Қобыланды батыр (25-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Қобыланды сонда сөйлейді:
«Құртқам баққан Тайбурыл—
Астымда дөнен мінгенім.
Тайбурылды мінгесін,
Дұшманға теңдік бермедім.
Он үш жасқа келгенше
Басыма тиген кемшілік
Көбіктіден көргенім.
Ата-ана, көп елім
Хабарсыз жатыр жерінде,
Көп қайғының ішінде,
Менің бүйтіп жүргенім.
Мынау тұрған Қарлыға
Ата-ана, ел-жұртын,
Қиып шықты мен үшін.
Артықша тиіп пайдасы
Көбіктінің өлгені,
Қарлыға қыздың хайласы.
Көбіктінің көрдің өлгенін,
Тәңiрім бақыт бергенін,
Қызметі белгілі,
Артықша мақтап қайтейін,
Өзі сүйсе бергенім!».
Сол уақыттар болғанда,
Қарлыға тыңдап тұрғанда,
Қараман келіп сөйлейді:
«Мұңдық пенен Зарлық,—деп,
Түйенің көркі нарлық,—деп,
Жүктің көркі сандық»,—деп,—
Қарлығадай сұлуды
Жетелеп алып жөнелді:
«Құрдасжан берді, алдық,—деп,—
Татулыққа қандық»,—деп.
Мінген аты дөнен-ді,
Көкке тойған көбең-ді.
Байдың қызы жамылар
Масаты менен беренді.
Азырақ тұрып сөйлесіп,
Үшеуі тоқтап бөгелді.
Тізе қосып үшеуі
Көбіктінің көп жылқы
Гулетіп айдап жөнелді.
Ақ сүңгісі жебелі,
Кейін қалып көп елі,
Түнімен айдап жылқыны,
Бірнеше күн өткесін,
Әкеліп қосты жылқыны
Қазаннан алған көп малға.
Жатыр екен қосындар
Тастап кеткен жерінде,
Даярлап жатқан көп қият.
Екеуі қосқа келгесін,
Бір адым жер болса да,
Ілгері барып қонайық деп
Дүркірей көшіп жөнелді.
Атқа мініп желгендей,
Ер қадірін білгендей,
Қобыландының Тайбурыл
Ұмтылып аяқ баспайды,
Бір нәрсені сезгендей.
Қобыланды құлға ұқсайды,
Мезгілсіз жылап қақсайды,
Бекер жылап не қылсын,
Жан серігі Бурыл ат
Ілгері аяқ баспайды,
Омырау қағып ақсайды.
Жүрмегенсін Бурыл ат,
Қалың қосын көше алмай
Күн батпай қонды Ақсайға.
Қол Ақсайға қонғасын,
Қарлығаны алып оңғасын,
Қараман барып алғандай,
Қосынға олжа салғандай,
Ақымақ қият бірталай
Қараманатты батырды,
Көтеріп аттан алады,
Ақ кілемге салады.
Арыстан туған Қобыланды
Атын ұстар кісі жоқ.
Қобыландымен көп қият
Кім екені ісі жоқ.
Мінген аты қызыл-ды,
Іс тағдырға сызылды.
Олжаға көңілі біткенсін,
Қияттардың бұл жерде
Қайтуға көңілі бұзылды.
Байдың қызы жамылар
Масаты шекпен, қамқа тон,
Қобыландыға қарамай,
Үдере көшті көп қосын.
Қобыландыдай батырың,
Аты ақсап жүре алмай
Жұртта жалғыз қалғасын,
Шыбын жанын қинаған,
Көздің жасын бұлаған,
Сүйтіп алған олжасын
Қият алып кеткесін,
Өксіп жылап қамығып
Жалғыздықтан жабығып,
Сүйекке намыс жеткесін.
Қарамандай құрдасы
Көптігіне мастанып,
Есіне алмай кеткесін.
Сонда Қобылан сөйлейді:
—Жақсының ісі бітеді,
Жаманның ісі жатады.
Шыбын жанды қинаған,
Көздің жасын бұлаған,
Бүйтіп алған олжамды
Қият алып кетеді.
Ақылсыз туған мен ақымақ,
Бүйтіп жалғыз жүргенше,
Қараспан тауды жайлаған
Қалың қыпшақ жұртымнан
Ондап-бестеп соңыма
Қосын ертсем нетеді?
Шыныменен шамдансам,
Қосыны түгіл, қияттың
Еліне күшім жетеді.
Үйге барсам, түзім жоқ,
Түзге барсам, үйім жоқ.
Өстіп жалғыз жүргенде
Өтесің бе дүние боқ?
Жалғыз туған мен сордың
Алдымда сүйеу ағам жоқ,
Алладан басқа панам жоқ!
Қазақ көппін дегенде,
Көппін деп айтар тілім
Артымда ерген інім жоқ,
Жалғыздықтан мінім жоқ.