Қобыланды батыр (41-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Арқада бар бөрікөз,
Жақсыда ғой тәуір сөз,
Неге ұмытсын көрген көз.
Пұрсаты қалмақ біткесін,
Хан Шошай мен Қобыланды
Шаншысуға келді кез.
«Жеке-жеке» дегенде,
Жекелеп найза төнгенде,
Бірін-бірі екеуі
Шаншамыз енді дегенде,
Сол уақыттар болғанда
Қарлыға келді соңынан,
Қайрат қылды қолынан.
«Өш алғанда, өш жоқ,—деп,
Кек алғанда, кек жоқ,—деп,
Шошай ханның алдында
Кегімді мен де алдым,—деп,
Атым әйел болса да,
Жүзіңді төмен салдың,»—деп,
Қобыландыға Қарлыға
Найзаны салды қоңынан.
Қобыландыны Қарлыға
Қызылбастың ортасында
Іліп тастап жөнелді.
Қапияда іс қылып,
Қайратына кенелді.
Байлап берді дұшманға
Қобыландыдай беренді.
Батырды аттан түсіріп,
Оған да бұған қарамай,
Ақ шатырды бетке алып,
Қараспан тауға бұрылды.
Жеті жыл жатып зарығып,
Кіжініп жүрген бұрын да,
Ешкімге айтпай сырын да.
Қобыланды аттан түскесін,
Басынан бағы көшкесін,
Жаудың көңілі өскесін,
Қызылбас мінген ала-ды,
Шамасы келер күн болса,
Қылуға қайрат жарады.
Біреуі шаншып найзамен,
Біреуі келіп қызылбас
Шоқпарменен ұрады.
Ортасынан шығармай,
Ұстаймыз деп Бурылды
Қаншама әскер қамады.
Жан серігі бурыл ат:
«Мінуге жайың бар ма?»—деп,
Қобыландыны шыр айналып,
Қасқырша шауып дұшманға,
Айналақтап қарады.
Омар менен Оспандай,
Ай мүйізді қошқардай,
Ұстатпайды Бурыл ат
Қамалаған дұшманға-ай.
Жанына қысым келгесін,
Соншама әскер үстінен
Гулеп ұшты аспанға,
Жерде ұстамай қамалап.
Кім ұстасын аспанда-ай,
Сол уақыттар болғанда
Буырылын көргесін,
Түскенін ердің білгесін,
Сейілдің ұлы Қараман
Тіке ұмтылды ортаға.
Бурыл атты көргесін,
Болғанын бір іс білгесін,
Жіңішке жирен атпенен
Ұмтылды Орақ ортаға.
Тайбурылды көргесін,
Түскенін ердің білгесін,
Өзі алты жасында,
Сусар бөрік басында,
Өкім құла ат астында,
Қабағы тастай түйіліп,
Ақсұңқар құстай шүйіліп,
Етек-жеңі жиылып,
Арыстан туған Бөкенбай
О да ұмтылды ортаға.
Балтасы тасқа өтеді,
Балаға көңілі бітеді.
Бәрінен бұрын Бөкенбай
Жүрген жерін есік қып,
Әкесінің үстіне
Бөкенбай келіп жетеді.
Көп тұруға шыдамай,
Шуылдаған қызылбас
Баладан қашып кетеді.
Тайбурылын көргесін,
Түскенін ердің білгесін,
Тоқпақ жалды торы атпен
Естеміс шапты ортаға.
Қайың құрық, қақ құрық
Ортасынан бөледі.
Арыстандай ақырып,
Ортаға бұл да кіреді.
Екі қолын сыбанып
Қос етегін түрініп,
Бұл да айтулы ер еді.
Қойға тиген қасқырдай
Қызылбасты бүледі.
Қобыландының үстіне
Бұл да жетіп келеді.
Жаралы болып қалғанын
Батырдың келіп көреді.
«Уа, сұлтаным»,—деп Естеміс,
Қобыландының үстіне
Нар түйедей шөгеді.
Құртқаға хабар беруге
Енді атына мінеді.
Ақ орамал басында,
Тоқпақ жал ат астында,
Құртқаға жетіп келеді.
Келіп сөйлей береді:
«Жаралы батыр болды,—деп,—
Жатырсың нағып сен?—дейді.
Жарасын батыр байлауға
Ақ дәрісін аюдың
Тезірек алып жүр,—дейді.
Қансырап қаны азайса,
Кетеді әлі шын,—дейді.
Құртқа сынды сұлуға,—
Бол, атыңа мін,—дейді.
Жаралы болған сұлтаным
Қылайық оған ем»,—дейді.
Құртқа есітіп жүгіріп,
Құлады батыр дегесін,
Көзінің жасы төгіліп,
Сасқанының белгісі
Етегіне сүрініп,
Құртқа сынды сұлуың
Алдырады жорғаны.