Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Адам атадан бергі шежіре (1-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Адамның жаратылысы

Бір күшті бар атасы-анасы жоқ,
Жұпты қатын тудырған баласы жоқ.
Ғибрат қып әр нәрседен жаздым мұны
Бір туысқан інісі, ағасы жоқ.
Жүмлә, жан не бол десе, сол болады,
Ешбірі көнбесіне шарасы жоқ.
Жаралған неше түрлі мақұлық бар,
Бұлай дейтін ешкімнің жаласы жоқ.

Ғажабын әрбір еткен істерінен,
Сол күш зорды жойған күштеріне.
Қаншама көп жиылған, көрген адам
Біріне-бірі ұқсамас түстеріне.
Өнерлі қаншалықты болғанымен,
Өзгеден шеберлігі істеріне.
Құрт-құмырсқа қыс өтіп, жаз тірілер,
Пенденің ойы жетпес істеріне.

Ғибрат, алдым үлгі осындайдан,
Бітеді жаратылып бала қайдан.
Қосылу ерлі-зайып себебінен
Тән жарып, шаһдат болған жайдан.
Бір еркек, бір әйелмен жұпты болмақ,
Ойыны махаббаттың мықты болмақ.
Бой балқып, тән қосылып, сөл ауысып,
Әйелдік қалпына орнап, жүкті болмақ.

Ұйымақ бір тамшы сөл қатық болып,
Қан болып, шеміршек боп жатыр толып.
Ет, сүйек, бастан сурет бола бастап,
Бес айда қозғалады жан кеп қонып.

Сурет боп төрт ай жанды, бес ай жансыз,
Өзінде нәпіс сүтсіз, нансыз.
Анасы жанданғанын біледі әбден
Нанамыз, көз көрген соң шек күмәнсіз.

Ауылда барлық қатын жиылады,
Бипәтима піріне сиынады.
Күллі әйелдің басында болған іс қой,
Жаны қорқып, жат сөзден тыйылады.

Епті кемпір іш көрген: «Бір түйіні бар,
Деп тұрар,—баланың аз қырыны бар.
Жылдам істеп, ішіп-жеп бітіріңдер,
Ененің ескі жора ырымы бар».

Жылпыңдап келіншектер істеп жатар,
Егде қатын отырар қатар-қатар.
Жарысқазан жеп болар кезде,
Толғатқан әйел: «тарт белімді», деп тіл қатар.
Қатындар сипап көріп, тартады ішті,
Жылжи-жылжи нәресте төмен түсті.
Қараңғыдан жарыққа шығар мезгіл
Тәңір жазған сағатта жерге түсті.

Бақырып жерге бала жылап түсер,
Төменге жоғарыдан тулап түсер.
Дүниеге жылап келіп, жылап өлмек,
Өлерде кейімегін сынап түсер.

Түскен соң бала жерге шырылдайды,
Көкірек шаранасы бырылдайды.
Бір пышақ күні бұрын дайындалған,
Бір қатын кіндік кесіп ырымдайды.

Балаға осы қатын кіндік шеше,
Мінезі жұғып қалмақ әлденеше.
Дүниеге кеп тәніне пышақ тиді,
Уыз еді жұмыртқа күні кеше.

Баланы шүберекке орап алар,
Құндақтап тапқан шеше алдына алар.
Еміреніп емшекке сүт пайда боп,
Аузына нәрестенің мама салар.

Мама аузына барғанда жалманады,
Жыламай апалақтап алданады.
Емшек сүті барған соң
Тіл, ерінмен соруға дағдыланды.

Он айдай тар құрсақта жатқызады,
Күн толып, он айдан соң тапқызады.
Алпыс екі тамырдың бәріне қан
Аппақ сүт емшегімен ағызады.
Ана аман, бала туып қуанады,
Нәресте, қарны ашса, жыланады.
Мамасын ауызына салғаннан соң,
Өзекті нәпсі тоқтап жұбанады.

Шомылтар тұзға, маймен сылап,
Шырылдап жас нәресте қалар жылап.
Нәпсіге іші қуыс тамақ керек,
Анасын шақырғаны мама сұрап.

Түн ұйқысын төрт бөліп шеше емізер,
Тек жыласа, ерте де кеш емізер.
Шыр айналып жалықпай тәрбиелер,
Санын қайдан білейін неше емізер.

Бесікке бөленеді енді бала,
Аяқ, қолын ұсынып көнді бала.
Шүмек, түбек арқылы тазаланып,
Бір жасқа осыменен келді бала.

Жеті айда бала еңбектеп, талпынады,
Он екі айда қаз тұрып, қалқияды.
«Қарағым аяғынан тік тұрды» деп,
Қуанып ата-енесі шарқ ұрады.

Екінші жыл сөйлейді балдыр-былдыр,
Әркімді шырамытып бұлдыр-бұлдыр.
Қолға түскен нәрсені қойып қалып,
Күл шашады ыдысты салдыр-сұлдыр.

Мұнан соң бала келер үш-төрт жасқа,
Әрненің атын біліп басқа-басқа.
Қолына бір тостаған қасық алып,
Үлкенмен таласады ішер асқа.
Үш-төрттен асып бала беске келер,
Ойласақ, өткен істер еске келер.
Көрінгенмен боқтасып, өкпелесіп,
Асық ойнап, шаң болып кешке келер.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз