Қобыланды батыр (20-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Ұмтылумен Көбікті
Қобыландыны ұстады,
Желкесінен қысады.
Күшіктейін шыңғыртып,
Тақымына басады.
Қос батырдың бұл жерде
Бағы тайып басынан,
Пірлері тойып қасынан
Жанторсыққа ұсады.
Қобылан мен Қараманның
Аяқ-қолын тұсады.
Жеті кәміл бабасын
Жад етуге жаңылып,
Енді қара басады.
Қос батырдың қос тұлпар
Жылқыға айдап қосады.
Болады деген мұндай іс
Үш ұйықтаса ойда жоқ.
Жиып алды Көбікті
Қару-жарақ бойда жоқ.
Қапыда түсіп дұшманға
Басынан өтті дүние боқ.
Бенде болып дұшманға
Табанына тиді шоқ.
Ел қаптады салаға,
Мал қаптады далаға.
Жаудың қолы тиді ғой
Қапияда жағаға.
Бұл екеуін Көбікті
Тақымына қысады.
Қос батырдың қос тұлпар,
Жылқысына қосады.
Болады деген мұндай іс
Үш ұйықтаса ойда жоқ.
Ел қаптайды салаға,
Мал қаптайды далаға,
Жаудың қолы тиді ғой
Қапияда жағаға.
Қожа бесін болғанда,
Салақтатып екеуін,
Көбікті тартты қалаға.
Белес, белес бел еді,
Тарлан атпен желеді.
Асып туған қатардан
Көбікті де ер еді.
Дұшманын батыр байлап ап,
Қаласына келеді,
Қалыңнан соққан қарсақтай
Салақтатып екеуін,
Қақпасына енеді.
Аттан келіп түсіпті,
Көзі де, басы ісіпті.
Қобаған мұрын қой көзді,
Талма бетті, нұр жүзді,
Қарлыға деген қызы бар,
Қарлығаны шақырып,
Көбікті келе сөйледі:
—Үйдемісің, Қарлыға,
Түздемісің, Қарлыға,
Алланың қатты жарлығы,
Жер астына бір түсер
Осы көптің барлығы.
Қайысқан болат сынғандай,
Желіккен көңіл тынғандай.
Екі пенде әкелдім,
Берсем сені күйеуге,
Бас жетімің қылғандай!
Көк шыбын қонсын қабаққа,
Суқар беріп тамаққа,
Жауып таста, Қарлыға,
Бұл екеуін апарып
Кілт есікті лабаққа!
Қарлыға мінген кер еді,
Маң-маң басып келеді,
Байлауда жатқан батырды
Қарлыға сұлу көреді.
Атасы әйел демесең,
Бұл шаһардың бегі еді.
Жерде жатқан екеуін
Боғжамадай қолтықтап,
Қарлыға алып жөнелді.
Көк шыбын қонды қабаққа,
Суқар берді тамаққа.
Жауып шықты Қарлыға
Бұл екеуін апарып,
Кілт есікті лабаққа.
Көбікті мініп аласын,
Ағынан көп-ті қарасын,
Той қылуға жар салып,
Енді жиды қаласын.
Қобыландыны байладым,
Құртып жаудың қарасын.
Алшағырға жіберді
Қасына жолдас кісі ертіп,
Шақырып алып баласын.
Жеті атадан кегі бар
Алшағыр енді шапсын—деп,
Қараспан таудың сағасын.
Біршымбайға: Бар,—деді.
Сүйіншіге Шағырдың
Қанікей менен Тінікей,
Қарындасын ал,—деді.
Біршымбай кетті жүріп жол,
Сүйінші!—деп бармаққа,
Алшағырдай қалмаққа,
Қанікей менен Тінікей
Қарындасын алмаққа.
Бара тұрсын Біршымбай
Ұзын сөзді қысқартып,
Келейін енді қыз жаққа.
Қарлығадай сұлуың,
Батырды жауып лабаққа
Үйіне қайтып келеді,
Әуеге қарап жүреді.
Көбіктідей батырың
Қарлығаның анасын—
Мұсылманнан олжалап,
Алып келген қыз еді.
Содан туып Қарлыға
Анасының сол кезде
Өліп кеткен кезі еді.
Өлерінде анасы
Көзінің ағы-қарасы:
Менен туған қыз болсаң,
Мұсылманның, шырағым,
Етегін ұста,—деп еді.
Шын мұсылман анасы
Әйел де болса ер еді.
Шешесінің бұл сөзі
Көңілінде келеді.
Бірнеше күн өткесін,
Қарлығадай сұлуың
Қобыландыға келеді,
Батырларды көреді.
Екі батыр зарланып,
Жатқаннан соң байлауда
Кәміл пірі жебеді.