Қобыланды батыр (39-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу
Шатырға сайдың бойында.
Қобыланды, Құртқа барады
Қараманның тойына.
Екі ай жатып той тойлап,
Әділдігін айтады.
Қарамандай құрдасқа
Екі қызды некелеп,
Еліне тағы қайтады.
Бірнеше күн жол жүріп
Қобыланды тағы кездесті
Қарлыға жатқан шатырға.
Қарлыға шығып алдынан
Арыстан Қобылан батырға:
—Қоюлы тұрған шай бар-ау,
Сары аяқта май бар-ау.
Сізді күтіп алуға
Қарлығада жай бар-ау,
Өзімнің әкем, ел-жұртым
Кімің үшін қиып ем,
Білемісің, заңғар-ау?!
Қарлығадай сұлудың
Жүрегі оттай қабынды.
«Түсе көр»,—деп жалынды,
Тауда жалғыз жатырмын
Қараманның тойына
Ала кетсең, нағылды?
Арқада бар қарағай,
Ер жігітке мал бітпес,
Шыбын жанын бұламай.
Қарлығадай сұлуың
Қаншама жылап айтқанмен
Тағы да кетті Қобыланды
Құртқаны алып, қарамай.
Келді Бөкен бір жасқа,
Бір жасына келгенде
Оғын тартты жартасқа.
Келді Бөкен екіге,
Екіге келген баланың
Жан қарамас бетіне,
Нан піскендей лебіне.
Келді Бөкен үшіне,
Үшке келген жас бала
Қара тасты көтерер,
Естіген риза күшіне.
Келді Бөкен төртіне,
Төртке бала келгенде
«Ат шапсам» деп ойлайды
Қызылбастың кентіне.
Келді бала бесіне,
Беске келген баланың
Күндіз-түні қайғысы—
Жау түседі есіне.
Бөкеннен басқа жаманды
Мақтайын оны несіне.
Келді Бөкен алтыға,
Алтыға жеткен баланың
Артық тиді пайдасы
Қыпшақтың бүкіл халқына.
Алты жасар Бөкенбай
Атаның түсіп салтына
Таулар күйіп, тас жанған
Бөкенбайдай береннің
Екпіндеген зарпына.
Қарамай алды-артына,
Енді мініп атына,
Қазынадан қамқа киеді.
«Өзімнің еншім болсын!»—деп
Өкім құла атқа мінеді,
Алладан пәрмен тіледі.
Таулы жерден сырғытып,
Ойпаң жерден қарғытып,
Аяңдамай желеді.
Өзі алты жасында,
Сусар бөркі басында,
Өкім құла ат астында,
Жолдасы жоқ қасында,
Бөлінбеген ұйқыға,
Жыртылмаған құлпыға,
Көңілі кетті көрмекке
Отарда жатқан тау жайлап,
Естеміс баққан жылқыға.
Бөкенбайдай жас берен
Жылқыны іздеп барғасын,
Бауырап малды алғасын.
Тоқсан құл мен Естеміс
Баланың қылған ісіне
Риза тауып қалғасын.
Қараспан таудың басына,
Жаңадан қоныс салғасын.
Ойыны күшті жас арыстан
Қолына найза алғасын.
Астына мініп дөненді,
Үстіне киген беренді
Жылқыға бала барғасын,
Қолғанат пен құйрыққа
Қобыланды батыр кенелді.
Әлқисса, енді бұлар бұл жерде тұра тұрсын, ендігі сөзді Көбіктінің жиені Шошай ханнан естіңіз. Шошай дейтін батыр қырық мың әскер алып қыпшақты шабамын, нағашымның кегін аламын деп іздеп келген жері.
Бір күндері болғанда
Таң сарғайып атқанда,
Шолпан жұлдыз батқанда,
Қызарып күн шыққанда
Қобыланды ұйықтап жатқанда,
Жылқыға Бөкен жеткенде,
Қалың елді жайлаған—
Қатарлап бие байлаған—
Тау етегін бойлаған,
Қалың тозаң шаң басты.
Дарбазалы есікті,
Дүбірді Құртқа есітті.
«Жау келді!—деп,—оятсам,
Сұлтаным шошыр»-десіпті.
Шабуылдап қызылбас,
Найзамен келіп тірейді
Қобыланды жатқан есікті.
Ертесі мен кеші жоқ
Берсе Құдай несіпті.
Құртқа-сынды сұлуың
Батырдың басын құшақтап,
Тізесінің үстіне
Қырмызы қызыл көрпемен
Отырып Құртқа желпиді.
Қозы Көрпеш, Баяндай,
Өлім Хақтан аянды-ай.
Орамалдың исімен
Жаудың даусын есітіп,
Қобыланды шошып оянды-ай.
Дауыс пенен тозаңы
Төсекте жатып батырдың
Құлағына шалынды.
Құртқа сынды сұлуың
«Тұра көр»,—деп жалынды.
Жаудан шошып денесі,
Жүрегі мұздап қабынды.
Қобыланды сынды батырың
Ұшып тұрып орнынан,
Іс келеді қолынан.
Бөрігі жоқ, тақияшаң,
Шапаны жоқ, жейдешең,
Шалбары жоқ, дамбалшаң,
Үйде тұрған найзаның
Түбінен ұстап алады.
Ұйқыдан шошып оянған
Сасқалақтап қалады.
Үйінің барлап сыртына,
Босағаға барады.
Қатуланып ақырып,
Дауыстап айқай салады:
«Мезгілсіз шақта ауылға
Ат ойнатқан кім едің?!»
Қобыландыдай батырдың
Даусы жерді жарады.
Ертеңгі даусы батырдың
Айшылық жерді алады.
Қатуланып ақырды,
Нар түйедей бақырды.
Есіктің алды тақыр-ды,
Даусыменен қорқытып,
Нарқамыстай жапырды.
Найзасын алып сүйретіп,
Үйден шықты далаға.
Батырың тұрып сыйынды
Жеті кәміл бабаға.
«Кім айтар екен және деп,—
Жылқыда Бөкен балаға.
Іздеп келген бұл жауға
Найзаменен шабақтап,
Қасқырдай тиіп тамақтап,
Берер еді сыбаға,
Келтіріп аузын тобаға!»
Жүгіре басып Құртқа да
Ақырда тұрған Бурылды
Шығарып ептеп алады,
Беліне терлік салады.