Қобыландының Темірланды жеңуі (1-бөлім)
Қобыланды · Мергенбай нұсқасы · 2 мин оқу
Қалған сөз Мергенбайдан бұ да бөлек,
Сыйынам, ақын атам, көтер жебеп.
Сексенге сол кездерде келген кезі
Неше жыл қолтығыңнан жүрдім демеп.
Жалғасы ердің сөзі содан қалған,
Тыңдаңдар шалдарыңның сөзін елеп.
Жетпіс бір базарымды кеміткен соң,
Айтайын солай демей енді не деп?
Гүл солса, бір бағасы шөп болады,
«Қартайсаң, ерлігіңді айтпа» демек.
Балалар, сал құлағың тағы тыңдап,
Көргем жоқ тыңдаушыға сөзім бұлдап.
Күлмейтін адам жалған, шын күледі,
Нәрсе ғой екі түрлі сыр мен сымбат.
Жалғасын «Қобыландының» жазып бер деп,
Балалар айтқаннан соң сөзің қымбат.
Берейін білгенімше бәрін теріп,
Жақсыға зая кетпес қылған қызмат.
Бар шығар естігеннің хабарында,
Сөзім жоқ бұдан артық табарым да.
Ен жайлап, еркін өскен сар даланы
Халықтың бәрі шат боп аманында.
Әлсізді әлді талап, тартып жеген
Ертеде өтіп кеткен заманында.
Шығыстан ауып көшкен ауыр қалмақ
Қазаққа салған бүлік баяғыда.
Іс болған сол кездерде таң қалғандай
Шаң басып жердің жүзін қалды аңғармай.
Ызылдап ел үстінен тартқан садақ—
Қара бұлт, жапалақтап қар жауғандай.
Болғанын бір сұмдықтың білді халық,
Жарылып бас аман ғып бүлді халық.
Қарамай ата ұлына, бала еліне
Жөн таппай құтыларға қайда барып.
Шуылдап үріккен қойдай ығып кеткен,
Жайлаған сахарада қанат жайып.
Қаптаған қара қарға қалың жендет
Талай ер қарсыласып болды майып.
Суырып қылыш, найза жарқылдатып,
Дабылы жердің жүзін солқылдатып.
Жаралы елді басып шұбай шапты,
Талай жан аяқасты қалды жатып.
Қашқан ел бір-біріне қарамады,
Шапты жау жарқылдаған жағалары.
Болса да аға, інісі жаудан жазым
Қорғауға бірін-бірі жарамады.
Арасын Орал, Елек алды қалмақ,
Қазақты қуғындатып салды салмақ.
Жайылып жайбарақат жатқан елдің
Талқандап, мал-мүлкін алды зорлап.
Қазақты қансыратып баса көктеп,
Қаптаған қалың әскер алдын орап.
Болмады баста билік, малда иелік,
Шұбырып шықты халық жан сауғалап.
Шаңдатып талай арна өзендерін,
Тобына ел жыйылған тартты садақ.
Бұрқырап шаңы бұлтқа ұласқандай,
Ақтабан шұбырынды болды қазақ.
Хан болып Ақсақ Темір қызылбасқа
Отырған оғын кезеп, жағын торлап.
Жарылып бір бөлегі тауға қашты,
Сауғалап бір бөлегі Ордан асты.
Ер кетіп, әйелдерден ерік кетіп,
Бой қыздар, жас келіндер қолға түсті.
Басына бөрік киіп, шекпен іліп,
Жамылып жар тасалап, оққа ұшты.
Талай ер—елдің ерке бозбаласы,
Бас болып қарсы тұрған ел ағасы,
Күш-қару жұмсаймын деп майып болған,
Ел үшін құрман болды таңдамасы.
Бере алмай ел жиылып көпке көмек,
Бұзылып бет-бетіне болмай дерек.
Қырылып жөнекейде қашқан халық,
Жеткені жан сақтады тау жебелеп.
Қанатын жая жазып, жерді орап,
Қалың жау ел қонысын алды билеп.
Малды алып, дүние алып қарқылдаған,
Бүлініп, ел қалмады шарпылмаған.
От-жалын жүректерін елдің басып,
Көк болат жердің жүзі жарқылдаған.
Сар дала, ен жайлауға салған қиқу,
Босанып, жер қалмады сарқылмаған.
Ел беттеп, ереуілге тұра алмады,
Жез қалпақ, алтын жаға жарқылдаған.
Темірлан сардаланы қылды қоныс,
Салдырды тастан қорған—үлкен жұмыс.
Жағалай бес өзенге бес қаланы—
Қозғалған дүние жүзі болды бір іс.
Иен малға, иен жайлауға ие болып,
Темірлан осылайша алған тыныс.
Шолғыншы, қарауылшы жер шетінде,
Кім беттеп мұныменен салар соғыс.