Адам атадан бергі шежіре (23-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Мәдениетті тегіс теріп айту қиын,
Әуелде жаратылған бірге бойдан.
Шешіңдер әділдікпен дұрыс қарап,
Талабын талапкердің алға қойған.
Сөз төркінін салыстырып, шамаласа,
Алыпты дәмсіз сөздер құрғақ ойдан.
Қазақ хан ең әуелі, өзі болды,
Ғасырдың тоғызыншы кезі болды.
Немересі онан кейін Дәшті болып,
Ұстады бірінен соң бірі жолды.
Осылай сонан бері келе-келе
Ақыры әз Жәнібек нәсілдері соңы болды.
Баяндап айтып берем, асықпасаң,
Қандырып айызыңды, мауқың басам.
Дәмі жоқ, татуы жоқ, бытыраған
Тарихты жаңартайын болған қасаң.
Салайын алдарыңа айнадай ғып,
Шығуын қазақ қайдан, ал тыңдасаң.
Ерте өткен Сүйінбай, Қазтуған ақындарым
Тағы айтсам бергі жерден жақындарын.
Еңбегін көздеріңше елестетесем,
Сонда да толмас па екен тақымдарың.
Қазтуған, Шалкез ақын ерте кезде,
Сыпыра жырау, Жиенбет мұнан өзге.
Қазақтың сол кездегі салтанатын
Көрсетіп тұрған жоқ па көрер көзге.
Қайыпбай хан-қараны бірден шенеп,
Емес пе Бұхар жырау құрған тезге.
Солардан қалған кейін әдебиет
Мүмкіндік тудыруда қазір бізге.
Сал Біржан, Ақан сері өлеңшілер
Ән-күйге Құрманғазы қандай шебер.
Сайраған сандуғаштай жүз құбылтып,
Бой балқып, алпыс екі тамыр иер.
«Жанбота», «Жамбас сипар», «Қалқам шырақ»
Еріксіз естігендер басын иер.
Тұщы күй, ащы дауыс сан құбылып,
Оянып сана-сезім, жан сүйінер.
Кинода осы күні естіліп жүр,
Құрманғазы, сал Біржан, ақын Абай
салған күйлер.
Ардақтап ақындарды алға ұстап,
Ат беріп қайтаратын мырза-билер.
Өзгерді бұл секілді халық мұрасы
Басы бар, аяғы жоқ нелер күйлер.
Біріне күпіну жоқ, тұшыну жоқ
Шиқылдап ішегін тартып музыкалар.
Енді бір жиырма, отыз жыл шамасында
Қазақтың ана тілі адыра қалар.
Өзгерді әсіресе, қазақ халқы
Басқа елдің ертедегі сана-салты.
Алсақ та қай халықты жер бетінде
Дерліктей өз ғұрпына түгел, жалпы.
Қазіргі алсақ біздің жастарымыз
Пердесіз борбайы, ашық бастарымыз.
Төбеге томпайтуды қоя салып,
Күзелген ту байталдай шаштарымыз.
Игі еді ашпай жүрсе абыройын,
Бермесе өзі тыйым бір Құдайым.
Ұят жоқ, имену жоқ ата-анадан,
Бұзылып бара жатыр жыл-жыл сайын.
Еріксіз ерте кездей емес қазір,
Сыйлайды сирек сүйіп тиген байын.
Осыны академик еске алыңдар,
Қарттікі демеңіздер сары уайым.
Көрсеткен жоғарыда әдебиет
Өзгерсе басқа елдерден болар ұят.
Қарақалпақ, қырғыз, өзбек өз құнында
Қазаққа не десе де бәрі сияды.
Өз елін үлгі беріп тоқтатпаса,
Басқа елдің көп өсегін қалай тияды.
Бәрі де ақын болмас қорғаласа,
Қаймығып көрінгеннен жорғаласа.
Ақындық, батырлығың неге керек,
Ұлттық тәуелсіздікті қорғамаса?!
Мына бір әңгімеге бетім ауып,
Қорықтан кейінірек етті қауіп.
Ұнатпай жазушының көпшілігі
Қара тер құр болмасын босқа шауып.
Айтылып келіп еді хан мен билер,
Үлгісі әдебиет жыр мен күйлер.
Мәдениет жайына қалып барад,
Қазақтың хан ордасы, киіз үйлер.
Ханға арнап Орда тіккен он төрт қанат
Ішіне жиды қымбат асыл манат.
Оюлап туырлығын оқалаған
Басқұр, бау кіл жібектен маржан тағад.
Сырлаған алтын сырмен үй ағашын,
Әр түрлі өрнектелген шұғаменен.
Тістері айшықталған қошқар мүйіз
Мысалы көргеніңде бейне жанат.
Нақ төрде ханға арнаған алтын тахыт,
Отырад оң жағында сегіз санат.
Сол жақта көсемдері, шешендері
Сөйлесе денең балқып, мейірің қанад.
Екі үйдің арасынан керме құрып,
Орнатып екі бастан ұзын сырық.
Киінген ықшам киім қорықшылар
Асынып бердеңкесін зыр жүгіреді.
Кермеге түрлі-түсті тұлпар байлап,
Үстіне кіл жібектен жабу сайлап.
Үзіліп аққу құстай сағақтары
Жер тарпып, пысқырады көзі жайнап.