Қобыланды батыр (14-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Аңқытып желді соңынан,
Іс келеді қолынан.
Былқылдап Қобылан желеді,
Соңынан жетіп келеді.
Қобыланды батыр келгесін,
«Сыбағамды бердің»,—деп,
Қараман құрдас күледі.
Қуанғаннан батырдың
Төбесі көкке тиеді.
Қараман, Қобылан қосылып,
Қосынға келіп енеді.
Ордың шығып басына,
Қаланың келіп қасына,
Қобыландыдай батырың
Тайбурылға сөйледі:
Мал саттым базар бөзіне,
Салғыл құлақ сөзіме.
Салса жылқы тоқтайды,
Арқаның бөрікөзіне,
Алты қабат ор екен,
Жеті қабат қала екен,
Алсақ олжа мал екен.
Жайың қалай, Бурыл ат,
Қарғытамын басынан.
Жая қандай, жал қандай,
Шекер қандай, бал қандай,
Екеуміз жолдас болғалы
Бүгін емес, бірталай.
Анаңыз тұлпар деуші еді,
Қалмақтың терең қаздырған
Алты қабат орынан,
Жетінші қабат қалаға,
Қарғытамын, Бурылым,
Жараймысың, жай қандай?
Жоғарғы ерні жыбырлап,
Төменгі ерні қыбырлап,
Екпінімен сыбырлап,
Сонда Бурыл сөйлейді:
—Артыңда қалды еліңіз,
Болды ма мұнда кегіңіз?
«Анамыз Құртқа» деген соң,
Сатылмайды теріміз,
Көңілде жоқ кіріміз.
Қысылған жерде дем берсін,
Жылқышы Қамбар піріміз.
Көңіліңе алсаң қоймайсың,
Қайсар Қобылан—шеріміз.
Салған қолқаң сол болса,
Қобыланды сынды еріміз,
Қарғысам, қарғып көрейін,
Қарғи алмасам, өлейін,
Тәуекел етіп көріңіз.
Мұны есітіп Қобылан,
Бурылды: шу!—деді,
Бүктеле беріп жазылып,
Бурылы бұлқып гуледі,
Алты қабат орынан
Жетінші қабат қалаға
Қояндай ырғып жөнелді.
Ортасына шәрінің
Бурылы барып топ етті,
Жердің шаңы бұрқ етті,
Ат аяғы тиген жер
Тесіле жаздап солқ етті.
Қалаға Қобылан кіргесін,
Іркілмей кіріп кеткесін—
Бала да болса кіл бетті.
Ене алмай қалды Қараман,
Ордың сыртынан айналып,
Маңдайы шып-шып терледі,
Ене алмағасын қиналып.
Көп әскерді көргесін,
Жау екенін білгесін,
Шәрі жұрты жиналып,
Қазан ханы бас болып,
Ұрысуға сайланып,
Жатыр екен жиналып.
Арқада бар бөрікөз,
Жақсыда ғой тәуір сөз,
Неге ұмытсын көрген көз.
Арыстан туған Қобыланды
Көп әскерге келді кез—
Қырық мың атты қызылбас.
Қолына жасыл ту алып,
Арыстан туған Қобыланды
Ақ білегін сыбанып,
Көңілі тасып келеді
Жауды көріп қуанып.
Сол уақытта алдынан
Қара қасқа ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген,
Алдына дабыл төңкерген,
Артына сауыт бөктерген,
Аламанға дем берген,
Азды көпке теңгерген,
Қара бөркі қалпайған,
Қайратымен мал жиған,
Мен сондай! деп далдиған,
Қысқа күнде қырық шапқан,
Тері тонды теріс артқан,
Қызылбасқа жан тартқан,
Қазақ десе, оқ атқан,
Қабағына қар қатқан,
Кірпігіне мұз қатқан,
Он екі күнде бір жатқан,
Он үш күнде бір татқан,
О да айтулы ер еді,
Қызылбастың белі еді,
Құдайдан дұшман сұраған,
Жау көрмесе, жылаған.
Найзаның ұстар жеріне
Қолыма жұмсақ болсын деп,
Топтап барқыт ораған.
Шын кәріне келгенде
Жауған қардай бораған.
Суда болар ақ сазан,
Молдалар айтар бес азан,
Үлкендете жолымен
Кеке, бала, кеке деп,
«Жеке, бала, жеке!» деп,
Алдынан шықты ер Қазан.
Хан шыққансын кім қалсын,
Ханның ұлы қарауыл,
Бектің ұлы бекауыл,
Хан жігіті жасауыл,
Хан қасында қайдақтар,
Қатыны жоқ бойдақтар,
Отыз төре қызылбас—
Үй басына он сомнан
Жатып жеген бейбақтар.