Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыландының Темірланды жеңуі (7-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу

Үшеуі тұрып кеңесті,
Ертемен жауға тием деп,
Екі бала егесті.
Күрең ойнап бұл кеткен
Жау қолына ұстатпай.
Кеткенін қайда білмес-ті,
Қобыланды батыр келгесін,
Қос батырды көргесін,
Уайым-қайғы жемес-ті.
Қолдарына ат түссе,
Маған әкеп жеткіз деп,
Ерлерге берді кеңесті.
Балалар мен Орақ мінгесіп,
Шүкір қып Аллаға көңілі өсіп,
Қаладан қиғаш жағалап,
Сайлы жерді паналап,
Жау көзіне шалынбай,
Кейін қарап беттеді.
Аттан түсіп бір жерге,
Атуын таңның күтті енді.
Ат тауып бер маған деп,
Қос батырға жүктеді.
Екі батыр теңселіп,
Жауды алғанша еңсеріп,
Күн шығуға қарамай,
Жад етіп кәміл бабаны-ай,
Қала аузында ақырып.
Бұлардың даусын есітіп,
Қалың қалмақ шатылды.
Темір хан соққан Тасқала,
Бұдан бөтен бес қала,
Жан қалдырмай шақырды.
Еліңде қанша болса да
Бәрін жиып батырды.
Хан қасында қайдақтар,
Жас өспірім бойдақтар,
Талай төре қызылбас—
Алтынды жаға бейбақтар,
Ертеңгі даусы жол ашты.
Ақылынан адасты,

Сәске мезгіл болғанда
Қырық мың әскер қол шықты.
Хан Темірлан бас болып,
Желбіреген ту шықты.
Барабанын қақтырып,
Шуылдаған шу шықты.
«Жекпе-жек!» деп айқайлап,
Хан батыры Қайдауыл,
Қаhарын жайып бұл шықты.
Арқаның сары даласын
Қопара шауып өрлепті.
Қайдауылдың екпіні
Дауылдай соғып желдетті.
Арыстан туған жас батыр—
Бөкенбай шауып бұл кетті.
Жауына қарсы төніпті,
Кірпігіне мұз қатты,
Өкім құла атты ойнатты.
Тасқа шаншып найзасын,
Қарыс сүйем бойлатты.
Қабағы қарыс түйіліп,
Қара бұлт секілді,
Бұ да қарсы жекірді.
Жаудың көңілін басады,
Әруағы асады.
Толғамалы ақ найза
Толғай келіп шаншады,
Қарсыласып шабысты.
Бір қызылбас, бір қазақ,
Бермейміз деп намысты
Алқымынан алысты,
Жыға найза салысты.
Қайдауыл да ақырып,
Екі езуі көпіріп,
О да қарсы жекіріп,
Дейді: «Бала, қылармын,
Қайтсем де сені алармын!»
Түсі суық жыланнан
О да қарсы тап берді.
Екі батыр найзасын
Сатыр-сұтыр салысты.
Астына мінген аттары
Тізе бүгіп қалысты.
Қалмақтың батыр Қайдауыл
Толғап сұққан сүңгімен
Аттың жалын қабысты.
Шуылдасып қызылбас,
Сүйегіне шабысты.
Бөкен сынды батырды
Ортасына алысты.
Сенген ері осы еді,
Ханның тума досы еді,
Жауға сілтеп болатты,
Сүйегін тастап қалмақтың,
Қосарға алып қара атты,
Ораққа әкеп жеткізді,
Алдынан кесе өткізді,
Көңілдің кірін кеткізді.
Байлады белге болатты,
Басын қосып үш батыр,
Жауға бетін қаратты.
«Мені де жібер барам»,—деп,
Киікбай алдын орапты.
«Батаңды бер, рұқсат бер»—
Жездекелеп Орақты.
Батасын берді, жіберді,
Жауатын күндей түнерді.
Ақ сұр атты ойнатып,
Жібер деп маған бір ерді.
Айбатын көріп хан Темір,
Жұртынан үзіп күдерді.
Киікбай ұрды дабылын,
Жер менен көк жаңғыра.
Жалт қарады Темір хан
Аударып есін тандыра.
Қайдауылдың інісі
Ағамның кегін алам деп,
Атынан түсіп жүгірді.
Ағасына күйініп,
Шыдай алмай тұр еді.
Келіп тұрған баланы
Қуыршақтай көреді.
«Ажалыңды сағынған,
Тумай жатып қағынған,
Қайдан келген неме еді?»
Бұл сөзді айтып жау қалмақ,
Екі көзін қанталап,
Өзіне-өзі сенеді.
Найзасын толғап желігіп,
Мінген атын тебініп,
Етегін белге түрініп,
Ісіп, толып, кебініп,
Ағасын айтып арман қып,
Көзінің жасы төгіліп:
—Ажалың айдап келдің бе,
Неге аяйын жанымды.
Кетірдің бүгін сәнімді,
Сендердің қылған бұл ісің,
Көрген көпке мәлім-ді.
Бүгінгі күні сендердің
Ішетін күнім қаныңды.
Мен жүрмеген жер бар ма,
Мен алмаған ел бар ма,
Қоясың қайда жаныңды?!
Қазақты қуып қоныстан,
Қашқан тастап иесіз,
Алғам талап малыңды.
Бұл сөзді айтып қызылбас,
Келеді сілтеп найзасын.
Найзасын қағып ұшырды,
Асырып жаудан айласын.
Екі батыр алысты,
Қарсы семсер салысты.
Керегедей қабысты,
Саз балшықтай жабысты,
Бермеді жауға намысты.
Және алып қылышын,
Құртайын деп дыбысын,
Алысқанда екеуі,
Жүрген жері ор болып,
Жауын аттан төндіріп,
Ат көтіне міндіріп,
Жекпе-жек келген батыры
Қирады құрған шатыры.
Аш бүйірін таянып,
Шулады қыз бен қатыны-ай.
Жау құлады жер қауып,
Қылышпенен бір шауып,
Жайлады солай батыры.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз