Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Адам атадан бергі шежіре (6-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Шажарат ағашына мекендеген,
Ол жерден ойлары жоқ кетем деген.
Ібіліс неше түрлі хайла ойлайды,
Мақсатқа ойына алған жетем деген.
Жылайды бір күн тұрып өздігінен,
Сұрар деп есептеді Адам менен.

Бұл ойын өзі дағы қолайлады,
Келер деп істің жөні осыменен.
Солқылдап басын шайқап көп жылады:
—Айрылар күн жақын,—деп,—сеніменен.

Артықша елден ерек адамизат
Қосылдым деп ойлап ем теңімменен.
Алланың кем ісінде әділдік жоқ,
Кім қарсы істесе егер жөніменен.

Қорқасың зәрең ұшып екеуің де,
Сұрама, ғазиз достым, оны менен».
Отырды Адам, Хауа қайран қалып,
«Мұнысы не пәле» деп ойына алып.

Жылаудың күштілігі, міне, осындай,
Мүриті жатты біраз есін танып.
Су бүркіп, басын сүйеп тұрғызса да
Ас ішіп, ұйықтамады мейірі қанып.

Сұрауға екеуінің көңілі кетті:
—Қиындық туды бұған қандай, неғып?
Ишеке, көздің жасын бұладыңыз,
Не болды бұл жылаудан мұратыңыз?

Ақиқат қапаланба, айт шынынды,
Келіп тұр істің жөнін сұрағымыз.
Айтыңыз не де болса, түйткіл қылмай,
Естісін біздің дағы құлағымыз.

Жоқ еді мұнан бұрын еш ренжу,
Бірге боп қосылғалы тұрағымыз.
Алалық арамызда болған емес,
Бөтен деп ойламадық тілегіңіз.

Көтеріп жастығынан ишан басын,
Көзінің сүртіп жеңмен аққан жасын.
—Бола ма айтпауыма енді менің
Қиылып екі досым сұрағансын.

Жеміс бар мынау шажарат ағаш ішінде,
Жеме деп тыйды Алла о басында.
Адамдар мұны жеген өлмейді еш,
Керемет қасиеті бар осында.

Енді сіздер ұзамай өлесіздер,
Болмайсың ұжмақтың қол астында.
«Жылауым сендер үшін, қия алмаған
Досым»,—деп айтқан сөзге нанасың ба?

Келмесе өлгілерің, екі досым,
Жұлып же, ешкім де жоқ, барасың да.
Өлімді білмеуші еді бұлар бұрын:
—Не нәрсе өлім деген, айтшы түрін?

—Кеудеңнен жаныңды алып, демің бітті,
Аузыңнан ағызады қанды ірің.
Мұнан соң жалаңаштай жерді қазып,
Көмеді тұрмастай ғып, жарықтығым.

Жоқ қылады, өлім деген жаман нәрсе,
Қорқыта айтты Ібіліс бірін-бірін.
Мұны естіп екеуі де үрейленді,
Артықша, әсіресе Хауа сенді.

Өлімнен құтылайық, бұдан қашып,
—Айда тұр, барайық,—деп өршеленді.
—Алланың бұл қашық бол деген нәрсе,
Бармады Хауа ана, ақыр жеңді.

Кеткенде көзі ұйқыға Адам атаның
Хауа ана үш-төрт бидай үзіп жеді.
Бидайдың бірер басын үзіп алып,
Отырды қалтасына орап салып.

Хауа ананың жүрген-тұрған дыбысынан,
Адам ата бас көтерді бұл да оянып.
«Бұл өзі өте дәмді, жақсы екен» деп,
Береді қалтасынан бидай алып.

Ұмытып тапсырмасын бір Алланың
Шайнады ауызға сап, тіске салып.
Ойына түсе қалды сонда ғана,
Жұтқанда тамағына дәмін алып.
Ұстады кеңірдектен жібермеді,
Шықпады ауызына қайта оралып.

Сол жерде түйін болып тұрып қалды,
Шындыққа осы әңгіме куә толық.
Бірінші жұлып жеген Хауа ананың
Шындыққа куәсі бар оның, дәннің.

Қырық күн нифас қаны бала артынан,
Көреді бір жеті-он күн хайз қанын.
Үзгенде жас бидайдан сары су аққан
Себеп сол әйел затқа болғанының.
Қатадан Ібілістен болды біліс,
Айтайық ақыры не болғанын.

Ұжмақтың нәжіс болмайды тағамдары,
Кетеді бойға тарап тамам бәрі.
Кигені жік атлас, алтын, палас,
Кіршіксіз сондай таза адамдары.
Қолында стаканы шарап толы,
Жүреді жұпар аңқып хор қыздары.

Сайраған тоты, бұлбұл, хауыз кәусар,
Тамаша орындар көп мұнан да әрі.
Фердоуси жаннатул ағла сегіз ұжмақ
Алтынмен нақышталған түгел бәрі.
Адамның ақырғы орны болу үшін,
Жасаған осылай етіп Пәруары.

Дүниеде аз нанушы осы сөзге
Өлген соң бар ма, жоғын көзі көрер.
Өршеленіп, қайтемін әуре болып,
Обал, сауап, жазасын өзі көрер.
Көреді ол орынды қандай адам,
Бұл күнде көбісі жүр нанбай адам.
Аяғын теріс сөйлеп, қисық басар,
Тіріде ақыл-естен танбай адам.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз