Қобыландының Темірланды жеңуі (4-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу
Бұл сөзді айтып қызылбас,
Өз-өзінен долданды,
Қарағай найза қолға алды.
Бүктетіліп бүгілді,
Көзімен тесіп үңілді.
Сатыр-сұтыр боп қалды,
Найзасы ұшып аспанға,
Ісі бір жөнге айналды.
Семсерін де алып сермеді,
Алам деп оңай ойлады.
Ұмтылып Орақ Талқыға
Тиді қолы алқымға.
Ат үстінен жұлып ап,
Қаратпай алды артынан.
Жұлып алып жерге ұрып,
Балдағы алтын болатпен,
Тастады бөліп алтыға.
Мұны көріп қалғаны,
Барайын десе бата алмай,
Қалаға қайтып кете алмай,
Дарбазадан өте алмай,
Бір-біріне тығылып,
Жүні қойдай жығылып,
Тұрған жерде топтанып,
Бастарын қосып сақтанып,
Байлап алып қайтуға,
Келген ерлер мақтанып,
Қашуға беті ойланды.
Орақ батыр ақырып,
Жібермеске айланды.
Кірген жерден ағызып,
Қанын судай сапырып,
Келген әскер шатылды.
Қарауылшы көреді
Екі арыстан батырды,
Ханға хабар береді.
Бес мың кісі тағы да
Қаладан шығып келеді.
Қалмақтың ханы Темірхан
Көптігіне сенеді,
Мың кісіге бір басшы
Батырларын тереді.
Бес батырға бас қылып,
Қарахан дейтін төрені,
О да айтулы ер еді.
Сырнай, керней тарттырып,
Беделін жұртқа арттырып,
Шеру тартып келеді.
Жауды келген тауысып,
Ақ найзаға сүйеніп,
Екі батыр тұр еді.
Келе жатқан көп жауды
Тамашалап көреді.
Қараман тұрып сөйледі:
—Қиын екен қамалы,
Жердің құрты адамы.
Келер екен қашан деп,
Қобыланды сұлтан ағаны,
Бөкенбай, Киік баланы.
Шылауыңда Түкті атаң
Тапсырдым сені соған-ай.
Сонда Орақ сөйледі:
—Жүрегің тұр ма жарамай.
Есітіп пе едің батырды
Соғысқан жауды санамай?!
Қызығымды қарап тұр,
Кейін тұрып анадай.
Көптігі маған шөптейін,
Қорқып жаудан кетпейін,
Болсын жәрдем бабам-ай.
Халық үшін келгенсін,
Қасықтай қаным садаға-ай.
Қиындық басқа іс түссе,
Жетпейді деп ойлама
Қобыланды сұлтан ағаны-ай,
Бөкенбай, Киік баланы-ай.
Білмеді деп ойлама
Құртқа сынды дананы-ай.
Орақтың сөзін есітіп,
Қараман батыр қуанып,
Көтеріп қолға ту алып,
Жауға қарсы барады.
Қалың әскер сап түзеп,
Шуылдап құлақ жарады.
«Жекпе-жек!» деп айқайлап,
Ортаға шығып Орақжан,
«Жә, баба!» деп Қараман,
Бес батырдың біреуі—
Шауып шықты Қарабас.
Қарабас алды найзаны,
Қарсыласып қағысты,
Аламыз деп бағысты,
Қарыса шеңгел салысты.
Асырып жаудан айланы,
Бүгіле барып жер шөкті
Орда болып жай ғана.
Қарабас ауып шөккесін,
Келді шауып Тайғара.
Қолында батпан шоқпары,
Құрулы садақ оқтары,
Сөйлене келді ақтара.
Кезегім келді жаңадан:
«Көрсеттің,—деп,—ерлікті
Мен келмегенсін манадан»,
Шоқпарын алып ұмтылды,
Келсе ұрмақ боп шамадан.
Қағып алды шоқпарын
Сілтеген жерде сағадан.
Жұлып алып қолынан
Өз шоқпарын өзіне
Ойнатады Орақжан.
Шоқпар тиіп есі ауып,
Аттан құлап жер қауып,
Аузынан кетіп қара қан.
Батырдың қылған ісіне,
Жауға қылған күшіне
Қылды шүкір Қараман,
Арыстандай шабынған:
«Батырың болса, тағы кел
Ажалыңды сағынған».
Тағы да келді біреуі
Ақ сауыты жалтырап,
Басына қалқан жамылған.
Қалмақтың бұ да ері еді,
Іздеген жауы шабылған,
Айтқан жерден табылған,
Жүрген жері қағынған.
—Менің атым Домбауыл,
Жер жүзіне жайылған.
Қамалды талай бұзғанмын,
Бетімді жан жоқ қайырған.
Сені көріп мен тұрмын
Ажалыңды сағынған».
Сонда ер Орақ сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Не деп тұрсың сен,—дейді,—
Алатұғын жаныңды,
Әзірейіл мен,—дейді.
Деміңді сенің басайын,
Бері таман кел,—дейді.
Бұл сөзді айтып жауына,
Найзаны толғап безенді,
Үзеңгіге шіренді.
Тақымды қысып жиренге
Шаншысуға кезенді.
Сөйлетіп мұны тұрғанша,
Құртайын деп тез енді.
Еменнен найза салысты,
Ырғағанда найзаны,
Ат тізесі бүгілді,
Ерлер жаннан түңілді.
Жаудың киген ақ сауыт,
Шығыршықтан сөгілді.
Бесінде жаумен алысып,
Қабақтан қан төгілді,
Намаздыгер кезінде,
Аттың жалын құшақтап,
Бүктеле барып жығылды.
Мұны көрген қалың жау
Жандарынан түңілді.
Қылышпен басын бір шауып,
Екі бөлек қылынды.
Жекпе-жектен тоқталып,
Шабуылға ой қылды.
Тұс-тұсынан бөлініп,
Ұстаймыз деп бұйырды.
Мұны көріп қос батыр,
Тізе қосып екеуі,
Бір Құдайға жүгінді.
Шапты жауға Аллалап,
Бетіне қалқан далдалап.
Салды қырғын сол күнде
Бөлек-бөлек қылады,
Есебі жоқ қырады.
Қалған әскер кеш болып,
Қалаға қашып тығылды.
Ақ найзаға сүйеніп,
Екі батыр қалады.
Бір судың келіп шетіне,
Ерлер демін алады,
Жан-жаққа көзін салады.
Неше күндей шаң басқан,
Белден кешіп қан басқан,
Сол күні сабыр қылады.
Қашқан қалмақ қорғанға,
Орақты айтып жете алмай,
Қайратын айтып біте алмай.
—Ханым, жауың қауіпті,
Бір сауы жоқ әскердің,
Біреулерін найзалап,
Біреулерін шауыпты.