Адам атадан бергі шежіре (42-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу
Жорыдым осылай деп,—деді шешем,—
Мал сойып, тасаттық бер мені десең.
Қимылда алдын ала, елден бұрын,
Сүйікті ханға жолдас болам десең.
Айтқанын Бәйдібек бай қабыл алып,
Көк қасқа шақырды елді бие сойып.
Сұрады Құрайқат пен Қаршық
Сұрады Домалақты ортаға алып.
Көргенін бастан-аяқ айтып берді:
«Бір түсті осылайша көрдім анық».
Етін жеп, көк қасқаның бата берді,
Тарқады үш еріне жұрт шаттанып.
Қотан би, Әбілқайыр аттануға,
Осы түс себеп болды хабарланып.
Ендігі сөз келеді екі биден
Жамағат, тыңдаңыздар құлақ салып.
Өзінің халық білген қасиетін,
Тыңдаған Өзбек, Қазақ өсиетін.
Алланың шарапатты пендесі деп,
Діншілдер ол уақытта бас иетін.
Дүниеден сол секілді жандар өтті,
Өзі өлді, аңыз өлмей бізге жетті.
Адамға ғылым, өнер Алла берді,
Білсін деп жаратылыс жер мен көкті.
Қойыпты Самарқанның қаласына,
Ортақ деп мұсылманның баласына.
Жерленген сондай әсем моузолейге
Гөрхан арнап салған анасына.
Енемнен туған басы—Жарықшағы,
Кем болмай дәулет пенен баста бағы.
Жоқтатпай сегіз ұлын осы бір ұл
Бәйдібек көтерілді аруағы.
Айтулы үш ұл туды Жарықшақтан,
Ұлы жүз аузына алып еткен мақтан.
Албан, Суан, дейтұғын Дулат батыр,
Бай, бағлан, батыр, билер осы гәптан.
Ұлы жүздің іргесі дейді бұлар,
Қаңлы, Үйсін бөлек дер тарихшылар.
Заманнан қара қырғыз деп көрсетті,
«Қара үйсін» деген сөз арбашылар.
Бұрында Қаңлы, Үйсін болған шығар,
Аттастар бұрын-соңды елден шығар.
«Бұрын туған бұрын өледі» дегендейін
Оларды жер қойнына салған шығар.
Ол нәсіл бізге келіп қазақ болмас,
Руын жасырған жан ақырда оңбас.
Қазақ ұлты қашаннан Қаңлы, Үйсін
Бөлек деген құрғақ сөз ақыл қонбас.
Ұлы адамның кірген соң қарауына,
Тарихшының бермеймін талауына.
Бір ізден есториа шығу тиіс,
Халықтың мен беремін қалауына.
Келемін шежіре, тарих бастан жазып,
Ықтимал шежіре, кейбірі дастан жазып.
Сөз өнері қарттардың шежіресінен
Жерім жоқ қатасынан асқан жазып.
Жазған жоқ ала сүріп астан-кестен,
Адамды тіршіліктерін танып естен.
Бәрінен не десе де аман өтті,
Атанып Қазақстан кіндік кескен.
Беріспей қытай, моңғол, жоңғарға,
Атақты үш ауылы ел боп өскен.
Көшпелі, мал өсіріп сахарада,
Дұшпанға беріспейтін қас сақ дескен.
«Қас» деген—нағыз сақ деген сергек,
Қалған сөз білімдіден солай шешкен.
Сегізінші ғасыр мен он үшінші ғасыр,
Қазағым сонан бері ел боп өскен.
Баяндап жоғарыдан келдім жазып,
Жоқ шығар бұл туралы менде жазық.
Ел үшін еңбегіме ризамын,
Жиырма жыл шаршап-талып, болдым қажып.
Көз салып есториа шежіреге,
Көбісі байламы жоқ ылғи меже.
Басын бастап келсе де әжептәуір,
Соқтырады аяғын әлденеге.
Бұған дейін қорытынды болмаған соң,
Ғалымдар елге сәлем жолдаған соң,
Нақтылап білгенімді жаздым теріп,
Көңілім тарихшыға толмаған соң.