Қобыланды батыр (36-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу
Қайта айналып толғанып,
Найза және қолға алып,
Ер Орақты бір шаншып,
Қараманды бір шаншып,
Қарлығаны бір шаншып,
Қобыландыны бір шаншып,
Сыпыртып өтіп жөнелді.
Ішіне кегін шерледі,
Маңдайы шып-шып терледі.
Біршымбайдың қайраты
Барған сайын өрледі.
Қайраты артық Біршымбай
Самсап тұрған ерлерді
Бір адамдай көрмеді.
Осылайша Біршымбай
Үш-үштен найза түйреді,
Етіне найза ендірді.
Үш-үштен найза тигесін,
Етіне найза енгесін,
Төрт көкжал да меңдеді.
Меңдегегенін көргесін.
Қарлыға сұлу сөйледі:
«Сіздер кейін тұрыңыз,
Барайын жалғыз мен,—деді.
Әуелі, Алла, анайым.
Хақ жаратқан Құдайым.
Мал шыдамас жауырға,
Ер шыдамас бауырға.
Сіздер кейін тұрыңыз,
Бірге туған ит еді
Жалғыз өзім барайын.
Есебін тауып жігіттер,
Өлтірейін мен,—деді.
Менен күші әкемнің
Бір батпандай артығы-ай,
Әкемнен күші мұның да
Сегіз батпан артығы-ай.
Үстіндегі сауыттан
Атсаң оғың өтпейді,
Шапсаң қылыш кеспейді,
Жел соғарлық самалы
Көкжелкеде артында-ай.
Ілеспейді бұл аттар
Астына мінген атына-ай.
Өлтіріп кетсе мені егер,
Көк желкеден атыңдар,
Жігіттер, болмай ғапыл-ай».
Мінген аты кер еді,
Атасы әйел демесең,
Қарлыға қыз да ер еді.
Қараман, Қобылан, Ораққа,
Жолдастыққа жарады.
Қобыландыдай батырың
Қарлығаға сенеді:
«Есебін тауып айламен
Өлтірмесем болмас»,—деп,
Бөркін жұлып алады,
Шашын жайып Қарлыға
Ақмоншақ атты қайшылап,
Ерлердің шығып қасынан,
Біршымбайдың алдынан
Қарлыға шауып барады.
Жетіп барып сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Айналайын, Біршымбай,
Сал құлағың сөзіме.
Абайламай, шырағым,
Салдың найза өзіме.
Сен кеткесін, Біршымбай,
Шәһәрді басып көп дұшпан
Еліңе ойран салғаны.
Байлаудан қашып Қобыланды,
Әскер жиып барғаны.
Қайратқа әкең жарамай
Қаза тауып қалғаны.
Дұшпанды қырып, шырағым,
Шәһәрді алдым босатып,
Бір жанымды аямай.
Жалғыздық түсті басыма
Сертке атаң жарамай.
Көп дұшпанның ішінен
Қашып еді үш батыр
Жалғыз қудым шыдамай.
Енді өлсем де арман жоқ,
Есен-аман, саламат
Көрсетті сені бір Құдай.
Мені танып, шырағым,
Атыңның басын бұрмадың,
Қайратыңнан айналдым,
Жалғыз бауырым, Біршымбай,
Болайын сенің құрманың.
Менен қашқан үш дұшпан,
Мынау келіп тұрғаны.
Сөзімді тыңда, шырағым,
Жалғыздық түсіп басыма,
Көңілімде бар қапа.
Бұл дұшпаннан аса алмай,
Басына қайғы сала алмай,
Ақыл-айла таба алмай.
Басымды саған қоса алмай,
Жаудың тұрып қасында
Жаралы болған басымды
Адам көрмес жерге апар.
Қайтып келіп үш ерден
Найза сұғып кек әпер!
Бір туғызған, шырағым,
Екеумізді Құдай-ды.
Жақыны көрсе кемшілік
Кімнің жаны шыдайды?
Жара қатты, жан тәтті,
Бірге туған Қарлыға
Алдынан келіп жылайды.
Біршымбай сонда сөйлейді:
—Ой, апа-еке, білмедім,
Жау ішінде жүргесін,
Кім екенін көрмедім.
Толықсыған найзамды
Оңды-солды сермедім.
Кетті көзім қарайып,
Кім екенің білмедім.
Бері жүргіл, жан апа,
Тауға апарып қояйын,
Қайтып келіп үш ерге
Найзамды кезек ұрайын.
Алдына түсіп барады,
Қарлығадай сұлуың
Алды-артына қарады.
Көк желкенің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Жайымен бара жатқанда
Найзаны дәлдеп ұрады.
Біршымбайдай серкеден,
Тозады мақпал көрпеден.
Назары әрмен ауғанда
Өз апасы Қарлыға
Найзаны салды желкеден.
Біршымбай мінген ала атты,
Ала атты шауып бұлатты,
«Жан апа» деп жылатты.
Жан апасы құрысын,
Біршымбайды Қарлыға
Айламенен құлатты.
Біршымбайды өлтірді,
Сәтіне ісін келтірді,
Белес-белес бел еді,
Атасы әйел демесең
Қарлыға қыз да ер еді.
Ерлігін анық білдірді,
Біршымбайды өлтіріп,
Көк ала атты жетелеп,
Жүрер жолын төтелеп,
Қараман, Орақ, Қобыланды
Үш батырға келеді.
Келгеннен соң Қарлыға
Көңілі тасып шат болып,
Батырлар қызға сенеді.
Көрген адам таңданар,
Қарлығаның пормына
Көп дұшпанын мұқатып,
Құдайы қалап ерлердің
Істері келді орнына.
Қарлыға мінген кермеді,
Қапияда Біршымбай
Айламенен өледі.
Айламенен ол кетті,
Дұшманға болар ер ме еді?!
Қарлыға менен Қобыланды,
Қараман, Орақ—төртеуі
Бастарын қосып батырлар
Намыстарын бермеді.
Қобыланды ердің бақыты
Барған сайын өрледі.
Біршымбайдың соңынан
Ешкім шықпай қаладан,
Баспақты сиыр, танадан,
Алтын, күміс, шарадан,
Жүгін тиеп шанаға
Тоқтар бас боп көп қыпшақ
Шуылдап шықты қаладан,
Қалмай қатын-баладан.