Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Кіші жүз шежіресі (19-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Сартай сонда сөйлейді:
—Құлдыққа бергенменен, бұл көнбейді,
Босанып өз еліне кете қойса,
Қайта шауып, бұл елге күн бермейді,
Қалмақ ер ашуланса, әлің келмейді.

Сартай би айтқан еді көпке ақыл:
—Ерді ер қолға түскен өлтірмейді,
Келе атқан бұрынғыдан қалған нақыл.
Ер мен ер кездескенде өлу керек,
Дем бітіп, сол арада болса қапыл.
Жұмсаймын бұл қалмақты өз еліне,
Тапсырам екі ауыз сөз көрсе, мақұл.

Босатып бұл қалмақты жіберемін,
Тапсырма бір-екі ауыз сөз беремін.
Қазаққа енді қайтып тимеймін деген,
Қонтайшы ханнан алып келсін сөз берігін.

Келмесе ертең түсте уәдеге,
Қалмақты өзім барып бір көремін,
Осымен бұл қалмақты жіберемін.
Осыны айтып ер Сартай,
Еліне Қорен батырды жібереді.
Таймайтын уәдеде о да ер еді,
Босанып Қорен батыр еліне келеді,
Іркілмей ханына келіп сәлем береді.
Айтады ол қазақтардан көргендерін:

—Ассалаумағалейкум,
Отырсыз ба аман, ханым-ай!
Мен байлауда жатқанда,
Келмеді ешкім жаныма-ай.
Кете бердің сен қашып,
Алды-артыңа қарамай.

Мені қазақ босатып,
Аман келдім еліме-ай.
Байқап тұрсам шамаңды
Бүлінген, ханым, еліңе-ай.

Тау тасалап қашыпты,
Елдегі батыр, ерің-ай.
Қуып қазақ малыңды,
Шаңдатыпты жеріңді-ай.

Және таңдап алыпты,
Елдегі сұлу қызыңды-ай.
Шабылып халық, елдерің,
Ұшырапсың шығынға-ай,
Тыңда, ханым, құлақ сал,
Айтайын енді өзімді-ай.

Мықтап ұстап белімнен,
Көтеріп алды атымнан,
Көрмеді артық қатыннан.
Алып барып өңгеріп,
Аяқ-қолымды байлаған,
Екі көзім жайнаған,
Дұшпаныңды мен ем қайырған.
Жан келмеді артымнан,
Көрмедім пайда халқымнан.
Ұрысуға жауыңмен,
Жоқ еді жерім тартынған.

Көрген жоқпын батырды,
Қайраты менен артылған.
Мен мұндай ерді көрмеп ем,
Қаһарынан нан пісіп,
Кетіп ед жау алдынан.

Нағыз туған ер екен,
Қайтпайтұғын Тарғыннан.
Кереметті ер екен,
Барлық қазақ бас иіп,
Қамалап қазақ келгенсін,
«Жеке шық» деп ақырдым,
«Бірің кел» деп шақырдым.

Шыға келді бір қазақ,
Соныменен алыстым,
Ырғалып найза салыстым.
Қылыштастым, серместім,
Найза қалды қайырылып,
Үстіне киген көк сауыт,
Қылыш қалды майырылып.

Жас баладай көрмеді,
Мен секілді батырды.
Айтқаным осы тыңдасаң,
Қайтпаймын енді антымнан.

Осыны айтып болған соң хан ойланып: «бұл екеуі қазаққа қосылып, елге қайта шауып, Саранақ секілді қаланы бүлдірер» деп қауіп етіп, «қазақ осыменен кететін болса, бір-бірімізге енде қайтып тимеске шарт жасайық. Қағаз берейік» десті. «Қазаққа енді қайтып тимейміз» деп хат жазып, шарт жасап, қонтайжы хан қолын қойып, мөрін басып Қорен батырдан беріп жібереді. Сол қағазды әкеліп Сартай батырға тапсырып, Сартайменен татуласып, еліне қайтады. Сартайдың мынадай ісін көрген соң үш жүз Сартайдың ақылы мен ерлігіне риза болып, «Ер Аннас» деген атақ береді. Үш жүздің атынан «үш жүздің би ағасы» деген Сартайдың мөрі болған.

Сонан кейін ер Сартай,
Аттанып жауға жүрмеген.
Халық егесі би болып,
Үш жүздің сөзін сөйлеген.

Бітіріп дауды елдегі,
Хандарға теңдік бермеген.
Арын арлаған қазақтың
Батыл да батыр би екен.

Қатарындағы халықтан
Қарсыға дұшпан келмеген.
Ықпал бағы таймастай,
Бір жүз жиырма бес жасқа келген.
Алғыспен дәрежелі өмір сүрген,
Атамыз осылардан үлгі көрген.

Ер Сартай осыменен аяқталды,
Үш жүзге аға болып атақ алды.
Үш жүзден қайратымен ақылдасып,
Басына баянды боп бақыт қонды.
Ерте өткен уақытта,
Осындай заман өтеді-ай.
Сонан бері бұл үш жүз,
Өркендеп, шалқып өседі-ай.

Өніп-өсіп халық боп,
Жөніне тарап кетеді-ай.
Аға болып үш жүзге,
Сартай бата береді-ай.
Ендігі сөз, мінеки,
Жылқайдарға келеді-ай.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз