Адам атадан бергі шежіре (25-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Бастап ем шежіресін Аламан бай
Төрт түлік мал, қазына бәрі де сай.
Қыпшақты кіші інісі хан сайлады
Күллі жұрт айтса дағы өзі болмай.
Ішінде наразылық болса дағы,
Асан да көнді ағаға қарсы болмай.
Өзінше бетті бөліп кетті Қыпшақ
Қаймығып, екі ағамен ісі болмай.
Іргесін Асан қашық, аулақ салды
Қыпшақтың қылығына көңілі толмай.
Байға да осы кезде қасірет кірді
Келгенше жасы алпысқа перзент болмай.
Келгенде жасы алпысқа Данагүлден
Ер перзент Данагүлден туды ұдай.
Аламан алпыс бесте екі ұл көріп,
Көңілінен қайғы-қасірет шықты мұндай.
Сергітіп Аламан бай алды бойды,
Бұрынғы қайғы, уайым бәрін жойды.
Шақырып массагеттің халқын тегіс,
Тамаша салтанатты қылды тойды.
Қаз-қатар жүз елу үй қара тігіп,
Қоралы қой, үйірлі жылқы сойды.
Сары қазы, ақ жамбасқа басын салып,
Алдына үшара табақ қойды.
Сар қымыз, сар самаурын қоса қайнап,
Келгендер аш-арықтың бәрі тойды.
Үлкендер патиха беріп, қожа, молда
Үлкен ұлына—Алаш, кішісіне
Наурыз деп есім қойды.
Келгенде Алаш батыр отыз жасқа
Әйгілі аты шықты Алты Алашқа.
Қайғырды хан тағында Алаш қатты,
Інісі Наурыз өлді болып қас та.
Мұның толық әңгімесі сөйленеді,
Бірінші кітабымда мұнан басқа.
Бұл жерде тоқталмаймын Алашқа көп,
Жазғамын түсіндіріп әуел баста.
Алшын хан нәсілдерін таратамыз
Алшыннан туады екен екі бала,
Мұны да баяндайын келіп шама.
Тарихын өткендердің жаздым теріп,
Илһам бер, тілге жәрдем Хақ Тағала.
Сейілхан, Жайылхан дүр аттарынан,
Тыңдаушым оқып көріп берсін баға.
Нәсілі Сейілханның түрікпен деп,
Айтады шежіреде ертеден көп.
Өзінше әркім жазып өзгертеді:
«Кейбірі болар кетіс қыпшақтан» деп.
Алаш деп атын атап жазса дағы,
Сөзінің тиянақсыз байлауы жоқ.
Осындай шатақ сөздер әр жерде бар
Келеді түсіне алмай былайғы көп.
Ертеде түсінігім, көргенімді,
Жазамын Сейілханды мен былай деп.
Сейілханнан Жиренше шешен туды,
Одан Мөңке әйгілі көсем туды.
Мөңкеден Әз әулие Қорқытпенен
Әзден Сәбит саятшы Шәматпенен.
Сәбиттен Аспан, Шәматтан Әз Жәнібек
Бұлар да атасының жолын қуды.
Орнатып әдебиет отанына
Би болып, әділетті белін буды.
Атанды жүре келе Асан қайғы,
Аралап қоныс іздеп Жетісуды.
Жәнібек Әз әулие немересі
Сондықтан Әз Жәнібек атандырды.
Сөйлесем түсіндіріп сөзім дәрі,
Әз Жәнібектен былайғы ханның бәрі.
Тарайды Қасым ханның нәсілінен
Деулері Шыңғыс ханнан жалған бәрі.
Дәріптеп Жошы, Батый нәсілдерін,
Былайғыға дәйім халық нанған бәрі.
Ол рас жүз елу жыл билегені,
Ұшырап азып кеткен қалғандары.
Жазамын Шыңғыс ханды кезегінде,
Айтылады нендей халде болғандығы.
Нәсілі Сейіл ханның мұнан кейін
Үш жүзге бірдей ортақ орындары.
Келеді үш жүздің де ауызында
Нақыл сөз, әдебиет порымдары.
Таласып біздікі деп бұл билерді
Әрқайсы меншік қылып орындады.
Аттарын өздерінен атаса да,
Жатпайды ол билерге соның бәрі.
Осымен Сейілханды тоқтатамын,
Бастайын Жайылханнан онан әрі.
Ертедегі тарихты әркім әртүрлі сөйлейді. Ұлы жүз аталарын біреулер Ұзын сал Ыбырай деп, біреулер Байшора деп, біреулер Ақарыс деп, біреулер Төбей деп. Соның ішінде өзімше Төбей деп алдым.
Жайылхан нәсілдерін таратамыз
(Бірінші—Төбей би, екінші—Сапиан, үшінші—Баршоқ би)
Жайылханнан Төбей, Баршоқ Сапианмен,
Мұны да қадари-қал баяндайын.
Таластың кім туғанын келді кезі
Тәуекел, не болса да тайынбайын.
Тарихтың құрышатын болды кезі
[Тәуекел, не де болса тайынбайын]
Өткізсін сынның сөзін елегінен,
Мен дағы бұл бәйгеден қала алмаймын.