Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (46-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу

Түсейік деді Құртқа да,
Қайрылмай кеттің, батыр, сіз.
Ақша бір жауған қар еді,
Ғаріптің көңілі тар еді,
Қайрылмайтын соншама
Қанша кінәм бар еді?!
Мұнан кейін, Қобыланды,
Қараманның бардың тойына,
Мен келмедім ойыңа.
Әділдігіңді айтқанда,
Той аяғын өктізіп,
Елге тағы қайтқанда,
Алдыңда тұрды ақ шатыр,
Шақыруда болдық біз пақыр.
Жаныңда Құртқа серігің
Қиылса да түсуге,
Қайрылмай кеттің сіз, батыр!
Қанша күнәм болса да,
Сонша көңілің қалса да,
Сонда Шошай алдында
Етпетіңнен бір салдым,
Ескі кекті бір алдым,
Алдыңа келдім, аяма!
Көңіліңде болса сенің де,
Әлі қырқып салсаң да,
Бір алғанмын кегімді!
Қараман құрдас, ризамын,
Қарама-қарсы айтқызып,
Тарқаттың көңіл шерімді.
Бүгін өлсем де арман жоқ,
Шығарып көңіл кірімді,
Қараман құрдас, тыңдасын,
Қобыландыдай сұлтаным,
Қалдырмай сөйле мінімді,
Өтірік айтпай шыныңды!
Сонда Қобылан сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Жақсы айтасың, Қарлыға,
Алланың кең ғой жарлығы.
Ауылдың алды бел еді,
Белден көшкен ел еді,
Көл қатырған сең еді.
Азғана емес қызылбас,
Бірталай жатқан ел еді.
Әркімнің діні өзіне
Қисық та болса жөн еді.
Ақ торғынға бөледі,
Темекідей еледі.
«Шырағым қандай болад?»,—деп,
Өлгенше өмірің тіледі.
Өзіңнің әкең Көбікті
Ақылын айтып өлтірдің,
Әкеңнен жақын кім еді?!
Қара қыпшақ Қобыланды
Танимысың, нең еді?!
Сөзіңнің айтқан бәрі рас,
Басыма басың тең еді—
Саған жұрт қайтып сенеді?!
Мұның аз боп Қарлыға,
Ақ бетіңде тұлымың,
Бірге туған құлының,
Арқаңа біткен жұлының,
Керіле біткен жауырының,
Бірге туған бауырың,
Қолғанатың, құйрығың,
Судан шыққан сүйрігің,
Суырылып озған жүйрігің,
Жалғыз інің Біршымбай
Өзің шаншып өлтірдің,
Кемеліне келтірдің.
Ініңнен жақын кім еді?!
Қара Қыпшақ Қобыланды
Танимысың, нең еді?!
Әкең менен ініңе
Сонша қастық қылғанда,
Кімге достық қыласың,
Саған қыпшақ нағып сенеді?!
Дихан еккен егінді
Есен алса тегін-ді,
Бұл сөзден сұлу жеңілді.
Қобыландының аяғына
Қарлыға сұлу жығылды.
Атасы әйел демесең,
Бір кісіден кем емес
Қарлығаның бір басы.
Қобыландыдай батырдың
Аяғына жығылып,
Қарлыға сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Жеті жыл жаттым тауында,
Бір сен үшін налығып,
Бір көруге сағынып.
Қараспан таудың басында,
Бетімді жудым жасыма,
Өмірге өткен қамығып.
Басыңа басым тең еді,
Шыққаным еріп сен еді.
Шыдайын, батыр, нағылып.
Сонда Шошай алдында
Жеті жыл жатқан ескі кек
Кеудеге сыймай тығылып,
Найзаны салдым қоңыңнан—
Кеттім жолдан жаңылып.
Қараманның алдында
Кек қалмасын көңліңде,
Сұраймын, батыр, жалынып.
Сонда Қобылан сөйледі:
Сөйлегенде бүй деді:
—Ау, Қарлыға, Қарлыға,
Айтқаның дұрыс барлығы.
Бұл жалғанның кезек қой,
Кеңшілігі, тарлығы.
Ашылғандай болды ғой,
Көңілдің алтын сандығы.
Еңбегің сенің аз емес,
Қараманның алдында
Мен де кештім, сен де кеш,
Өткен істің барлығын!
Қараман бастап сөйледі:
«Ау, Қобылан, құрдасым,
Қарлыға мынау—жолдасың.
Осы жерде сөз қалып,
Көңілде ала болмасын.
Қарлығаның серлігін,
Жауға қылған ерлігін
Кеміте алман өз басым.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз