Қобыланды батыр (45-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Жұрт мақтады бұл жерде
Қарамандай батырды.
Ұзынкөлдің басына
Жағалай тіккен шатыр-ды,
Қобыланды мен Құртқаны
Тойға кел деп шақырды.
Кешке шейін тіккізді
Жүз сексен басты ордасын.
Той аяғы өткесін,
Мереке, қызық біткесін,
Шақырып алған қыпшақтан
Қобыландыдай жолбарысын,
«Көңіліңнен шығар кінәң»,—деп,
Оңаша берген қолына
Қарлыға сынды жолдасын.
Қасына адам келтірмей,
Қараман өзі тыңдады
Қарлыға, Қобылан құрдасын.
«Қалдырмай сөйле бәрін де,
Іште кінәң қалмасын.
Бір-біріңе нахақтан
Өтірік, жала болмасын».
Қараман бұл сөзді айтқасын,
Қарлыға бастап сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Ауылдың алды бел,—дейді,
Белден көшкен ел,—дейді,
Көл қатырған сең,— дейді.
Қобыланды батыр, айтайын
Қараман отыр ортада,
Құлағың сал сен,—дейді.
Басыңа ғашық болдым ғой,
Көргеннен соң мен саған,
Басыңа басым тең,—дейді.
Бір сен үшін әуелде
Ел-жұртымның бәрін де
Қиып шықтып мен,—дейді.
Қисық та болса, әркімнің
Өзіне ісі жөн,—дейді.
Әуел бастан айтайын
Қараман, тыңда сен,— дейді.
Ақ торғынға бөледі,
Темекідей еледі.
Шырағым қандай болад деп
Өлгенше өмірім тіледі.
Әркімнің діні өзіне
Қисық та болса жөн,—дейді.
Қараман менен екеуіңді
Тақымына қыстырып,
Қалыңнан соққан қарсақтай
Ақмоншақ атпен Көбікті
Қалаға алып келген-ді.
Қол-аяғың байланып,
Лабақтыда жатқанда
Мына отырған Қараман
Ұмыттың ба, не?—деді.
Алдырып атың мінгізіп,
Көбіктіден жасырып,
Сауытыңды тығып кигізіп,
Найзаңды белге ілгізіп,
Өзімнің әкем Көбікті
Ақылын айтып өлтірттім.
Білдің бе, Қобылан, кім үшін?
Оны да жалғыз сен үшін!
Басыңа ғашық болдым ғой,
Басыңа басым тең үшін.
Ол асылды білмедің,
Асылды көзге ілмедің.
Алшағыр еліңді алғанда,
Қараспан құлап қалғанда,
Бурыл ат ақсап жүре алмай
Қараман тастап жұртына,
Өзің жалғыз қалғанда,
Басыңа қайғы салғанда,
Қайырылып барған сонда кім,
Білдің бе, Қобылан, кім үшін?
Оны да жалғыз сен үшін!
Алшағыр еліңді алғанда,
Басына қара салғанда,
Батырдың бәрін тауысып,
Біршымбай жалғыз қалғанда,
Төртеуімізге найза салғанда,
Төртеуімізден сән кетіп,
Кеудемізден жан кетіп,
Найза орнынан қан кетіп,
Екі қолдан әл кетіп,
Сандалып тұрған кезінде,
Ақ бетімде тұлымым,
Бірге туған құлыным,
Арқаға біткен жұлыным,
Керіле біткен жауырыным,
Бірге туған бауырым,
Қолғанатым, құйрығым,
Судан шыққан сүйрігім,
Суырылып озған жүйрігім—
Жалғыз інім Біршымбай
Өзім шаншып өлтірдім,
Кемеліне келтірдім,
Білдің бе, Қобылан, кім үшін?!
Оны да жалғыз сен үшін!
Басыңа ғашық болдым ғой,
Басыңа басым тең үшін.
Ол асылды білмедің,
Асылды көзге ілмедің.
Еліңді жинап алғанда,
Арманың болмай жалғанда,
Қараспан тауға ызғытып,
Олжа малды салғанда,
Мен келмедім есіңе.
Некелеп Құртқаны алғанда,
Қараспан тауын қаңғырып,
Көңілге қайғы толғанда,
Мен келмедім ойыңа!
Шатырым сайдың бойында,
Қасыңа жолдас кісі ертіп,
Қараманның шықтың тойына,
Талма-тал түс шағында.
Арқада бар бөрікөз,
Жақсыда болар тәуір сөз,
Шатырыма келдің кез.
«Түстене кет»,—деп онда біз,
Құлағыңа бір алмай,
Жалындық қанша сонда біз.