Қобыланды батыр (12-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Сеңгір-сеңгір таулардан
Секірте басып жөнелді.
Ол төбе мен бұл төбе,
Бауыры шұбар Күлтөбе,
Онан да өтіп жөнелді.
Қамыстының қазды көл,
Қоғалының қулы көл,
Жегендінің желді көл,
Шабақтының шаңды көл,
Қызғыштының Қызды көл,
Құмра, Қотан қос көлден,
Айналасы бес көлден,
Бәрінен өтіп жөнелді.
Күдерінің белінен,
Бесінде өтті дөңінен.
Барлы-барлы, барлы тау,
Басы биік қарлы тау,
Хан жайлаған Қаратау,
Би жайлаған Алатау,
Онан да өтіп жол шекті-ау.
Сол төбе мен бұл төбе,
Бауыры жұпар күн төбе,
Күдерінің белінен
Бесінде өтті діңінен.
Құла мойнақ иір тау,
Қыз емшекті сүйір тау.
Атасу мен Манашы
Оттайын десе, оты ащы,
Ішейін десе суы ащы,
Мұнан-дағы жол шекті.
Емпей-күмпей қасынан,
Жем, Темірдің басынан,
Қалбағайлы шөлдерден,
Қасқалдақты көлдерден,
Асқар-асқар белдерден,
Айдын шалқар көлдерден,
Қан сасыған жерлерден,
Үміт үзіп жол шекті.
Тобылғылы Нұрадан,
Сексеуілді жырадан,
Баялышты құмайттан,
Бүлдіргенді шыңайттан
Жалғыз шауып жол шекті.
Астына мінген Бурыл ат
Жауатын күндей күркіреп,
Жаңбырдай тері сіркіреп,
Қар суындай тасады.
Құбылып ойнап жер басты,
Алдыңғыдан артқы аяқ
Сынық сүйем кем басты.
Жалғаса ұшқан қоңыр қаз
Тозаңынан адасты.
Асқар төбе бел еді,
Бір шауып, бір желеді,
Құбылып ойнап жер басып,
Дөңгеленіп келеді.
Көлденең жатқан көк тасқа
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Садақтың бауы сартылдап,
Масатыдан шалбардың,
Сала құлаш балағы
Алтынды зермен көмкерген,
Жел соққандай жалпылдап,
Белеңнен асты былқылдап,
Тозаңы шықты бұрқылдап,
Аттың жолы қазылды.
Шу! дегенде Бурыл ат
Ұмтылғанда қысылып,
Бес жүз құлаш жазылды.
Бурыл көкке секірді,
Омырауда тері көпірді,
Шаба-шаба шатылды,
Табаны тиіп ұшқан тас,
Қызылбас мылтық оғындай
Аспан көкке атылды.
Тақиядай көрмеді
Үстіндегі батырды.
Бұлаңдаған Бурылдың
Маңдайында манат бар,
Марал ішсе таусылмас,
Құйрығында құдық бар,
Құлан ішсе таусылмас.
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады,
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Кешке таман Тайбурыл
Жын қаққанға ұсады.
Құлан менен құлжанның,
Ұзатпай алдын тосады.
Көл жағалай отырған
Көк Құтан мен Қарабай
Көтеріліп ұшқанша,
Белінен басып асады.
Дуадақ пен жек қалды,
Әлде өтірік, әлде шын
Ақ қарабас, лашын,
Өлген құсты жеп қалды.
Ебелек ұшпас елсізден,
Көбелек ұшпас көлсізден,
Құла мидай шөлдерден,
Адам жүрмес жерлерден,
Батпақ, ылай көлдерден,
Асқар-асқар белдерден
Жалғыз шауып жол шекті.
Үмітін үзіп келеді,
Қараспан тауды жайлаған
Қалың қыпшақ елдерден.
Намаздігер өтті енді,
Мезгілі шамның жетті енді,
Қобыланды мен Бурылдың
Уәдесі бітті енді.
Көріне ме шәһар деп
Ілгері қарап күтті енді.
Сол уақыттар болғанда,
Белес-белес бел көрді,
Бел астында ел көрді.
Бидайықты ай татыр,
Ақты, бозды қой жатыр,
Тіктеп шауып қалаға
Қобылекем келе бұл жатыр.
Құланнан атты қодықты,
Көлден тартты борықты,
Жетемін деп торықты,
Намаздыгер өткенде,
Намаз ақшам жеткенде
Қазанның Сырлы қаласын
Қобыланды батыр көреді.