен даты бар,
Әлемге жеткен даты бар..
Шақырушы Қарлыға
Екеуіне қосылып,
О да келді ер Орақ.
Қобыландының көп елін
Қалмақ алды деген соң
Екеуіне қосылып,
Үшеу болған сол шырақ.
Артық туған Қобыланды
Ақ бөкендей жосылды,
Еркінше шауып көсілді,
Келеді деген бұларды
Жоқ еді ердің есінде.
Соңынан келіп үш көкжал
Қобыландыменен бас қосып
Шаттанысып, қуанып,
«Құртқа да келіп кетті»,—деп,
Есендік-саулық айтысып,
Амандасты бесінде.
Тұра тұрсын төртеуі,
Ойын-күлкі, сауықпен
Іштеңе жоқ есінде.
Құлақ салып тыңдауға
Ерінбесең, жігіттер,
Өзімнен келер жел сөздің
Аянайын несіне?!

Алшағыр ханның сол кезде
Домбыра құйрық......
Сиқыршы болған кітаппан
Шешесі мұның бар еді.
Кітап ашып, бал салып,
Төңірекке көз салып,
Балына түскен алдында
Батырларды көреді,
Келгендерін біледі.
Шақырып алып баласын,
Сонда кемпір сөйлейді:
Жалғызым, балам, Алшағыр,
Сөзіме құлақ сал, Шағыр!
Басыңды көтер, жан балам!
Қастары төмен салынған,
Кеуліне алған табылған,
Іздеген дұшман шабылған,
Жалынбаса шабылған,
Қобаған мұрын, қой көзді,
Талма бетті, нұр жүзді,
Бейне Қобыланға ұсайды,
Келді, қозым, тұр сәна!
Қорасан жүзді, қой көзді,
Орта бойлы, нұр жүзді,
Қараман келгенге ұсайды,
Келді, қозым, тұр сәна!

Тағы оқыңыз