Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыландының Темірланды жеңуі (6-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу

Бөкенбай менен Киікбай,
Қорғанның сыртын айналды.
«Орақты қайдан табам?» деп,
Аман қолға алам деп,
Екі батыр ойланды.
Қараман айтқан сөзі бар:
«Қаланың қиғаш қасында,
Күннің шығыс астында,
Биік дөңнің басында,
Орақты салған оры бар.
Қырдың шықсаң басына,
Іздеген ерің табылар».
Екі батыр сайланып,
Ізденіс деп ойланып,
Ырғай сапты найза алып,
Жайбарақат жау жатыр,
Жан-жағына көз салып,
Қорамсағын байланып,
Қырға қарай бет алды.
Табамын деп шырқанды,
Сездірмей жанға көрініп,
Ел жаңғырып, шуылдап,
Көк темірге көміліп,
Қиядан шалған қырандай
Түн астына үңіліп,
Екі батыр арасын
Көрінім жердей бөлініп,
Үмітін үзбей табам деп,
Кейін жауға шабам деп,
Қобыландының сөздері,
Көңіліне алаң боп.
Көреріне көз болды,
Сөйлеріне сөз болды,
Орды баққан күзетші
Екеуіне кез болды.
«Қайдан жүрген жансың?»—деп,
Бір азырақ сөз болды.
—Жақындама қасыма,
Ордың тұрам басында.
Елге тиген кешегі
Батырды салған осында.
Батырсымақ ер екен
Қорғаймын деп орды енді,
Жолатпайды жанына
Келе жатқан ерді енді.
«Ор болса, Құдай берді,—деп,
Тобасыз жауың өлді»,—деп,
Семсерлерін алды енді.
Кесесінен басқандай,
Келгендерді таң көріп,
Қаруын жұмсап меңгеріп,
Ұстап алды дұшманды-ай.
Буындырып, өңгеріп,
Жел аударған қаңбақтай.
Ат үстінен төңкеріп,
Ордың келді басына,
Ер Орақтың қасына.
Дауыстап Бөкен сөйледі:
—Тірімісің, бармысың,
Қайраған болат жау үшін.
Қайратыңа мінгенің
Қалың елдің қамы үшін.
Артыңнан қуып мен жеттім,
Жібермен жауға намысың,
Қылармын жақын алысың.
Бөкеннің даусын есітіп,
«Аманмын» деп тіл қатты.
Құртқаның салған ала арқан,
Енді есіне түседі.
Алдын болжап аңғарған,
Шаhизада кісі еді.
Арқанды тастап толғапты,
Белге байлап арқаңды
Дірілдетті, бұл тартты.
Ордан шығып көрісіп,
Қос қалқа деп сүйісіп,
Тастады шешіп арқанды.
Көңілі тасып дарқанды.
—Келеді деп сенгенмін
Бөкен, Киік қалқамды.
Бүгін өлсем де арман жоқ,
Жауға салып талқанды.
Жау қолынан аман ба,
Қараман қайда, шырағым?!
Өзім жатып құдықта
Тілегін тілеп сұрадым.
Үш күн, үш түн дем алмай,
Күркіреген дауысын
Есітіп жатты құлағым.
Бөкенбай тұрып сөйледі:
—Жаңадан болдық қасында,
Келеді ертең осында,
Қаhарлы көкем басында.
Үш күн, үш түн соғысып,
Жауы менен тоғысып,
Қарақасқа тұлпары
Қиялай тасқа басылып,
Ауыздан көбік шашылып,
Батыр қызып алғасын,
Сауыттың көзі ашылып,
Күшейіп жаудың байрағы,
Батырды жалғыз ортаға алып ап,
[Қоршаласып қалысқан].
Бірнеше жерден найзалап,
Ортасында алысып,
Қарсы шеңгел салысқан.
Бір қолынан жан кетіп,
Найза орнынан қан кетіп,
Қарақасқа тұлпармен,
Бір қолымен бұрмалап,
Атқан оқтай жұтынған,
Жаудан қашып құтылған.
Шықпай қалған жаны бар,
Қара қасқа тұлпары—
Алып шыққан жануар.
Қайрыла алмай біз кеттік,
Бес жүз әскер қызылбас
Қараманды іздеп барады.
Қолында жасыл туы бар,
Ертең ерте күн шыға,
Көкемнің салған дауысы
Құлағына шалынар.
Мұны естіп ер Орақ,
Ерге жаны ашыған.
Қабағынан қар жауып,
Жауды естіп басынған.
Жауда кегі кетпес деп,
Қобыланды келсе осыдан.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз