Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (18-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу

Бұл шаһардың әйелі
Ерлерінен айрылып,
Бәрі де жесір, тұл қалды.
Бұл қырғынға қоймады,
Қобылекең бұған тоймады.
Шәрісін тегіс бұзсам деп,
Ат қоймаққа ойлады.
Қазанның Қырлы қалаға
Қобыланды тұрып сиынды
Жеті кәміл бабаға.
Ақ сұңқар құстай шүйіліп,
Мал шығармай салаға,
Жан шығармай далаға.
Қаладан атын қарғытып,
Кіндіктен оғын сырғытып,
Қаланың аузын қан қылып,
Қақпанның аузын шаң қылып,
Тұлымдысын тұл қылып,
Айдарлысын құл қылып,
Солқылдаған мырзасын,
Табанға салып жүн қылып,
Алтын артты шанаға,
Қарамай қатын-балаға,
Өтірік емес, жан аға,
Қырық қақпалы Қазанды
Он сегіз күн дегенде
Бұзып-жарып батырың,
Малын-жанын ызғытып,
Қақпаның аузын аштырып,
Айдап шықты далаға.
Есіктің алды мойыл-ды,
Ашыққан Қият тойынды.
Жаманның ісі бола ма,
Атадан алтау туғанмен,
Асылмен белін буғанмен,
Қай күнде жаман оңа ма.
Ызғытып малды шығарып,
Қобыланды батыр келеді.
Қияттың көп сан әскері
Көп олжаға кенелді.
Қаладан сыртқа шыққасын,
Көп қосын көшпей бөгелді.
Атадан жаман туғандар,
Екі, үш күн етке тойғандар,
Арамтамақ олжаға
Беті-қолын жуғандар,
Қоста отырып кеңесті,
Кеңескенде не десті:
Қобыланды елге барғанда,
Қаланы бұзып алдым дер,
Толып жатқан жаманға
Олжаны өзім салдым дер.
Босқа келіп, бос қайтты
Қияттың мың сан нөкер,—деп,
Әлі кімге жетер,—деп,
Қобыланды елге сау барса,
Қадіріміз кетер,—деп,
Ақылдасты көп Қият.
Жалғыз атты Қыпшақты
Өлтіріп кетсек нетер,—деп,
Далада отырған көп жаман,
Қоблекеме бой ұрды.
Бой ұрғанмен не қылсын,
Күңкілдесіп көп жаман,
Түн ортасы болғанда,
Күңкілдің арты қойылды.
Айтса-дағы қылмады,
Мұраты қабыл болмады,
Жамандардың бұл сөзін
Қараман біліп қойғызды:
Қас жаманы жігіттің
Жолдасын ерген қарақтар,
Қойыңдар,—деп бұйырды.
Батырлар мінер қызылды,
Жал-құйрығы ұзынды,
Іс тағдырға сызылды.
Бес күндей малы тойынып,
Алтыншы күні Қиятың
Қайтуға көңілі бұзылды.
Қосындар жүгін артқанда,
Көшейін деп жатқанда,
«Бос қайтам ба жаудан» деп,
Іздеп келіп бұл жерге,
Қараман батыр кезенді—
Қобыландыға келеді:
Ай, Қобылан, құрдасжан,
Қайратыңды мен көрдім,
Бәрекелді, ер!—деді.
Найзам тимей дұшпанға
Арманда барам мен,—деді.
Осы бүгін естідім,
Жақын жерде бір шаһар,
Көбікті дейтін ханы бар.
Жүрсең соған барайық,
Жылқысын айдап алайық,
Қазаннан алған бұл малды
Баға тұрсын халайық.
Көбікті келсе малына,
Салайын жәбір жанына,
Көбіктіні өлтіріп,
Бір тояйын қанына.
Көбікті де ер дейді,
Қайратымды көр,—дейді,
Найзам тимей дұшпанға
Арманда барам мен,—дейді.
Қобыландыдай батырың
Мақұл көріп бұл сөзін,
Асып-тасып екеуі
Алланы алмай аузына,
Барайық десең жүр,—дейді.
Ер салды атқа батырлар
Алтынды тұрман тағынып.
Екі батыр жөнелген,
Сыйынбай пірге жаңылып.
Әруақ ұшып басынан,
Пірлері тайып қасынан,
Еске алмады нағылып?
Қала берген кәміл пір
Барармыз деп соңынан
Жатқанында зарығып.
Түсерміз сонда есіне
Қолға түссе налығып.
Көп қосынға тапсырды
Қазаннан алған көп елді.
Қараман, Қобылан екеуі
Көбіктінің шәріне
Сапар қылып жөнелді.

Тағы оқыңыз