Адам атадан бергі шежіре (36-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Бұл шежіре Баршоқты ұйғыр етіп дәлелдеуге көшіп, дастанға айнала бастағандықтан, тоқтатып Жайылханның екінші баласы Сапиан ұрпақтарын баяндауды жөн көрдім.
Жайылханның екінші ұлы Сапиан нәсілдерін тарату
Мен енді баяндайын Сапианды,
Бұл дағы ірі атаның бірі дағы.
Орта жүз рулары ел атанып
Өскен ел орын алып Сарыарқаны.
Сарқобы, Торғай, Тобыл, Есіл, Ертіс,
Қамтиды түгелімен осы маңды.
Туады Сапианнан алты қожа,
Сөйлейін нәсілдерін біраз соза.
Болса да басталған соң аяқталмай
Болмас-ты көз жұмғанша маған маза.
Үлкені—Қарақожа, екінші—Ақтай,
Қаншама гүлдер өсті бұл дарақтан.
Оқушым, тыңдаушым да, жақсы ұғын,
Берейін түсіндіріп бұл тараптан.
Үш жүзді жатқызғанда жікке бөліп
Орта жүзге жатады деп таратқан.
Әр елдің салыстырып туыстығын,
Зерттеп арғы жерден шыққан түбін.
Әр елдің басын қосып кеңес құрып,
Бас болды Қотан тайшы кемеңгерім.
Үш жүздің аталарын сұрастырып,
Болғанын қай нәсілден тауып шынын.
Майқы би, Асан қайғы басында боп,
Тоқтаған қартайса да қазақ мұңын.
Ақжол би алқасында шежіре жазған,
Келеміз сол жобамен күні бүгін.
Атанды сол себепті Қотан тайшы,
Айырып әр елдің де ара жігін.
Заң болып осы шежіре ұлтқа жетті,
Ортасы он төртінші ғасыр болған мұның.
Сол құнды шежірені жүре бұзып,
Кемітіп біреу қосып, біреу сызып.
Адасып соның үшін жөн таба алмай
Бұл күнде қиын боп жүр алу түзеп.
Дарақожа нәсілі—Найман
Дарақожа нәсілі—найман халқы,
Ежелгі келе жатқан елдің қалпы.
Тіркелген Орта жүзге ер Қаптағай
Ұранын ұмытпас деп ата салты.
Айтатын Найман жайлы әңгіме көп,
Біреу айтад «Сопы мырза баласы, деп.
Келгенде Сопы мырза тоқсан жасқа
Бар болған үш баласы өліпті, деп.
Екі келін ер іздеп кетсе дағы,
Бір келіні қолында қалыпты, деп.
Осы келін кемеңгер ақылымен
Найман ата бір қатын алыпты, деп.
Жас қызды Найман ата сүргеннен соң,
Өкіріп өзі дағы өліпті, деп.
Ұл туды Найманның өз нәсілінен
Сондықтан атын Өкіреш қойыпты, деп.
Нәпсіге ие болып, артын ойлап,
Тимеді келсе дағы хан менен бек.
Атасы Сопы мырза әруақты адам,
Артында жұрағатсыз қалдырды, деп.
Өкіреш он үш жасқа келгеннен соң
Жеңгесі тиді соған отызға кеп.
Ұдайы қатарынан төрт ұл тауып,
Ат қойды Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл деп.
Қаракерей—Ерторы, Байторы екі бала,
Ерторыдан—Бәйе, мұнан—Байсейіт,
Оқушым баға берер бұған не деп.
Әйгілі атышулы Қабанбай ер
Байсейіт нәсілі деп атайды.
Ал Матайдан үш аталық Кенже
Қаптағайды ұран қып жұрт атайды.
Үш жүзді жікке бөліп жатқызғанда
Жиылысты басқарысты деп атайды.
Аты қыз Аталықтың бәйбішесі
Сондықтан Қызай-Найман деп те атайды.
Ернегекті, Орақты, Толқатай, Домбауыл
деген де бар
Түгендеп мұны тегіс кім атайды.
Аталық нәсілінен Барақ батыр
Топ бастап, ту алып, тігіп шатыр.
Әбілқайыр ханды өлтірген осы Барақ
Басқа да тамашасы толып жатыр.
Саржомарт—Өкірештің бір баласы,
Бұл дағы болған елге ноқта ағасы.
Асыранды баласының аты—Бура,
Болмапты кіндігінен өз баласы.
Күңінен—Бағаналы, Балталымен,
Көкжарлы—бір құлынан, жоқ қатесі.
Осымен доғарамын Найман елін,
Өздері қоса жатар қалған кемін.
Айыпты ете көрме өтінішім,
Қатесі болса айтқан шежіренің.
Сырттағы ел сығырдаңдау болмай тұрмас,
Өздері біледі артық-кемін.
Смағұл қожа нәсілі—Керей
Смағұл қожа баласы туған Керей,
Қалдырғаным жөн болмас пәлен демей.
Жазамын шежіресін әр халықтың
Тіл жұқарып, жалығып, тозды көмей.
Керейден екі бала—Шимойын, Ашамайлы,
Алты ұл Шимойынның болған сайлы.
Шимойын немере қызын алған Әжірахмет
Ол Керей көрінбейді басбайлы.
Қыз алған көрінеді өзі күйеу,
Болған соң жібермепті малға жайлы.
Ұлы жүз Абақ, Қаңлы нәсілінен,
Нәсілі Керей болып қанат жайды.