Қобыланды батыр (24-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Бір өзіңе сыйындым,
Жарылқаушы Құдайым.
Бұл сөзді айтып Қобыланды
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды,
Көп оғының ішінен
«Сұржебе» деген оқ алды.
Суырып алған Сұржебе
Көп оғына жол салды.
Әр оғының басында
Жолым үйдей шоқ қалды.
Кезегендей кезеді,
Созағандай созады.
Қалмақы ердің қасы деп,
Нақ кіндіктің басы деп,
Қыз айтқан жердің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Салдыр-гүлдір еткізіп,
Оқ масаққа жеткізіп,
Қобыланды тартты бір оқты,
Бір де болса ірі оқты.
Толықсып келген кәпірді
Артық туған Қобыланды
Толғап алып салады.
Керістен шығып кетеді,
Кәпірге таман жетеді.
Қобыландының оғымен
Көбіктінің кеудесі
Ұшып жерге кетеді.
Көбікті көрді көрімді,
Жанына азап берілді,
Азап емей немене,
Көбіктінің бөксесі
Кеудесінен бөлінді.
Атта қалып бөксесі,
Оқпен кетті кеудесі.
Қобыландыдай батырдың
Қабыл болды тәубесі.
Кәпірлерге Қобыланды
Жасынан-ақ келеді
Қылыш шауып, оқ атып,
Дұшманын алды мұқатып,
Қобыландыны бұл сапар
Жасаған құдай қалады.
Көп сыйынып жад етті
Жеті кәміл бабаны.
Жәрдем беріп бабасы,
Көп жад етіп бабаны
Шамасы келер күн болса,
Қыларға қайрат жарады.
Көбіктідей батырдың
Жерге түскен кеудесі
Екі қолымен еңбектеп,
Артында жатқан шоқпарға
Тағы да кетіп барады,
Шылбырын қолға алады,
Оқпен түскен кеудесі
Қару қылар қуат жоқ,
Жан-жағына қарады.
Саудагер сатар бақалды,
«Қыз—жау» деген осы деп,
Айтып отыр мақалды.
Қозғаларға дәрмен жоқ:
«Қызың жетсе он беске,
Атып өлтір бейбақты,
Өсірме»,—деп Көбікті
Екі қолдап сормаңдай,
Жұлып отыр сақалды.
Болмады енді қашпасқа,
Ізденіп болмас дос басқа.
Балдағы алтын болатпен
Қобыланды тартты қақ басқа.
Қобыланды басқа шапқан соң,
Көбіктідей батырдың
Екі қолдан әл кетіп,
Жәһәннамға жан кетіп,
Шоқпары түсіп қолынан,
Топырақ қаба құлады.
Шалқасынан сылқ етіп,
Жерге түсті сор қасқа.
Ақыл айтып өлтірткен
Айла ханша қыз жасқа,
Көбіктіні өлтіріп,
Сәтіне ісін келтіріп,
Көк бесті атты жетелеп,
Жүретін жолын төтелеп,
Қарлығамен қосылып,
Жібектейін есіліп,
Қарлығамен екеуі
Аударыспақ ойнасып,
Күліп-ойнап барады.
Осы барған жолында,
Биік-биік қыр екен,
Оқпанды сай жыры екен.
Қобыландымен бірге өлсем
Армансызбын, Алла,—дер екен,
Күліп-ойнап барады.
Сайым ұлы Қараман
Алдындағы тоғайда
О да күтіп тұр екен.
Қобыланды мен Қарлыға
Үстіне жетіп келеді.
Қараман шықты алдынан:
Жылқы жайдым жапанда
Асқар үлкен тауға,—деп,
Шешен сөйлер дауға,—деп,—
Артық туған, Қобыланды,
Қайрат қылдың жауға,—деп—
Олжа салғын, құрдасжан,
Беріңіз бізге сауға,—деп.
Қобыланды сонда сөйлейді:
«Жая менен жал құрдас,
Шекер менен бал құрдас,
Көбіктінің көп жылқы
Олжа қоспай ал, құрдас».
Қараман сонда сөйлейді:
—Мал саттым базар бөзіне.
Салсаң жылқы тоқтайды
Арқаның бөрікөзіне,
Жаман-жақсы десең де
Наз айтамын өзіңе.
Олжаның келдім кезіне,
Құлағың сал сөзіме.
Көзің қиып берсеңіз,
Құрдасжан сауға өзіме.
Көбіктінің көрдім өлгенін,
Өлтіріп ердің келгенін.
Көбікті қызы Қарлыға—
Ішің қиса—бергенің,
Жөн енді қоса бергенің.