Қобыланды батыр (22-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 3 мин оқу
Ол елімде көп еді
Кеселеп найза көп ұстап,
Ке-келеп шапқан ерлерім.
Бүгінде тұтам күндерім,
Қолдамады пірлерім.
Қызылбастың елінде,
Қол-аяғым байлаулы
Пенделікпен жатырмын.
Жазым болып, көз жұмсам,
Кім жоқтайды, беклерім!
Мені жауда қалды деп,
Не қылайын жанды деп.
Артымнан жоқтар ағам жоқ,
Алладан басқа панам жоқ.
Мені жауда қалды деп,
Неғылайын жанды деп,
Ізімнен жоқтар інім жоқ.
Жалғыздықтан мінім жоқ,
Қазақ көппін дегенде,
Көппін деп айтар тілім жоқ.
Қарағай садақ, қырық кез оқ,
Күмбезі алтын, белге тоқ.
Қызылбастың елінде
Пенде болып жатырмын,
Жазым болып, көз жұмсам,
Бетімді жабар кебін жоқ.
Арқанменен арыған,
Шап айылы қарыған,
Жан серігім Бурылға
Қай қызылбас от берсін,
Қай қызылбас су берсін?!
Тоқсанда атам Тоқтардың
Тасқа тиді тұяғы.
Алпыста шешем Аналық
Үзілді ғой қияғы.
Қарындасым Қарлығаш
Өшкен шығар шырағы.
Жан қосағым қыз Құртқа,
Арыстаны—мен пенде
Қандай екен сыяғы?
Әлқисса, Қараман батыр Қазанды алуға бара жатқандығын айтқан жері:
Қарлығадай сұлуың
Шықпас ойын білгесін,
Қобыландыдай батырға
Тұрыңыз деп жалынды,
Жүрегі оттай қабынды.
Қараман мен екеуі
Көтере алмай налыды!
Келіп еді кеше қолтықтап
Бүгін мұнша ауыр деп,
Мойындары салынды.
Қараман тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
Пірі тайған мезгілде,
Көтеріп келдің сен,—дейді,—
Қазіргі жатқан кезінде,
Көтере алмас ел,—дейді,
Қарлыға сұлу есітіп:
Жылқыға барып, Қараман,
Атыңды ұстап мін,—дейді,
Қобыландының Тайбурыл,
Жетелеп алып кел,—дейді,
Ақылын таптым мен,—дейді.
Ердің жаны—аты деп,
Өз жанынан артық деп,
Тақымына Бурылдың
Бұрау салып шыңғыртса,
Шығады сонда шын,—дейді.
Бөлінбеген ұйқыға,
Жыртылмаған құлпыға,
Қарлығадай сұлуың
Өзі қайтып үйіне,
Қараман жетті жылқыға.
Таң атқанша Қараман
Өкпесін алып қолына,
Бір шыбындай жанын сап
Қобыландының жолына,
Сәске түсте жетеді
Көбіктінің малына.
Өз атын ұстап мінеді,
Тайбурылды жетелеп
Қалаға түнде енеді.
Қарлығадай сұлу да
Келермін кешке—деп еді.
Қараман менен Қарлыға
Лабақтың келіп алдына,
Қыл шылбырмен бұрау сап,
Бурыл аттың санына,
Құлындай қылып шыңғыртты,
Жәбір қылып жанына.
Бурылдың дауысын есітіп,
Қобыландыдай батырың
Салды ойран тамына.
Не қылсаң да, маған қыл,
Бурылға, сірә, қағылма,
Тамды бұзып Қобыланды
Далаға шықты қабына.
Қобыланды батыр шыққасын,
Өзінің ақуал-жайын
Батырға айтты Қарлыға:
—Дүниенің кеңдік, тарлығы,
Басыма менің түсіп тұр,
Ғашықтықтың зарлығы.
Сеніменен бірге өлсем,
Анамның айтқан өсиеті
Болады кәміл барлығы.
Сөзімді тыңдап, батырым,
Бурылыңа мін,—дейді,
Қарыңа сүңгі іл,—дейді,
Кешегі жатқан жылқыға
Тағы да барып ти,—дейді.
Тарлан қашар жылқыдан,
Қумай-ақ қой сен,—дейді.
Тәңірі жазса Тарланды
Көбіктіге міндірмей,
Алармын қолға мен,—дейді.
Көбіктінің қанаты—
Жылқыдағы көк аты,
Бұл сөзіме сен,—дейді.
Кегің болса бұл жауда
Сөйлесерсің соңынан,
Бұл сөзімді біл,—дейді.
Екеуіңнің, батырлар,
Сауыт-сайман, қаруың
Бәрі де менің қолымда,
Берейін алып жүр,—дейді.
Қаруыңды, батырым,
Қойғамын тығып мен,—дейді.
Кереметім көр,—дейді,
Қобыланды мен Қараманға,
Кел соңыма ер,—дейді.
Ертіп барып сұлуың
Сарайына енгізді,
Сақтап қойған жерінен
Қаруын батыр көргізді,
Ақ сауытын кигізді,
Ақ семсерді ілгізді,
Шын достығын Қарлыға,
Қобыландыға сенгізді.
Уағада байлап, қол беріп,
Тайбурылға мінгізді.
Қарлыға бұл сөзді айтқасын,
Енді атына мінеді.
Бадана көзді ақ сауыт
Денесіне киеді.
Беліне байлап болатты,
Қарына найза іледі.
Қараманмен екеуі
Көбіктінің көп жылқы
Және де айдап жөнелді.
Құба дөңнен өткенде,
Сары өзенге жеткенде,
Көбіктінің Тарлан ат
Құйрығын құстай тарайды.
Шекесінен қарайды,
Кіндігінен жарайды.
Әуеге қарап есінеп,
Ием бе деп кісінеп,
Жау екенін білгесін,
[Жылқы ішінде ала-ды,
Сыртына құйрық салады.
Қайта айналып шаһарға
Көк ат қашып барады.
Жалғаса қуған екеуі
Қарасын көрмей қалады.
Барса, барсын көк ат деп,
Екеуі қумай қалады.
Қалаға көк ат еніпті,
Есітті дүбірін Көбікті,
Ат барған соң желікті:
Қарлығажан, қайда?—деп,—
Ат ертте,—деп демікті.