Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (11-бөлім)

Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу

Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Қараша емес қауыс-ты,
Қоңыраулатып дауысты.
Жақын қылды алысты,
Берсін кімге намысты.
Күн төбеге жетпей-ақ
Түзеді Бурыл шабысты.
Қос құлағы тігілді
Қайырға біткен қамыстай,
Түс ауған соң бүктелді
Илеуі жеткен қайыстай.
Байлаулы малдай шешілді,
Төрт аяғын көсілді,
Кеткен қолдың соңынан
Жетемін деген Қобыланның
Жоқ еді тіпті есінде.
Бұлаңдаған Бурылмен
Артық туған Қобыланды
Аңқытып жетті бесінде.
Қол соңында барады,
Қарабұқан жаурыншы.
Қожа бесін болғанда,
Бұқанға келді—арма!—деп,—
Алдыңда кісі бар ма?—деп.
Сонда Бұқан сөйледі:
Жылқы ішінде аланы,
Қылшық жүнді қараны,
Жоқтап едік Қобылан баланы,
Аты қалар дей көрме
Өзіңнен үлкен ағаны!
Осынау дөңнің астында
Қосдәулет кетіп барады.
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыдыртып:
Үлкен едің, арма!—деп,—
Алдыңда кісі бар ма?—деп.
Ол да айтады аланы,
Қылшық жүнді қараны.
Жоқтап едік ертеден
Қобыланды сынды баланы.
Осынау дөңнің астында
Аққозы кетіп барады.
Тайбурылды құтыртып,
Оған да келді сыдыртып:
Үлкен едің—арма!—деп,—
Алдыңда кісі бар ма?—деп.
О да айтады аланы,
Алыстан айқын көрінген
Жылқы ішінде ала-ды,
Қылшық жүнді қараны.
Адасты деп ойлап ек
Қобыланды сынды баланы.
Осынау белдің астында
Қарақозы кетіп барады.
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыдыртып:
Оған де келіп—арма!—деп,—
Алдыңда кісі бар ма?—деп.
Қарақозы сөйледі:
Жылқы малдың аласы,
Ағынан көп-ті қарасы,
Оңдаса Құдай сапарды,
Пенденің жоқ қой шарасы.
Қызыл тілді сөйлеткен
Қаусырма жақтың арасы,
Жеткен-ді деп ойлаймын
Өз көңілімше шамасы.
Кешегі қонған мезгілден
Шапқаннан бері, шырағым,
Көрінген жоқ көзіме
Құрдасыңның шамасы.
Көктем мезгіл болғанда
Көктен құйған тамшыдай.
Шебер қыздың қолында
Балдағы алтын қайшыдай,
Қарамандай құрдасың
Жетіп қалды дегесін,
Бұлаңдаған Бурылға
Тағы да басты қамшыны-ай.
Найзасы аумай қолынан,
Жұлдызы туып оңынан,
Қобыланды сонда: «шу!»—деді,
Құбылып Бурыл гуледі,
Қараманның соңынан.
О да кетіп қалыпты
Үздік озып қолынан.
Беті қайтпай барады,
Сапар еткен жолынан.
Тайбурылды гулетіп,
Келіп жетті соңынан,
Қобыланды жетіп сөйледі:
Болғаның ба, досым-ай?!
Мақтаған атың осы ма-ай?!
Он екі күнде келерсің
Менің бүгін кеште тіккен қосыма-ай!
Жағалы таудың татыры-ай,
Жарасар құрған шатыр-ай,
Жүрмеймісің, Қараман,
Анау күні «қатын» деп
Қарамай кеткен, батыр-ай!
Көрдіңіз бе, Қараман,
Қатынның баққан атын-ай?!
Қатын да болса, білдің бе,
Құртқаның асыл затын-ай?!
Қатынның баққан аты озып,
Қапыда қалма, батыр-ай!
Жүрмейсің бе, Қараман,
Үш күн кейін соң қалып
Бесінде озып барамын—
Қалсаң, өлім жақын-ай!
Қобыланды гулеп жөнелді
Көп Қиятқа қарамай.
Қалың Қият, көп қосын,
Бәрі қалды артында
Бірі еруге жарамай.
Сонда Бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді,
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Аманбайдың ақ тікен,
Асып Бурыл жөнелді.
Қарсы келген қабақтан,
Қарғи басып жөнелді.

Тағы оқыңыз