Қобыландының баласы Жетімтай мен Жетімек туралы жыр (7-бөлім)
Қобыланды · 1 мин оқу
Түрленіп тұрған сұлуын
Еріксіз алып кетеді,
Қалмаққа зәбір береді.
Шешесінің кектерін
Қалмақтан алып береді.
Жетпесін бе, дүние мал
Өзінің келген ізімен,
Малын айдап Жетімтай,
Көк майсаның жүзімен,
Бәрін алып келеді.
Күн жетіге толған соң,
Қалмақтың шықты шетіне,
Елге қарай бет алып,
Ырғап-жырғап келеді.
Бірнеше күн жол жүріп,
Азғана емес мол жүріп,
Қажыса болат сынады,
Қайтадан келіп елінің
Үстінен келіп құлады.
«Баласы Көкше келді»,—деп,
Елге бір хабар береді.
Көкше мен Ақмаңдай
Алдынан шығып жалғыздың
Енді екеуі жылады.
Жетпесін бе, дүние мал
Айғырын сойды ақыртып,
Бурасын сойды бақыртып,
Төбел менен тушаны
Түп көтере сояды.
Елі жұртын жинап ап,
Тойды қатты қылады.
Елі жұрты әртарап,
Риза бұған болады.
Тағы да сөздің арасы—
Көкше менен Ақмаңдай
Бөтендігі жоқ еді,
Жетімтай бала болады.
Менен қалған көл еді,
Итқырылған жер еді,
Жиренкөл деген көл еді.
Өзінің мекен қылған жеріне,
Қыз Құртқа мен барлығын
Қайтарып алып келеді.
Алтын қазық қаққан жер,
Жібек арқан таққан жер,
Мақпал жабу жапқан жер,—
Құртқаның өскен жері еді,
Мекен еткен елі еді.
Құдайы беріп қайтадан
Қалыбына келеді.
Айып етіп жүрмеңіз,
Осымен тәмем болады.
Қатесі болса, кешірің,
Білгенімнен білмегенім көп еді.