Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыландының Темірланды жеңуі (3-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу

Мұны естіп Қобылан,
Шыдай алмай орнынан,
Халықты естіп шұбырған,
Түнеріп түсі құбылған,
Теріге сыймай буынған.
Қабағы қарыс жабылған,
Қастары төмен салынған.
Елді естіп шабылған,
Заманы болды қағынған.
—Атымды атап сағынған,
Ел-жұртынан айрылған,
Тас кешіп, тауды жай қылған,
Халық үшін жаным құрбандық,
Зарын естіп қайғырған.
Сазасын жаудың бермесем,
Халықтың жасын көрмесем,
Ел-жұртынан айрылған
Ердің күйі бола ма?!
Қара басын сақтаған
Ерде ерлік бола ма?!
Өз табынан айрылып,
Батырдың бағы жана ма?!
Айрылғаным халқымнан
О да менің арманым—
Кек қайырсам жауымнан,
О да менің оңғаным.
Елді жауға бергенім,
О да менің өлгенім».

Бұл сөзді айтып ақырған,
Елді жиып шақырған.
Жіберіп хабар алдырып
Қараман, Орақ батырдан.
Қос атпенен шаптырып,
Тез жетсін деп отырған.
Босқын елді жидырып,
Көңілдерін тындырып,
Ел қылып бөлек қондырып,
Мал салып алға бөлдіріп.
Ел шетінен жақыннан
«Елді жиып барам,—деп,
Жауыңа ойран салам»,—деп,
Жатыр еді батырың,
Осылай құрып ақылын.
Қараман менен ер Орақ
Келсін деп екі батырын.
Бұларға кеткен шапқыншы,
Барып хабар жеткізген,
Бәрін де айтып өткізген.
Қараман мен ер Орақ
Бес қаруды белге орап,
Жая да емес, жал-ды деп,
Шекер де емес, бал-ды деп,
Ел шетін жау алды деп,
Қобыланды кетіп қалды деп,
Жауға ендігі барды деп,
Тұра шауып жөнелген,
Ала алмай хабар көп елден.
Қайтып келіп хабаршы,
Қос атпен кеткен шабаршы.
Аттанып кетті делінген,
Табысам деп сол жерден
Айтып келді осылай,
Естіп батыр шошымай:
«Бекер кетті-ау қосылмай,
Елден жиған ерлерге,
Тез жүргіз деп қосыңды-ай!».
«Мен кетемін, кетемін.
Қараманға жетемін.
Қосыңды бастап келерсің,
Қосыңның бол қасында-ай.
Мұны айтып желігіп,
Халқы үшін ары төгіліп,
Ашуға сыймай тығылып,
Көп әскерге қарамай,
Қобыланды батыр шақырды
Бөкенбай, Киік баланы-ай.
Батырың тұрып жад қылды
Жеті кәміл бабаны-ай.
Келді кеңес жаңадан,
Жоғары менен төменнен,
Қараман, Орақ екі ерден,
Қобыланды кетіп қалды деп,
Жауға аттанып жөнелген.
Енді олардан келді сөз,
Бір-біріне болған кез.
Арқаның сары даласы,
Жайлаған қазақ баласы
Қорлыққа көніп көрмеген.
Екі батыр шаңдатып
Оралды беттеп өрлеген,
Ел қалмапты білмеген.
Қалмақтың ханы Темірхан
Тастан қорған соқтырған.
Екі батыр кез елді,
Құрулы тұрған құралға.
Бас сауғалап ел кеткен,
Қосылатын ұранға.
Қорғанның шетін айналып,
«Қобыланды нағып келмеген?»
Ала алмай хабар бұдан да,
Бұлардың келіп жүргенін
Қарауылшы көреді,
Ханға хабар береді,
Келгенін анық біледі.
Ажал айдап келген кім,
Масқара қылып күледі.
Өзіне-өзі сенеді,
Шақыртады Талқыны,
О да айтулы ер еді.
«Екі жүз кісі жаныңа ал,
Кім екенін біліп ал.
Тіліңді алса айдап кел,
Қарсыласса байлап кел».

Талқы естіп қуанып,
Екі жүз кісі қол алып,
Қолына жасыл ту алып,
Қаланың шығып сыртына,
Қос батырға жол алып.
Аттан түсіп батырлар,
«Қобыланды нағып жатыр?»—деп
Отыр еді толғанып.
Алдында Талқы салақтап,
Әскері келді шұбалып,
Айбынды туған Орақжан,
Қарсы шықты бұралып,
Бабай түкті бабам деп,
Пірден медет сұранып.
Қарсы келіп қызылбас:
—Қайдан келген батырсың?
Қорғанның келіп сыртына,
Кімді бағып отырсың?
Ажалыңа басшы боп,
Неден үміт қып тұрсың?
Мен жайымды сөйлесем,
Есіңнен танып кетерсің.
Жаныңа сауға береміз,
Бағынып қолың көтерсең.
Айтқан тілді алмасаң,
Өз түбіңе жетерсін,
Тез бер маған жауапты.
Сонда Орақжан сөйледі:
—Тіліңнің бәрі кекесін
Айтайын сөздің төтесін,
Жөнімді сұрап нетесін!
Соғысар болсаң, кел бері
Мұратыңа жетесің.
Адамыңа жолықпай,
Адырайып жүр екенсің.
Келе жатыр әкең кейінде,
Қалың қалмақ елінде,
Қойға кірген қасқырдай
Жусатқалы келеді.
Қалың қазақ жайлауын
Босатқалы келеді.
Талқан қылып еліңді
Босатып өз жерімді.
Қос артынан келеді,
Көп сөйлемей кейін қайт,
Ханыңа барып сөзімді айт,
Соғысатын жеріңді айт!
Сонда Талқы сөйледі:
—Бәрекелді, сөзіңе,
Келіпсің сеніп өзіңе.
Ажалың айдап келіпсің,
Мен көрінбей көзіңе.
Қисық болсаң түзетіп,
Мен салайын тезіңе.
Өнеріңді көрейін,
Сөзіңе жауап берейін,
Кез келгенде кезіме.
Кел, кел бері жаныма,
Риза бол қаныңа,
Тұрмай тұрсын арыма.
Қол-аяғың тас байлап,
Апарайын ханыма.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз