Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (26-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу

Білмей қалдым, басымнан,
Өткеніңді дүние боқ?
Мінәжат айтып жылаймын,
Өзімнің нашар халімді.
Жазым болып, көз жұмсам,
Жау талайды малымды.
Атадан алтау екен деп,
Өзімнен төмен жаманға
Болайын неғып жалынды.
Қай уақытта көремін
Үйдегі кемпір-шалымды?
Құлым десең, Құдайя,
Бүгін маған көрсетші
Ататұғын таңыңды,
Ойла менің қамымды.
Ойламасаң қамымды
Осы түннен шығармай,
Тағдырымды бітіріп,
Тауыс менің нанымды!
Осы таңнан өткізбе,
Күн шығуға жеткізбе?
Мұхаммед атты пайғамбар,
«Үмбетім» деп еске алсаң,
Туыспа менің халімді,
Ойла менің қамымды.
Бұлайша деп Қобыланды
Түн ортасы болғанда
Жанында жалғыз адам жоқ
Көп қосынның шетіне
Қобыланды келді қаңғырып.
Қол шетінде Қобыланды
Тайбурылдан түседі.
Асып туған қатардан
Шаһизада кісі еді.
Құрбысында адам жоқ
Қоблекендей мүшелі.
Жамандар қылды өсекті,
Жылап жүріп Қобыланды
Тоқымын қылды төсекті.
Қараман қылды мастықты,
Жылап жүріп Қобыланды
Ерден қылды жастықты.
Тоқымын төсеп, ер жастап,
Етпетінен құлады,
Ұзынынан сұлады.
Алтынды ерге сүйеніп,
Өксіп-өксіп жылады.
Жыртылмаған құлпыға
Жылап жатып Қобыланды
Ортасы түннің болғанда
Көзі кетті ұйқыға.
Көзі ұйқыға кеткенде
Мезгілі таңның жеткенде,
Көк есегі астында,
Ақ дәстері басында,
Сырлы асасы қолында,
Өзі хақтың жолында,
Он сегіз мың ғаламның,
Он бесі бар соңында
Жеті кәміл бабасы
Жетіп келді жанына,
Ояума екен, Қобыланды,
Ұйқыдама екен, Қобыланды?
Бұл сапарың болмады.
Мінген атым боз-ды ғой,
Арқам сөзге қозды ғой.
Саған келген бәлені
Қорғаймын деп, Қобыланды,
Алтынды тонның етегі
Тамтығы қалмай тозды ғой!
Құланнан аттым қодықты,
Көлден тарттым борықты.
Кешегі күннің ішінде
Тоқтар шалға жолықтым.
Оқпанды, сай жыра екен,
Асқар-асқар қыр екен,
Сенің әкең Тоқтар шал,
Тізесіне тон жетпей,
Бұтында жоқ ыстаны,
Қаратабан қойшы боп,
Әкең ойда жүр екен.
Алпыста шешең Аналық
Арқан есіп, жүн түтіп,
Қайғыменен қан жұтып,
Қасіретті көп тартып,
Тезек теріп анаңыз,
Қозы бағып бүкшеңдеп,
Құрт қайнатып жүр екен.
Қарыңдасың Қарлығаш
Әбдестесі жанында,
Бес кесесі қолында,
Белдемшесі белінде,
Қызылбастың елінде
Шай қайнатып жүр екен.
Өзіңнен қалған Құртқаны
Қалмақтың ханы Алшағыр
Аламын деп жүр екен.
Басып кетті беліңді,
Кесіп кетті желіңді.
Өзіңнің есен-сауыңда
Қыпшақты жауға бергенің
Ол да саған өлім-ді.
Қайғы тартқан еліңе
Сатамысың теріңді?!
Үстіңе келген дұшпанға
Көрсетсейші көрімді.
Жалған айтты дей көрме,
Жеті кәміл піріңді.
Қалмақтың ханы Алшағыр
Алтынды таудың алдында
Тастан соққан қорғанда
Бүгін үш күн болады,
Жауып кетті еліңді.
Хандар мінген қарала ат
Жалтарып шабар қояндай
Жас күніңде ойнап қал,
Қозы-Көрпеш Баяндай.
Бабасы айтқан хабармен
Қобыланды шошып оянды-ай.
Көзін ашып қараса,
Таң сарғайып атыпты,
Таң шолпаны батыпты.
Мақпал төсек мамық-ты,
Оянып, өксіп қамықты.
Жау шапқасын халықты,
Ойына жұрты түскесін,
Байлауға Құртқа түскесін.
Мұны біліп Бурыл ат
Күйініп ақсап жүр екен.
Пірден хабар тиген соң,
Ақсағаны жазылып
Құлындай ойнап қалыпты.

Тағы оқыңыз