Қобыланды батыр (38-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Тұра тұрсын, бұл сөзім,
Айтамын рас, шын сөзім,
Кетейін тағы баян ғып,
Қарлыға сұлу нағыпты.
Қаншама еңбек қылса да,
Қобыланды батыр алмайды,
Сөзіне құлақ салмайды.
Қараманға бармайды,
Не қыларын біле алмай,
Қарлыға сұлу зарлайды.
«Мен бір жүзіқара болдым» деп,
Жад қылады Құдайды.
Жалғыздық түсті басына,
Ешкім келмей қасына,
Қобыландыға өкпелеп,
Сегіз құлақ ақ шатыр
Таудың тігіп басына
Жата берді бұл жалғыз:
«Еріп шыққан, батырым,
Көрсеткенің осы ма?!»
Жата тұрсын тау жайлап,
Қарлығадай сұлуың,
Ақ моншақ аты астында.
Қобыландыдай батырың
Кеңескен жиып жақынын.
Қарындасы Қарлығаш—
«Ораққа бер» деп той қылып,
Атасы мен анаға
Батырым айтқан ақылын.
Байлауға қыпшақ түсті деп,
Жалғыз шапқан батырың—
Күйеу қылып Орақты
Тігеді алтын шатырын.
Қызын беріп Тоқтарбай
Қайырлы ет деп ақырын.
Отыз күн ұдай ойын қып,
Қырық күн ұдай тойын қып,
Қарындасын ұзатқан
Қазына артып, жүк тиеп
Қобыландыдай батырың.
Әлқисса, Қараман батыр Қобыландыға Құртқаны қосып, Қобыланды қарындасы Қарлығашты ұзатқан соң еліне қайтпақ болды. «Алшағырдың қарындасы Қанікей, Тінікей—екі қызды алуға той қыламын, тойыма келің»,—деп Қобыланды, Құртқаны шақырды. Қараманның тойына бара жатып, орта жолда тіккен Қарлығаның шатырына Қобыланды, Құртқа кез келеді.
Қарамандай батырың
Қыпшақты тауға қондырып,
Көңілдерін тындырып,
Құртқаны қосып Қобыланға,
Тебетейін сындырып,
Шын достығын білдіріп,
Қобыландыдай құрдастан
Қайтуға рұқсат сұрайды.
Жаманның тілі кекесін,
Жақсы болса жолдасың
Мұрадыңа жетесің.
Қараман құрдас сөйлейді:
—Қанікей мен Тінікей
Елге жүріп, құрдасжан,
Бер,—дейді, қиып некесін.
Шақырады Қараман
«Қобыланды менен Құртқажан
Екеуі бірдей жүрсін,—деп,
Мереке, қызық тойым бар
Көзімен кеп көрсін,—деп,
Қанікей мен Тінікей,
Өзі жүріп Қобыланды
Некесін қиып берсін»,—деп.
Қараман кетті еліне,
Нан піскендей деміне.
Кешікпей ертең келсін деп.
Шақырған соң Қараман
Қобыланды менен Құртқажан,
Күймелі арба сүйретіп,
Сүйретуге атын үйретіп,
Үш жүз кісі қосшы алып,
Қобыланды, Құртқа жөнелді
Жердің жүзін күңірентіп.
Қараманның тойына
Көреміз деп көп елді,
Қалың қыпшақ баласы—
Ішкені мас, жеген тоқ,
Кедейі байға теңелді.
Қараманның еліне
Сапар тартып келеді.
Құртқа сынды сұлуың
Торғынға өзін бөледі.
Арқада бар бөрікөз,
Неге ұмытсын көрген көз?!
Келе жатып батырың,
Қарлыға жатқан шатырға
Талма түстің кезінде
Қобыланды, Құртқа келді кез.
Алдынан шығып Қарлыға
Қобыланды мен Құртқаға
Бір-екі ауыз айтты сөз.
Ақмоншақ ат астында,
Кәмшат бөрік басында
Атқан оғы жасыл-ды,
Көргесін көзі қимайды
Қобыланды сұлтан асылды.
—Сенің үшін әуелден
Бәйгеге тіктім басымды,
Төбеге түйіп шашымды.
Тауда жалғыз жатырмын
Ағызып көзден жасымды.
Осылай ма еді уағдаң,
Әуреге салдың басымды?!
Шатырымды көрсеткіл
Апеке, түсің қасыңда.
Қобыланды саған не жаздым,
Қайда барсаң, кім айтар,
Дұрыс деп қылған осыңды?!
«Апеке, түсің»,—деп жалынды,
«Жездеке, қон»,—деп налынды.
Қарлығадай сұлудың
Жүрегі оттай қабынды.
Құртқа сұлу батырға
Қарлыға жылап тұрғасын,
«Түсейік» деп жалынды.
Арқада бар қарағай,
Қатты қылды бір Құдай.
Қанша жылап айтса да,
Қайрылмай кетті Қобыланды
Құртқаны алып қарамай.
Көп нәрсе түсіп өксіді,
Қарлығаның ойына.
Ақ найзаға сүйеніп,
Әрең кетті Қарлыға