Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (42-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу

Естемістей шалыңыз
Ақырып елді қуырып,
Болыңдар деп зарлады,
Бетіне жанды қаратпай
Жауатын күндей торлады.
«Қобыландының үстіне
Тез қондыр,—деп,—орданы».
Қобыландыдай сұлтаным,
Бұл сапарың болмады.

Әлқисса, бұлар тұра тұрсын, ендігі сөзді Қобыландыдан естіңіз. Қобыланды есінен танып қалып, бір уақытта есін жиып, баласын шақырып алып айтқан сөзі:

Бір уақыттар болғанда
Кете жаздап арманда,
Қобыландыдай батырың
Басынан шоқпар кеткесін,
Үстінен тозаң өткесін,
Көзін ашып қарады.
Жан-жаққа көзін салады,
Есін жиып алады.
Қызылбас қашып салақтап,
Өкім құла атпен бұлақтап,
Шұбалып шапқан баласын
Батырдың көзі шалады.
Шақырып алып баласын
Қобыланды батыр сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Електен өтсең—Есімбай,
Қыс қыстауым Бұқаржай,
Сені берген Иемнен
Айналайын, бір Құдай,
Дәмем еді осындай.
Сен болмасаң тік шауып
Кім жетер еді үстіме-ай!
Қостанып шыққан елінен
Көк шекпенді, көк бөрік—
Қызылбастың хан Шошай.
Менен туған ұл болсаң,
Бөкенбай қалма соңынан,
«Омар менен Оспаным,
Үстімдегі жеті пір
Бөкенбай саған қосқаным.
Ханнан бүкпей тіземді,
Батырдан бүкпей тіземді,
Бір қатыннан мен шөктім
Өлгенше кетпес пұшманым.
Қапияда іс қылды,
Ойламаған дұшманым».
Әкесі сөзін есітіп,
Жөней берді Бөкенбай,
«Тоқта, Шошай, тоқта,—деп,—
Тоқта!»—деп бала ұмтылды,
«Қашпа, Шошай, қашпаң,—деп—
Қашпа!»—деп бала ұмтылды.
Арқада құлан топтады,
Мергені мылтық оқтады.
«Қайтер бала дейсің»,—деп
Қосынды Шошай тоқтатты.
Бала екенін білгесін,
Көріп Шошай қорықпады.
Жайықтың бойы қамыс-ты,
Бермеймін деп намысты,
Еңкейісіп шегініп,
Еменнен найза салысты.
Қарсыласып шабысты,
Бірін-бірі қағысты,
Бөкенбай мінген құла ат-ты,
Құла атпен шауып сұлатты.
Бөкенбайдай батырға
Тәңірім беріп қуатты.
Ертемен жаумен алысып,
Қайратын жұртқа сынатты.
Кіші бесін болғанда
Қызылбастың Шошайын
Бөкенбай аттан құлатты.
Шошай ханның әскері,
Сүйегіне шаба алмай,
«Ой, бауырым»,—деп жылапты.
Қараман менен Ораққа
Қайратын бала сынатты.
Қызылбасты құлатып,
Орақтың келіп жанына
Бөкенбай батыр сөйлейді:
«Көкемді мана көрмедік,
Аз ба, көп пе жарасы
Анығын оның білмедік.
Мен көкеме барайын,
Жақсы ма, жаман сұрайын,
Мен келгенше екеуің
Әскеріне қалмақтың
Тарттыра тұр сазайын».
Бұл сөзді айтып Бөкенбай
Елге шауып жөнелді.
Төрткүл деген төбесін,
Оңдайды ғой, жасаған,
Оңдармын деген пендесін.
Тыңдап қара, жарандар,
Бөкенбай ердің кеңесін.
Шауып шығып көреді,
Бөкенбай батыр Құртқаның
Ордасының төбесін.
Үйге жақын келгенде,
Түсемін енді дегенде,
Қыл шашын байлап қылаңдап,
Шашбауын байлап сылаңдап,
Өз үйінен Құртқажан
Бөкенбайдың алдынан
Шыға келді бұлаңдап.
Алдынан шығып сөйлейді:
«Көкеңнің бардың сөзімен,
Ердің дұшпан ізінен.
Менің жаным—құрбандық
Айналайын, Бөкенбай,
Көкең мен сенің өзіңнен!
Дұшпанның бардың соңынан,
Алдың дұшпан жолынан.
Менің жаным—құрбандық
Айналайын, Бөкенбай,
Көкең мен сенің жолыңнан!
Көкеңнің бардың соңынан,
Алдың дұшман жасынан.
Ерегескен дұшманға
Намысты бермей қолыңнан.
Айырып алдың көкеңді
Қызылбастың молынан,
Секілді қарға тобынан.
Тайбурылға міне алмай,
Қарына найза іле алмай,
Тұра алмай көкең орнынан,
Найзаның салған зорынан.
Бурыл ат ұшып аспанға,
Ұстатпаған дұшпанға
Қамаған оңы, солынан,
Менің жаным—құрбандық
Айналайын, Бөкенбай,
Көкең мен сенің жолыңнан!
Түйенің көркі нар қылып,
Өзеннің көркі жар қылып,
Көкең аттан түскенде
Шулады ел-жұрт зар қылып.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз